Ауыл аштан өлмейді
Ауыл аштан өлмейді
283
оқылды
Ия, ауыл аштан өлмейді. Аштан өліп жатқан бір адамды көрмейді. Аштан өлейін деп жатса, бедеу тауығын соя салады, орнына бір тоқтысын қоя салады. Сары май жалайды, қойдың құйрығына қолын сілтей қарайды. Еліміздеегі ауыл біткен «семіріп» кеткен ғой. Алыстан қарасаңыз, тауларының өзі быттыйып, жайыла түскен, етегі қоңды, тастары «семіз»... Алыстан қарасаң, ауыл біткеннің бәрі майланып кеткен, осыны көрмейтіндердің көздері лайланып кеткен. Үйлер семіріп, ісініп, сарайлары сәнденіп, талдары әлденіп, жолдары тоқшылықтан кекірік атып жатқандай ма? – Ет жейсің бе? – деп сұрады көр­шісінен көршісі. – Көке, рахмет, тойып кеттім. –Тағы жесеңші? – Көке, асқазаным бос емес, Қойлы­байдың үйінен қуырдақ жеп шықтым. – Бір қазан етті итке тастаймын ба, енді? – Балаларыңыз жейді. – Олардың тойғандары соншалық, әжетханада кезек күтіп тұр. Же деймін! – Ой, көке... – Жемесең, мына сүйекпен басыңды жарамын! Көршісі қорыққанынан тоқпан жілікті мүжіп, сорпа ішіп, көршісінің үйінен еңбектеп шықты. Көшеге қараса, бірнеше кісі еңбектеп барады екен. Қатты тойып кеткендіктен, жүре алмай қалған ғой. Қайран, тоқшылық десеңізші! Не деген тоқшылық! Ауыл десе, ауыл ғой! Ағайындар бірінде жоқ болса, бірін үйлеріне шақырып, сүйектермен атысып ойнайды. Ет асып, жемесіңе қоймайды. Көшеде кетіп бара жатсаң, қуалап жүріп, тірідей ұстап алады да, аузыңа бір шөкім етті тыға салады. Үйіңе жеткенше, жал­маң­дап, шайнап барасың. Түйіліп қалсаң, екінші бір көршің, не танысың айран алып шығады. Қазақ ауылдарының тіршілігі, міне, осындай! Қала тіршілігі құрысын! Аштан аузыңды ашып жатсаң, тіліңді суырып алып, котлет пісіріп жейтіндей... сондай мейірімсіз. Ал, ауыл шіркіін! Олар сүтке шомыла­ды ғой! Бәрінің үйлерінде сүт сауналары бар. Коттедждерде тұрады. Бірінші қабатта сиырлары, екінші қабатта өздері тұрады. Қойлары да қоңды, шалқаларынан жата кетіп, темекі шегіп жатқандары. Ауыл иттерін айтсаңшы! Үрмейді. Семіз­діктен мастанып кеткен, жәй, күледі де қояды. – Ауыл жағдайына жымиып қарайтын үкіметтен айналайын! – Ауылға аузын аша қарап, тамсана қарайтын мәжіліс депутаттарынан айналайын! – деп отырады қариялар. – Қайда барасың? – деп сұрайды әйелінен күйеуі. – Ауылға. – Е, ауылда не бар? Төркінің битін сығып, қанын жалап отыр емес пе? – Бірге жалайық деп. –Үйде отыр. Он жыл бұрын барып келдің ғой, жетеді. – Ауылдағылар семіріп кеткен дейді. Бәрі бақуаттанып кетіпті. Үйге ет алып келейін. – Кім айтты? – Мәжіліс депутаты. – Мәжіліс депутатында басың қалсын, отыр үйде! Шынында, мәжіліс депутаты Ләззат Рамазанова «Әйелдер кәсіпкерлігі: жаңа мүмкіндіктер мен проблемалар» бри­фингін­де ауылдардан жағдайы төмен отбасы табу қиын екенін айта салды. Айта салды дейтініміз, әңгімесіне қарағанда, бірнеше ауылға барып, тұрмыс тір­шілігімен танысып қайтыпты. Шамасы, ертіп жүрген әкім-қаралар бақуатты отбасыларға ғана ертіп апарса керек. Рас, ауылдарда да, ат төбеліндей, бай-манаптар бар, бірақ ауыл біткеннің бәрі кекірік атып отырған жоқ қой. Баяғы­ларша айтсақ, биттерін сығып, қанын жалап... «Ауылдағы ағайынның бәрі дос, ағайын, проблемасы бар отбасыға жұмыла көмектеседі» дейді депутат. Сол ағайындардың өзі нанға зар болып отыр емес пе? Ләззат ханым, біздің ауылға келіп кетіңізші, сылдыр су сорпа ішіп қайта­сыз... Мұхтар Шерім