Алматыда бір адамның атына 11 көлікті заңсыз рәсімдеген. Алматы облысы бойынша мамандандырылған ХҚКО алматылық Жандос Жанғозинге 11 автокөлікті заңсыз рәсімдеу дерегі бойынша қызметтік тексеріс жүргізіп жатыр, – деп жазады Tengrinews.kz.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы өкілінің айтуынша, бұған дейін «Қарасай» ХҚКО-сына Жанғозиннің атынан біреу жүгінген.Оның ішінде 10 көлік 2019 жылы рәсімделген:
- екі КамАЗ – 10 сәуір;
- қара түсті Toyota Land Cruiser – 5 маусым;
- сұр және көк түсті Toyota Land Cruiser – 18 маусым;
- ақ түсті Lexus RX200Т – 21 маусым;
- ақ және сұр түсті Toyota Camry – 28 маусым;
- ақ түсті Toyota Land Cruiser – 11 қазан;
- ақ түсті Skoda Octavia – 16 қараша.
- Одан бөлек, қара түсті Toyota Land Cruiser 2020 жылы 3 ақпанда Жандос Жанғозиннің атына тіркелген.
«Бұл азаматтың атынан «Қарасай» ХҚКО-сына сенімхат бойынша жүгіну дерегін растаймыз. Қазіргі уақытта бұл іске қатысы бар тұлғаларды анықтадық. Қызметтік тексеруден кейін істі құқық қорғау органдарына жібереміз», – деді ол.Сондай-ақ алдағы уақытта мұндай қателіктерді болдырмау үшін полицияға жан-жақты көмек көрсетілетінін де айтты. Болашақта клиентті дәл сәйкестендіру үшін биометрия жүйесін енгізу қарастырылмақ.
Бұған дейін Алматы қаласының 22 жастағы тұрғыны Жандос Жанғозин атына 11 көлік тіркелгенін айтып шағымданған. Көліктер Жандос Жанғозиннің атынан шығарылды. Бірақ тұрғынның жарты миллион теңге салық қарызы бар. Cол үшін оның банктік есепшоттары бұғатталып, Қазақстаннан шығуына тыйым салынған.