Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде "Жыр арқауы - Тәуелсіздік" тақырыбында ақындар айтысы өтті. Сөз маржанын терген жыр додасы ел Тәуелсіздігінің мерейтойы, Тұңғыш Президент күні мен қоғам қайраткері Ө.Жәнібековтің 90 жылдығына арналды. Айтысқа Шымкент қаласынан 6 ақын және еліміздің өзге өңірлерінен 6 айтыскер қатысты. Сахнада нұрсұлтандық Дәурен Ысқақ шымкенттік бала ақын Аллажар Сапарханмен, қара шаңырақ оқу ордасының түлегі, әрі ақындар үйірмесінің жетекшісі Нұрғали Әнәпия шығыстың дүлдүлі Айшолпан Тілеутаймен, шымкенттік Мейіржан Жарылқап түркістандық Нұрдәулет Өмірбековпен, шымкенттік Аян Ниязбек елордалық Мұхит Бабақұлмен, жерлесіміз Жандос Мырзабеков Алматы қаласынан келген Айым Асылбекқызымен, Абылай Құлтай ақтөбелік Нартай Тілеуқұлмен сөз сайыстырды. Айтысқа Батырбек Өтеп атындағы «Өнер» мектебінің директоры, ақын Маржан Есжанова, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің қызметкері, ақын Кәрима Оралова, «Ақпарат саласының үздігі» Қажымұқан Абзалов, Қазақстан және Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Бөрібай Оразымбетов, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Нариман Нұрпейісов қазылық етті. Жыр додасын айтыскер ақын Біржан Байтуов жүргізіп отырды. Жұртты желпінтіп, тыңдарманға түйдек-түйдек сөз маржанын тарту еткен айтыс қорытындысында Аллажар Сапархан, Нартай Тілеуқұл, Мұхит Бабақұл, Абылай Құлтай, Жандос Мырзабек, Нұрдәулет Өмірбек, Мейіржан Жарылқап, Дәурен Ысқақ айтыстың ынталандыру сыйлығына ие болды. Ал, Аллажар Сапархан қазылар алқасының төрайымы Маржан Есжанова тағайындаған арнайы жүлде мен 5О мың теңгені олжалады. Үздіктер сапынан көрінген Айшолпан Төлеутай айтыстың 3-орынын еншілесе, 2-орынды Аян Ниязбекке, ал бірінші орынды алматылық ару Айым Асылбекқызына бұйырды. Бас жүлде үшін тігілген бір миллион теңгені Нұрғали Әнапия жеңіп алды.
Н. НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы.