Павлодар облысында әйелін өртеп жіберген ер адам 8 жылға сотталды
Павлодар облысында әйелін өртеп жіберген ер адам 8 жылға сотталды
© azattyq-ruhy.kz
151
оқылды
8 тамызда Розовка ауылында болған жанжал кезінде әйелінің үстіне спирттік ішімдік құйып, өртеп жіберген ер адамға қатысты Павлодар облыстық соты үкім шығарды. Сот шешімімен ер адам сегіз жылға бас бостандығынан айыру жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Үкім заңды күшіне енген жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полицейлердің айтуынша, қайғылы жағдайға отбасындағы жанжал себепші болған. Ішімдік ішіп алып, рөлге отырмақ болған күйеуін әйелі тоқтатқан. Жанжал кезінде ер адам тоңазытқыштан алкогольді ішімдікті алып, әйелінің үстіне құйып, оттықты тұтатып жіберген. 17 тамызда жәбірленушінің №1 қалалық аурухананың жансақтау бөлімінде қайтыс болғаны белгілі болды. Біріншіден, қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 107-бабы бойынша тергеліп, жәбірленуші қайтыс болғаннан кейін Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-бөлігімен қайта дәрежеленіп, шешім шықты. Сотта күйеу баласын қорғап, өртеніп кеткен әйелдің анасы сөйледі. Ол әлеуметтік желі қолданушыларынан жағымсыз нәрселер жазбауды сұрады.
«Күйеу баламды қудалап, отбасымызға қатысты түрлі жазба жазуларыңызды доғаруды сұраймын. Біз күйеу баламыздың жазасын өтеп, тезірек бостандыққа шығуын қалаймыз, өйткені оның үш қызы бар, олар кішкентай. Ол жақсы адам», – деді марқұмның анасы.