⠀Маңғыстау облысының дамуы мен халық санының қарқынды өсуіне орай өңірде суға деген сұраныс артып келеді. Бүгінде облыс 150 мың текше метр су тұтынады. Жаз мезгілінде 51 мың текше метр су тапшылығы байқалады. 2025 жылға қарай суға деген қажеттілік 250-260 мың текше метрге жетеді деген болжам бар. Президент Қ.Тоқаевтың халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау аясында облыста 2025 жылға дейін жалпы қуаты 286 мың текше метр суды тұшытатын 9 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Биыл Қаражанбас кен орнында қуаты тәулігіне 17 мың текше метр су тұшытатын зауыт іске қосылады. Инвестициялық жобаның құны 21,4 млрд теңге. Зауыт пайдалануға берілгеннен кейін «Астрахань–Маңғыстау» су құбыры арқылы келетін 10 мың текше метр су Жаңаөзен қаласына, Бейнеу және Жетібай ауылдарына жіберіледі. Сондай-ақ «Каспий» су тұшыту зауытының қуатын 20 мыңнан 40 мың текше метрге дейін жеткізудің екінші кезеңі басталды. Бұл жұмыстар 2022 жылы аяқталады. Жергілікті атқарушы билік аталған зауыт өндіретін су көлемін тәулігіне 100 мың текше метрге дейін жеткізуді көздеп отыр. Қазір үшінші кезеңін жүзеге асыру үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Ал Жаңаөзен қаласын толықтай сумен қамтамасыз ету үшін Кендірлі аймағында тәулігіне 50 мың текше метр су тұшыту зауыты салынып жатыр. «ҚазМұнайГаз» компаниясы жүзеге асырып жатқан жобаны 2024 жылы іске қосу жоспарланған. «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» компаниясы аумағында тәулігіне 24 мың текше метр су тұшытатын қондырғы салынбақ. Ал Форт-Шевченко қаласында қуаты тәулігіне 5 мың текше метр су, Ақшұқыр ауылы мен Сайын Шапағатов ауылдық округінде қуаты тәулігіне 10 мың текше метр су болатын қондырғы салынады. Бейнеу ауданының Боранқұл ауылында тәулігіне 80 мың текше метр су өндіретін зауыт салынбақ. Ақтау қаласында қуаты тәулігіне 20 мың текше метр теңіз суын тұшытатын зауыттың құрылысы басталды. –Мемлекет басшысы Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша өткен кеңесте өңірдегі ауызсу тапшылығын шешу үшін нақты тапсырмаларды жүктеген болатын. Біз белсенді жұмысты бастадық, инвесторлармен келіссөздер жүргізіп, басқа елдердің тәжірибесін зерделеудеміз. Бүгінде Маңғыстау облысында ауызсу тапшылығы мәселесін шешу біздің басты міндетіміз, – деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев. Сонымен қатар Президент 2022 жылға дейін 12 ауылды орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуді тапсырды. Биыл орталықтандырылған сумен Бекі және Басқұдық ауылдары қамтылады. Нәтижесінде, елді мекендерді орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету 96 пайызға дейін жетеді. Қалған 10 ауылды ауызсумен қамтуды 2022 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. ⠀
Мәдина Жәлелқызы, Маңғыстау облысы