Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Креативті кеңістіктегі жастардың шығармашылық бірлестіктері: стратегиялар, білім беру ортасы, іске асыру тетіктері» халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Онлайн және офлайн форматтарында өткен іс-шараның мәжілісаралық пленарына ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, ҚР Парламенті Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі Комитетінің мүшесі Елнұр Бейсенбаев, Алматы қаласы креативті индустрия Басқармасының басшысы Қайсар Сарыбаев, British Council Орталық Азия бойынша өнер және креативті экономика жөніндегі жобалардың жетекшісі Галина Корецкая, Creative Bureau-дің құрылтайшысы Кристина Бекмурзаева, философия докторы (PhD), Нұрсұлтан Назарбаев Қорының ғылым жөніндегі кеңесінің мүшесі, әлеуметтік кәсіпкер Сабина Акжарова және ғалымдар, магистранттар мен студенттер қатысты.
Конференцияда алғы сөзді Т.Қ. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА ректорының у.м.а. Шәріпбек Ағабайұлы алып, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың құттықтау хатын оқыды. «Елбасы Н. Ә. Назарбаев Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде қазақстандықтар үшін басты бағдар болатын және мемлекет ретінде басты маңызы бар «
Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттары жинағында «Қазақ елінің қалыптасуының маңызды құралы: елдегі дарынды, шығармашыл, жігерлі және мақсатты жастар. Әсіресе, белсенді, табысты жастардың ірі компанияларда еңбек етіп, әлемдік деңгейдегі ғылыми жаңалықтар ашып, өмірдің әр саласында кәсіби танылып жатқанын көру қуантады» деген еді. Бұл халықаралық конференция креативті индустрия саласындағы алдағы табысты қызмет үшін маңызды бағдар болады деп есептеймін», делінген құттықтау хатта.
Келесі сөз кезегі онлайн байланысқа шыққан ҚР Парламенті Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі Комитетінің мүшесі Елнұр Сабыржанұлына берілді. «Креативті индустрия – әлемдік экономиканың ең дамушы кластерінің бірі деп есептеймін. Бүгінгі таңда өнер әлемі креативті экономикадағы интеграциялық үлестердің соңғы технологиялары мен медиа бойынша қарқынды дамып келеді. Ал оның басты жеңісі – шекараның болмауында. Яғни сыртқы нарыққа шығу жолдарының жеңілдігінде. Индустрияда жұмыспен қамтылғандардың саны үнемі өсіп, сәулет, өнер, дизайн, сән, кино, телевидение салалары бойынша креативті индустрияның маңызды құрамдас бөлігі екені сөзсіз. Бүгінгі ғылыми ордада тікелей осы саланың драйвері болатын жастармен жұмыс істеу арқылы біз ең бірінші осы креативті экономика дегеніміз не және ол нені қамтиды дегенді анықтауымыз қажет деп есептеймін. Креативті индустрия қабырға не темір емес, ол шығармашылықпен айналысу мүмкіндігі деп түсінемін. Осы жерде жоғарғы оқу орындарының үлестері аса маңызды», – деді өз сөзінде.
Алматы қаласы креативті индустрия Басқармасының басшысы Қайсар Талғатұлы осы сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
«Креативті экономиканы дамыту әрбір мегаполис стратегиясының міндетті шарты. Сол үлкен мегаполистің бірі – Алматыда біз шығармашылық сектордың барлық өкілдерімен белсенді диалог құрып жатырмыз. Бізде креативті индустриялар кеңесі ұйымдастырылған. Оған өнердің жетекші өкілдері – музыканттар, продюсерлер, режиссерлер және басқа да шығармашылық адамдары кіреді. Креативті индустриялар басқармасы қаржылық, шығармашылық қолдау шараларын енгізді. Сондай-ақ 7 желтоқсанда біз жұмыспен қамту жәрмеңкесін өткіземіз. Яғни, осы салада жұмыспен қамтылмағандар көп екенін ескере отыра, біз бизнес секторының, өзіміздің жұмыспен қамту орталығымыздың күш-жігерін біріктірдік. Алдағы уақытта өзінің талантын көрсету арқылы кез келгені жұмыспен қамтыла алады», - деді.
Шара қатысушы кәсіпкерлер мен шығармашыл мамандардың креативті индустрияның даму тенденциялары мен бағыттарын талдай отырып, экономика үшін маңызды ұсыныстар айтылған баяндамалармен жалғасты.