Көппартиялық жүйенің қазақстандық моделі қалыптасты – Бауыржан Байбек
Көппартиялық жүйенің қазақстандық моделі қалыптасты – Бауыржан Байбек
©Nur Otan баспасөз қызметі

Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек еліміздің партиялық-саяси жүйесінің Тәуелсіздік жылдарында қалыптасуын негізгі 3 кезеңге бөлуге болатынын айтты. Бірінші онжылдық – көппартиялықты заңдық тұрғыда бекіту, партиялардың институттану кезеңі. Екінші онжылдық – партияның сапалы нығаю, мажоритарлықтан пропорционалды сайлау жүйесіне біртіндеп көшу кезеңі. Үшінші онжылдық – үстем саяси күші бар көппартиялық жүйенің қазақстандық моделінің қалыптасуы.

– Осыдан 10 жылдай бұрын Елбасы көппартиялық жүйенің әрі қарайғы ұзақ мерзімді дамуына негіз қалаған «Қазақстан-2050» Стратегиясын, ал 2015 жылы – Бес институционалдық реформаны ұсынды. Конституциялық реформаның нәтижесінде Парламенттің рөлі күшейіп, Үкіметтің жауапкершілігі артты. Парламенттік партиялар атқарушы билікке ықпал етудің қосымша тетіктеріне ие болды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше елдердің 60%-тен астамының тәжірибесі бойынша пропорционалды сайлау жүйесіне көшу толық жүзеге асырылды. Бұл партиялардың ел өміріндегі рөлі мен маңызын институционалды тұрғыда нығайтты, – деп мәлімдеді ол. Бауыржан Байбек атап өткендей, 2019 жылдан бастап партиялық-саяси жүйенің дамуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүзеге асырып жатқан сабақтастық саясаты аясында жалғасуда. Бауыржан Байбек - форум – Президенттік сайлауда айқын жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауында: «Біз саяси реформаларды «асығыстыққа салынбай», керісінше, кезең-кезеңімен, табанды түрде және жан-жақты ойластырып жүзеге асыратын боламыз. Еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін емес. Бұл – біздің ұстанатын басты қағидатымыз» деді. Сол сәттен бастап елімізде саяси реформалардың бірнеше пакеті жүзеге асырылды. Партиялар үшін тіркеу кедергісі мен Мәжіліске өтуге арналған кедергі заңнамалық тұрғыда азайтылды, сайлауалды тізімдерде әйелдер мен жастар үшін квота белгіленді, парламенттік оппозиция институты бекітілді, митингілер өткізудің хабардар ету қағидаты, сондай-ақ ауыл әкімдерін тікелей сайлау институты енгізілді, – деді билеуші партия Төрағасының Бірінші орынбасары. Оның айтуынша, 2019 жылдың тамыз айында Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған партияны жүйелі «қайта жандандыру» Nur Otan-ға жыл басында Мәжіліс пен мәслихат сайлауында тиісінше 72% және 82% жинап, айқын жеңіске жетуге мүмкіндік берді. Саяси тәжірибеде алғаш рет праймериз өткізіліп, халықтың сұранысы негізінде әр облыс, қала және аудан үшін 216 сайлауалды бағдарлама жасалды. Тұтастай алғанда, партиялық тізімдер бойынша сайлауға жүйелі түрде көшу партиялардың сайлауалды уәделеріне жауапкершіліктерін арттыра отырып, олардың барлық деңгейде институционалдық нығаюына жағдай жасады. – Биыл алғаш рет өткізілген ауыл әкімдерінің тікелей сайлауында Nur Otan округтердің 80%-тен астамында жеңіске жетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей сайлаулар халықтың 40%-тен астамын құрайтын ауыл тұрғындарының мүддесін қозғайтын саяси реформалардың дәйекті бөлігі болғанын атап өтті. Нәтижесінде, бүгінде Қазақстанның Мәжілісте – 3, жергілікті өкілді органдар – мәслихаттарда – 5, ауылдық әкімдер деңгейінде – 6 саяси партиясы өкілдік етуде. Осылайша, аталған жылдар аралығында қалыптасқан Nur Otan партиясы үстемдік ететін көппартиялық жүйе Тәуелсіздіктің маңызды жетістігі деп нық айтуға болады, – деді Бауыржан Байбек. https://youtu.be/AN7sYetuzIc