Президенттік партия жат ұғым емес – Ермұхамет Ертісбаев, қоғам қайраткері
Президенттік партия жат ұғым емес – Ермұхамет Ертісбаев, қоғам қайраткері
239
оқылды

Nur Otan партиясының Қоғамдық саясат институты ұйымдастырған «Қазақстанның партиялық-саяси жүйесінің эволюциясы: сын-қатерлер, жетістіктер мен келешегі» атты халықаралық форумында қоғам қайраткері Ермұхамет Ертісбаев Қазақстандағы партиялардың қалыптасу тарихына тоқталды.

 «Мен өзімнің жеке саяси тәжірибеме сүйеніп, Қазақстандағы партиялық-саяси жүйенің қалыптасу эволюциясына тоқталғым келді. Елдің қоғамдық саяси өміріндегі өзгерістер 1986 жылдың сәуірінде Горбачевтің қайта құруынан басталды. Кеңес Одағы кезіндегі бір партия, бір идеология, меншікті басқарудың ортақ формасы болды да, халық саяси жүйенің не екенін түсінбей кетті. Есесіне саяси тұрғыдан Тәуелсіздіктің 30 жылдығында ауқымды өзгерістер орын алды. Бейнелеп айтқанда біз бір қоғамдық-экономикалық формациядан келесісіне өтіп жаттық. Сәйкесінше партиялық-саяси жүйеде де ауқымды өзгерістер алды. Әлі есімде 1991 жылғы тамыз бүлігі кезінде Нұрсұлтан Назарбаев Кеңес одағының коммунистік партиясының мүшелігінен шықты. Бірақ ол 1991 жылдың 6 қыркүйегінде болған Қазақстан Компартиясының соңғы съезіне қатысты. Күні бойы съезд жұмысына қатысқан ол, партия атауын Қазақстанның халық бірлігі партиясы деп атағысы келді. Жалпы, Назарбаев Президент болып сайланғанға дейін бірінші кезекте партиялық-шаруашылық белсенділермен, ұлттың кіл қаймағымен, барлық елдің менеджментімен жұмыс істеді. Сондықтан ол партиялардың жұмысымен жақсы таныс болды. Кеңес Одағы тараған соң Қазақстанда партиялар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. «Азат» қозғалысы республикалық партияға айналды. Танымал ақын Олжас Сүлейменов Қазақстанның Халық конгресі партиясын құрды. Бізде, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің басын біріктірген аграрлық партия болды. Ал, ірі өндіріс ошақтары мен кәсіпорындарының жұмысшылары азаматтық партияға күш біріктіріп жатты. Негізінен, 1999-2007 жылдар аралығында, мен саяси демократияның, бәсекелес партиялар арасындағы күрестің шарықтау шегі болды деп ойлаймын. 1999 жылдың қазанында Қазақстан тарихында алғаш рет парламенттік сайлау өтті.  Бұл сайлауда «Отан» партиясы сайлаушылардың 40 пайызының даусын алды. Ал Аграрлық, Азаматтық және Коммунистік партиялар 20 пайыздық көрсеткішке қол жеткізді. Осындағы Коммунистік партияға жетекшілік еткен Серікболсын Әбділдин 1999 жылдың қаңтарындағы сайлауда Назарбаевқа лайықты қарсылас бола алды. 2004 жылы «Ақ жол» партиясының құрылуымен жағдай тіптен ушығып кетті. Сондай-ақ Дариға Назарбаеваның ұйымдастырушылық қабілеті «Асар» партиясын құрумен сыналды. Ол қысқа ғана уақыт ішінде бәсекеге қабілетті мықты партия құра алды. 2004 жылғы сайлауда бұл партия сайлаушылардың 7 пайызының дауысын еншілеп, үздік ондыққа кірді. Ширек ғасыр бойы Нұрсұлтан Назарбаев саясаттан бұрын экономикаға басымдық беру туралы айтып, Парламент пен Үкіметтің бірлесе жұмыс істеуіне баса мән берді. Елдегі саяси реформалардың  заңнамалық тұрғыдан кеңірек ақпараттандырылуын қалады. Осылайша 2007 жылы бірлескен съезд шақырылып, Азаматтық, Аграрлық және Асар партиясының Отан партиясымен күш біріктіруімен мықты президенттік партия «Нұр Отан» құрылды. Расында бұл партия осы уақыт аралығында елдегі ішкі саяси тұрақтылықтың негізі бола алды. Тәуелсіздік алған 30 жылдан бері Қазақстан үшін тұрақтылық ең басты ұғым болып келеді. Елдегі тұрақтылық реформаларды сәтті жүзеге асыруға мүмкіндік беріп, үлкен көлемдегі шетелдік инвестиция тартудың кепіліне айналды. Назарбаевтың өзі бір кездері «Қазақстандағы ішкі саяси тұрақтылық сақталып, реформалар жалғасын табуы үшін алдағы жарты ғасырда партиялық-саяси алаңда «Нұр Отанның» басымдығын қамтамасыз ету маңызды» екенін айтты. Мұнда заңға қайшы нәрсе жоқ. Бұл тұрғыда Оңтүстік Кореяны, Жапонияның тәжірибесінен мысал келтіруге болады. Мәселен, Жапонияда партиялық-саяси алаңда либералды-демократиялық партия үстемдік етті. 1991 жылы социалистік партияны Елбасының қолынан алып, аталған партияға төрағалық еткен азамат ретінде Нұрсұлтан Әбішұлының партиялық-саяси плюрализм мәдениетін енгізуді және пікір алуандығымен, партиялық бәсекені қолдайтынын айта аламын. Бірақ оның мықты президенттік партияға ие болу туралы идеясын 1991 жылдың 6 қыркүйегіндегі съезде байқадым. Сол жолы үстел басында қатар отырғанымда, ол өзі үшін өмір бойы саяси партияға иек артып келген жүйенің үйреншікті соқпақтан айнуы өте қиын екенін айтты. Және де менің ойымша ол посткеңестік елдердің көшбасшылардың арасында саяси партия мен идеологияның рөлін түсінген бірден-бір Президент болды», – деді Ермұхамет Ертісбаев. Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың 29-30 қарашасында Нұр-Сұлтанда Nur Otan партиясының Қоғамдық саясат институты ұйымдастырған «Қазақстанның партиялық-саяси жүйесінің эволюциясы: сын-қатерлер, жетістіктер мен келешегі» атты халықаралық форумы өтті. Іс-шараға 600-ден астам шетелдік және отандық сарапшылар, саяси партиялардың, халықаралық ұйымдардың және 15 елдің, оның ішінде Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропа, Түркия, Әзербайжан және Орталық Азия дипломатиялық корпусының өкілдері сайлау жүйелерін дамытудың өзекті мәселелерін, заманауи электоралдық трендтерді, дәстүрлі және балама идеологиялардың келешегін талқылау үшін панельдік сессияларға қатысты.