Президентті ұлықтау – ел тізгінін қолына алған басшының қызметке кірісуіне арналған салтанатты шара. Осыдан дәл 30 жыл бұрын Президент сайлауынан 10 күн өткен соң қазақстандықтар Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлықтау шарасының куәсі болды. Алғашында Президентті ұлықтаудағы әлемдік тәжірибе мен ұлттық салт-дәстүр ескеріліп, ұйымдастырылған шараның бүгінде заңнамалық негізі жасалып, арнайы хаттамасы түзілді.
Ұлықтау рәсіміндегі ұлттық реңк
Азаттықтың ақ таңы атып, егемендігі алты құрлыққа мәлім болар тұстағы Қазақстан тарихының жаңа парағы тұңғыш Президентін сайлаудан басталғаны белгілі. Сайлаудан кейін іле-шала тарихымызда тұңғыш рет Президентті ұлықтау рәсімі өтті.– Шыны керек, Президент сайлауынан соң Нұрсұлтан Әбішұлы ұлықтау шарасын ұйымдастыру туралы айтқанда абдырап қалдым. Президент жауапкершілігі аса зор рәсімнің ұйымдастыру комиссиясына жетекшілік етуді маған жүктеді. Ал бізде мұндай шараны ұйымдастыруда тәжірибе болмады. Дайындықты Президентті ұлықтау рәсіміндегі әлемдік тәжірибені, тарихи негізді зерттеуден бастадық. Ара-арасында облыс әкімдеріне хабарласып, олардың да ой-пікіріне құлақ салдым. Сонда Жамбыл облысының сол кездегі әкімі Өмірбек Байгелдінің ұлықтау рәсіміне ұлттық реңк беру туралы айтқан ұсыныстары ойымнан шықты. Қазақтың «хан көтеру» дәстүрінде орындалатын амалдарды заманға сай етуге тура келді. Президентті ақ киізге отырғызып көтеруді шараға қатысып отырған шетелдіктердің қалай қабылдары белгілі ғой. Ұлықтау рәсімінде Президентке Семей өңірінен көнекөз қария Шәкір Әбенов арнайы келіп, бата берді. Арада өткен 30 жылда Шәкір ақсақалдың сол жиында төгілтіп берген батасының қабыл болғанының куәсі болып келемін, – дейді Мырзатай Жолдасбеков.Ең алғашқы ұлықтау рәсімінде ұлттық ерекшелігімізді танытып, Тұңғыш Президенттің табанына төселген ақ киіздің де өз тарихы бар. Бұл жайында сол шараны ұйымдастырудың басы-қасында жүрген Мырзатай Жолдасбеков сөзін былай жалғады.
– Президенттің ұлықтау рәсіміне арналған ақ киізге арнайы конкурс жарияланды. Оған республиканың түкпір-түкпірінен шеберлер өздері басқан киіздерді жіберіп жатты. Соның ішінде Жамбыл облысының шеберлері басқан ақ киіз комиссия мүшелерінің көңілінен шықты. Ал ұлықтау рәсімінен соң Президентке жабылған шапанды маңғыстаулық ерлі-зайыпты шеберлер тікті, – дейді Мырзатай Жолдасбеков.Ақ киізбен бірге ұлықтаудан соң құрбандыққа шалынған ақсарбас та, Елбасының нағашы жұрты саналатын Қордай өңірінен жеткізілгенін біреу білсе, біреу білмес. Кейінірек жергілікті басылымдардың біріне берген сұхбатында Жамбыл облысы Қордай ауданының сол кездегі әкімі Құрманғали Уәли сол шақтарды былай еске алады.
– Облыс әкімі Өмірбек Байгелдінің тапсырмасын алған соң ел аралап жүріп, ақ түсті қойдың жабағы жүнін таңдап алдық. Киізді басу үшін Қырғыз Республикасының Тоқмақ қаласындағы киіз басатын өндіріс орнының шебері Зинаида Ергешқызын Қордай ауданына арнайы алдырдық. Зинаида шебер бар өнерін салып, ұзындығы 4 метр ені 3 метр болатын, жан-жағы алтын шашақпен көмкерілген ақ киіз басып берді. Ақ киіз басылып болған соң шаруашылықтарды аралап, тұмсығы мен басы сары ақ қойды да ел ішінен тауып, оны да ұлықтау рәсімінен соң құрбандыққа шалдық. Оның етін көпшілік сол жерде-ақ бөлісіп, ырымдап алып кетті, – деді Қ.Уәлиұлы.Осылайша, қазақ даласында араға 150 жыл (қазақтың соңғы ханы Кенесарыны 1841 жылдың күзінде хан көтерді) үзіліс салып, ақ киізге көтерген тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті өзінің тарихи миссиясын абыроймен атқаруға кірісті. Ең алғашқы ұлықтау рәсімінен кейін Тұңғыш Президент 4 рет Қазақстан халқына қалтқысыз қызмет етуге ант етті. Мәселен, 1999 жылғы 20 қаңтарда Президентті ұлықтау рәсімі өтті. Бұл жолы Нұрсұлтан Әбішұлы Президент кеңсесінен салтанатты шара өткен Конгресс-холға дейін жаяу жүріп барды. Сондай-ақ дәл осы сәттен бастап Президент ұлықтауына алтын коллар мен арнайы орден тағып шығатын болды. 2006 жылдың 11 қаңтарында Ақордада өткен рәсімнің басты ерекшелігі оған 70-тен астам елдің делегаттарымен бірге алыс-жақын шетелдің 10-ға жуық Президентінің қатысуы болды. Әрі осы ұлықтау рәсімінде Қазақстан Республикасының жаңа Әнұраны шырқалды. Одан кейін Тұңғыш Президенттің қатысуымен ұлықтау рәсімі 2011 жылғы 3 сәуірде және 2015 жылғы 29 сәуірде ұйымдастырылды. 2019 жылғы 19 наурызда Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің президенттік өкілеттілігін тоқтататыны туралы хабарлады. Ал 20 наурыз күні Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ант қабылдады. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы сол жылдың 12 маусымында Тәуелсіздік сарайында ұлықтау рәсімі салтанатты жағдайда Президент қызметіне кірісті. Қазақстан Президенті 2019 жылдың 9 маусымында кезектен тыс өткен президент сайлауы кезінде сайлаушылардың 70,96 пайызының дауысына ие болған еді.
Құқықтық негізі бар рәсім
Жалпы, елімізде Президентті ұлықтау рәсімінің қағидаттары Конституцияның, «Қазақстан Республикасы Президенті туралы» және «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік протоколын бекіту туралы» заңдарының жекелеген баптарында қарастырылған. Мәселен, «Қазақстан Республикасы Президенті туралы» заңының 3-бабында Президенттің халыққа ант берген сәттен бастап қызметiне кiрiсетіні айтылған. Мемлекеттік протоколға сай ұлықтау рәсіміне Президент келгенге дейін объектілерді қорғау қызметі әскери қызметшілерінің парадтық есептоптары марш әуенімен залға Мемлекеттік Туды, Президенттің байрағын және Конституцияны әкеледі. Одан соң Конституциялық Кеңестің Төрағасы Конституцияға сай Президенттің халыққа ант берген сәтінен бастап қызметіне кірісетінін хабарлайды. Заңға сай, Президент антты Конституцияға қолын қойып, мемлекеттiк тiлде айтады. Ант берiлгеннен кейiн Президент әуелі Мемлекеттік Туға келіп, оның матасының шетінен сүйеді. Бұдан соң мемлекеттiк әнұран орындалады. Келесі сәтте Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Президентке қызметтік куәлiгiн, омырауға тағатын белгiсiн, байрағын және «Алтын қыран» орденiн тапсырады. Негізінен, Президентті ұлықтау рәсімі қаңтардың екінші сәрсенбісінде өткізілуі керек. Ал Президент кезектен тыс сайлауда сайланған жағдайда немесе Конституцияның 48-бабында көзделген жағдайда Президент өкілеттігін қабылдағанда, ант беру Президентінің өкілеттігін қабылдаған күннен бастап бір ай ішінде өткізіледі. Бұл жағдайларда ант беру күнін Республиканың Орталық сайлау комиссиясы белгілейтіні де заңда тайға таңба басылғандай етіп көрсетілген. Негізінен, ұлықтау рәсіміне Парламент депутаттары, Конституциялық Кеңес мүшелері, Жоғарғы Сот судьялары, республиканың барлық бұрынғы президенттері қатысады. Ұлықтау рәсімінің барысында Президент сөз сөйлейді. Оны аяқтаған соң Қорғаныс министрінің баянатын қабылдайды. Президент Қарулы Күштері әскерлерінің түрлері мен тектерінің парадтық есептоптарына ықылас білдіреді. Қызметіне кіріскен Президенттің алдынан Қарулы Күштер әскерлерінің түрлері мен тектерінің парадтық есептоптары салтанатты маршпен құрмет көрсетіп өтеді.Әр елдің салты басқа
Жалпы, әлемнің өзге елдерінде де ұлықтау рәсімі бірізді хаттамалық жүйемен өтеді. Мәселен, Ресей Федерациясындағы Президенттің ант беру рәсімі біздікіне ұқсас. Тек оны бір ғана жерде, Кремль сарайында өткізу дәстүрі қалыптасқан. Билікке Путин келгенге дейін Президентті ұлықтау Кремльдің басқа залдарында өткізілетін. Ал 2000 жылдан бастап бұл рәсім Үлкен Кремль сарайының Андреевский сарайында өткізіліп келеді. АҚШ-тағы ұлықтау рәсіміндегі хаттама елдің ең алғашқы президенті Джордж Вашингтон қалыптастырған дәстүрден айнымай келеді. Содан бергі 268 жыл ішінде ізбасарлары ант беруде Вашингтон жасаған амалды қайталап жүр. Тіпті, 2,5 ғасыр ішінде АҚШ президентінің халыққа беретін антының да бірауыз сөзі өзгермеген. Ал Франциядағы президентті ұлықтау рәсіміндегі хаттамаға сай мемлекет 30 минут басшысыз қалатын көрінеді. Бұл аралықта қызметін тапсырған ескі және әлі ант етпеген жаңа президент жабық есік жағдайында кездесу өткізіп, елдің басшысы «ядролық шабадан» мен құпия құжаттарды қабылдайды. Мексикада президенттің ұлықтау рәсімі дәстүрлі түрде 1 желтоқсанда өтеді. Және оның негізгі бөлігі жаңа басшының ыңғайына қарай өзгеріп отырады. Халыққа берілетін анттың мәтіні ғана өзгеріссіз айтылады. Жаңадан сайланған президенттің көңілі қаласа, ол автокөлікпен Мехиконың орталық көшесін аралап шығады. Енді бірі ескерткіштерге гүл шоқтарын қояды. Тіпті, Мексика басшыл арының ішінде халыққа ант берген соң тұрмысы төмен отбасылар тұратын ауданға ат басын бұрып, әлеуметтік саясатқа басымдық беретінін аңғартқан басшылар да болған. Ал Бразилияда Президент халқына ант беріп, қызметіне кіріскен сәтте міндетті түрде көпшілік алдында жаңа министрлерді қызметке тағайындайды. Бір қызығы, бразилиялықтар жаңа президенттің сайлануын бірнеше күн бойы думандатып атап өтеді. Азия мен Африкадағы бұрын отар болған елдердің дені ұлықтау рәсімін батыс елдерінің тәжірибесіне сүйеніп жүргізеді. Олардың кейбірінде президенттер Конституция орнына Библия, Құран сияқты діни кітаптарға қол қойып ант етуі арқылы ерекшеленеді. Ғасырға жуық Ұлыбританияның отары болған Оңтүстік Африка Республикасында қызметіне жаңадан кіріскен президент өз сөзінде әр жылдары елді басқарған ақ нәсілді басшыларға тіл тигізіп, олардың африкалықтардың өмір сүруіне кедергі жасағанын атап өтуі керек. Қысқасы, ұлықтау рәсімі қандай форматта өтсе де, ол кез келген елде саяси салмағы зор шараның бірі болып қала береді. Бұл шара әуелі президенттің қызметке кірісуінің заңдылығын көрсетеді. Ал олардың халыққа қалтқысыз қызмет етуге ант етуі қашанда болмасын мемлекеттің басты байлығы халық екенін аңғартады. Бастысы, Мемлекет басшысы қызметінің ең алғашқы сәтінде өзін сайлаған халқына берген уәденің үдесінен шығып, антына адалдық таныта алса болғаны.Шынболат КҮЗЕКБАЙ