Еліміз Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық қауіпсіздікті сақтау және нығайту саласындағы, өзара тиімді достық және мемлекетаралық қарым-қатынастарды қалыптастырудағы көпжылдық жетістіктерін дүниежүзі ашық мойындады. Оған дәлел ретінде Қазақстанның серіктес мемлекеттері Нұрсұлтан Назарбаевқа жоғары мемлекеттік марапаттар табыстағанын айтуға болады.
«Күміс зал» кеңейіп келеді
Еске сала кетсек, 2015 жылы Тұңғыш Президент музейінде «Мәртебесі биік марапаттар» атты көрме ашылған болатын. Елбасының дәреже мен жетістіктерінен сыр шертетін көрмеге оның жылдар бойы иеленген жүлделері мен марапаттары қойылған. Атап айтқанда, 200-ден астам сыйлықтың ішінде орден, медаль, естелік төсбелгілер мен өзге де қоғамдық ұйымдар тарапынан берілген сый-сыяпаттар бар. Музей қызметкерлерінің айтуынша, бүгінде Елбасының жеке жүлделері тұратын «күміс залдың» көлемі едәуір ұлғайып келеді. Себебі жыл сайын музей қоры Нұрсұлтан Әбішұлының жаңа жүлдесімен толығып жатыр. Сол 2015 жылдың өзінде 50-ден астам мемлекет басшысының Елбасына жасаған марапаты да көрме төрінен орын алған еді.Ерекшелерін екшесек...
Бұл ретте Елбасының 2008 жылғы Жапонияға сапарында император Акихитомен кездесуінде сол елдің ең үлкен атағы – «Үлкен лентадағы хризантема» орденімен марапатталғанын айрықша атап өтуге болады. Сондай-ақ 2019 жылдың қазанында Нұрсұлтан Назарбаев жапонның жаңа императоры Нарухитоның таққа отыру рәсіміне қатысып, сол сапарында Цукуба университетінің құрметті докторы атағына ие болды. Оған дейін бір апта бұрын ғана Қазақстанның Тұңғыш Президенті Түркі әлемінің жоғары орденімен марапатталған болатын. Ол орден 15 қазанда Бакуде өткен Түркітілдес елдердің ынтымақтастық кеңесінің саммитінде табысталды. Дәл сол жиында Нұрсұлтан Назарбаевқа «Түркітілдес елдер кеңесінің өмір бойғы құрметті төрағасы» атағы да берілді. Осылайша, Елбасы 10 күнге жетпейтін уақытта екі бірдей құрметті атаққа ие болды. Әрине, әлемнің әр түкпірінен алған құрметті профессор, құрметті доктор, құрметті төраға сияқты атақтар Тұңғыш Президентте бұрын да болған. Ал 2019 жылға қайта оралсақ, сол жылдың сәуір айында Си Цзиньпинмен кездесуі барысында Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР-дың шетел азаматтарына арналған жоғары мемлекеттік марапаты – «Достық» орденімен марапатталды. Бұдан бөлек, Ресей мен Қазақстан халықтарының арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан зор үлесі үшін «Әулие апостол Андрей Первозванный» орденімен, Қазақстанның ядролық қарусыздану саласындағы еңбегін мойындай отырып, Ұлыбритания тарапынан Әулие Михаил мен Әулие Георгий орденінің Үлкен Кресімен, мемлекет басшылығындағы шеберлігі мен таланты үшін Ватиканның «Пий» орденімен марапатталғанын атап өткен жөн. Сондай-ақ Ресей тарапынан Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ММУ-дің жоғары қоғамдық марапаты – «Мәскеу университетінің жұлдызы» табысталды. Ал 2020 жылы Исламабад қаласында өткен Конфессияаралық диалог және ұлттық бірлік жөніндегі халықаралық конференцияда «Мемлекетке және қоғамға сіңірген қызметтері үшін» беделді халықаралық марапаты берілді. Ең жоғары құрметтің тағы бірнешеуіне тоқталсақ, Нұрсұлтан Назарбаев Украина мен Қазақстан арасындағы достық пен ынтымақтастықты дамытуға қосқан аса зор үлесі үшін I дәрежелі князь Ярослав Мудрый орденімен (1997 ж.); Австрия Республикасына сіңірген еңбегі үшін «Үлкен құрмет жұлдызы» орденімен (2000 ж.); Бельгия Корольдігінің I Леопольд орденімен (2006 ж.); Словакияның I дәрежелі Қосарлы ақ крест орденімен (2007 ж.); Францияның Құрметті легион орденінің Үлкен Кресімен (2008 ж.); Түркияның І дәрежелі орденімен (2009 ж.) марапатталды.P.S. Алыс-жақын шетелдерде осынша зор құрметке бөленіп жүргеніне қарамастан, 2013 жылы Тәуелсіздік күні қарсаңында Елбасы бірқатар мемлекеттік және қоғам қайраткерлерін мемлекеттік наградалармен, «Отан», «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев», «Барыс», «Парасат», «Құрмет» ордендерімен марапаттап, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын табыстау рәсімінде: «Біздің ең құнды ортақ наградамыз – гүлденген әрі әлемге әйгілі болып, жаңа асуларды еңсере бастаған Қазақстан» деген еді. Міне, бұл – көреген де кемеңгер көшбасшыға тән ұстаным. Ал ондай тұлға қандай мәртебелі марапат иеленсе де, әрқайсысына әбден лайық деп білеміз.
Еркеғали БЕЙСЕН