Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы
Қарулы Күштердің  Жоғарғы Бас қолбасшысы
554
оқылды
Қазақстанның Қарулы Күштері Тәуелсіздіктің 30 жылдық тарихында қайта қалыптасу және даму кезең­дерін бастан өткеріп, бүгінде толық­қан­ды армияға айналып отыр. Оның негізін қалап, қазіргі биігіне көтерген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев болатын. Егемендіктің алғашқы жылдарындағы жағдай ел аумағында орналасқан әскери бөлімдерге дұрыс және қатаң бақылау орнатуды талап еткен. Осы мақсатта 1991 жыл­­дың 21 тамызында еліміздің Қа­уіпсіздік Кеңесі құрылды. Одан соң осы жылы Елбасының 25 қазан­дағы Жарлығымен Қазақ КСР Мемлекеттік қорғаныс комитеті өмірге келді. Комитет төрағасы болып Кеңес Ода­ғы­ның Батыры, генерал-лейтенант (кейін армия генералы, «Халық қаһар­маны») Сағадат Нұрма­ғам­бетов тағайындалды. Көп ұзамай комитет Қазақстан Республикасы­ның Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды.

Тәуелсіздік таңында...

Осынау алмағайып кезеңде 1992 жылдың 17 қаңтарында Кремльдегі Съездер сарайында Бүкілодақтық офицерлер жиыны өткен. Бұл басқосудың мақсаты ыдырау барысында тұрған әскери құры­лым­ның тарихи сабақтасты­ғын сақтап қалуға үндеу болатын. Бұл жиында Елбасы әубастан-ақ берік ұстанған Еуразиялық кеңістік ұстанымын паш етіп, Достастық елдерінің бірлескен күштерін құру идеясын қолдайтынын білдірді. Мұндағы басты мақсат пост­кеңес­тік мемлекеттердің ұжымдық қауіп­сіздігін қамтамасыз ету болатын. Қазақ­стан Нұрсұлтан Әбішұлы жария еткен бұл идеяға әлі күнге дейін адал болып қалып отыр. Осы жиыннан соң Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер арасындағы қол жеткен келісімдерге сәйкес Елбасының 1992 жылдың 7 мамырындағы Жарлы­ғымен Қазақстан аумағында орналасқан Қарулы Күштер барлық мүліктерімен қоса еліміздің қарауына өтті. Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде Қарулы Күштерді басқаруды Елбасы өз қолына алды. Бүгінде бұл дата елімізде «Отан қорғау­шылар күні» болып тойланады. Қалай болғанда да, бұл кезең штаттық кесте бойынша офицерлердің 40-45% пайызы ғана қалған, әскерді басқарудың бірыңғай жүйесі жоқ, ескірген техника мен әскери базалар, тәжірибе­лі ұшқыштар мен отын жетіспейтін, тек әуешабуылына қарсы қорғаныс жүйесі ғана қалған уақыт еді. Жоғарғы Бас қолбас­шының сарабдал саясатының ар­қа­сында содан бергі 30 жылда Қазақ­станның Қарулы Күштері тоқыраулы құрдымнан доктриналы құрылымға айналды.

Доктрина – әскери тұжырымдама

Елбасының тікелей тапсырмасымен ел тарихында қабылданған бес Әскери доктринамыздың барлығында да қорға­ныс­қа басымдық берілген. Әйтсе де, бұл құжаттарда елге төнуі мүмкін ықтимал қауіп-қатерлер мен әлемдегі әскери-саяси жағдайлар ұдайы ескеріліп отырды. 1993 жылы ақпанда еліміздің бірінші Әскери доктринасы қабылданды. Бұл құжатқа Қарулы Күштердің заманауи сипатын айқындау, оның нормативтік-құқықтық негізін құру және Қазақстан әскерін құру қағидаттары енгізілді. Оның аясында офи­цер мамандарды даярлау, Қарулы Күштердің жауынгерлік дайындығын ұйымдастыру және жасақтау ісін жолға қою, әскери тәртіпті арттырып, құқық­бұзушылықты түп-тамырымен жою сияқ-ты көптеген мәселенің тез арада шешімін тапты. Қарулы Күштердің құрылымы мен құрамы айқындалып, мемлекеттің әскери географиясы ықтимал қауіптер негізінде қайта қаралды. Осылайша, өздерінің тиісті стратегиялық мақсаттары бар үш әскер түрі – Құрлық әскері, Әуе қорға­нысы күштері және Әскери-теңіз күштері бекітілді. 2000 жылы ақпан айында екінші Әскери доктрина қабылданды. Онда Қарулы Күштерді қайта құру және рефор­ма­лаудың басым бағыттары нақтыланды. Алғаш рет Қарулы Күштерді жалпы ішкі өнімнің 1%-нан кем емес көлемде кепілдендірілген бағдарлама­лық-мақсатты қаржыландыру қағидасы бекітілді. Ал 2007 жылы наурызда қабыл­данған үшінші Әскери доктринада өңірлік қолбасшы­лықтар әскерлерінің белгіленген аймақ­тарда әскери қауіп­сіздік міндеттерін шешу мәселелеріндегі дербестігін қам­тама­сыз ету жайы айқын­далды. 2011 жыл­ғы қазан айындағы төр­тін­ші доктринада сыртқы әскери қауіпке лайықты ден қою және Қазақстанның халықаралық қауіп­сіздікті қамтамасыз етуге қатысу аясын кеңейту туралы айтылған. 2017 жылы еліміздің бесінші доктринасы қабылдан­ды. Онда әлемдегі соңғы ахуалға сәйкес, мемлекеттің әскери қауіпсіздік пен қорға­нысын қамтамасыз ету саласындағы негізгі бағыттары анық­талды. Нақтылай айтқанда, ел әскерінің бүгінгі деңгейге жетуі Елбасының қорға­ныс саласын нығайтуға байланысты бел­гілеп берген басымдықтары мен міндет­терінің орындалуы арқасында жүзеге асты.

Провинциялық әкімшілдіктен халықаралық әріптестікке

Қарулы Күштер құрылған сәттен-ақ Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әріптестіктің маңыздылығына да баса назар аударды. Әскери қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі күш-жігерді біріктіру қажеттілігі бейбітшілік риторикасының алғышарты еді. Осы идеяны Еуразия кеңістігінде шынайы ұстанымға айналдырған Елбасының ерен еңбегінің арқасында Ұжымдық қауіп­сіздік шарты (кейіннен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы) шеңберінде жүзеге асырылған коалициялық әскери құрылымның негізі қаланды. ТМД-дағы тиімді шешімдердің тағы бірі – 1995 жылы 10 ақпанда ұйымға мүше мемлекеттердің мүддесін көздейтін Біріккен Әуе қорғанысы жүйесін құру туралы шешімнің қабылдануы еді. Бұл жүйесінің мақсаты ТМД елдерінің әуешекараларын қорғау, әуекеңістігін пайдалануды бақылау, аэроғарыштық шабуыл қаупі мен оның басталуын алдын ала ескерту, ұйымға мүше мемлекеттердің аса маңызды нысандарын әуешабуылдарынан қорғау болып табылды. Елбасының халықаралық қауымдас­тық алдындағы зор беделінің арқасында Қазақстан әскери ынтымақтастықтың да көпвекторлы бағытын ұстанды. НАТО-мен, сондай-ақ АҚШ, Қытай Халық Республикасы, Түркия, Германия және басқа да мемлекеттермен әскери және әскери-техникалық ынтымақтастық орнатылды. Шанхай ынтымақтастық ұйы­мы, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы қатарлы бірлестіктер аясында бірлескен әскери жаттығулар өткізілді. НАТО күш­терімен бірге антитеррорлық дайындық­тар жүргізілді. Қазақстан Қарулы Күштері ТМД-ның сыртқы шекарасын қорғауға да атсалысып, 9,5 мыңнан астам сарбаз бен офицеріміз тәжік-ауған шекарасын күзетуге қатысты. Ал 2005-2008 жылдар ара­лығында «Қазбат» батальоны Ирак жерін минадан тазарту жұмыстарына белсене көмектесті. Бүгінде Қазақстан Қарулы Күштерінде Ресей, Беларусь, Израиль, Түркия, Қытай, Оңтүстік Африка Республикасы, АҚШ, Франция сияқты мем­лекеттердің түрлі техникасы қолданылып жүр. Еліміздің әскери-өнеркәсіптік кешені радио-электронды байланыс құрал­дарын, радиолокациялық жабдықтарды, түнде көру құрылғыларын, бронды көліктерді, әскери катерлерді құрастырып, патрон өндіретін деңгейге жетті. Халықаралық Global Firepower рейтингінде биыл Қазақстан әлемнің 140 елінің ішінде әскери қуат деңгейі бойынша 62-орында тұр. Global Fire Power бұл рейтингті 50 критерий бойынша жасаған. Оның ішінде қорғаныс шығындарының деңгейі, техника және жабдықтар арсеналы, әскер саны, танктер, кемелер, ұшақтар және басқа да әскери техникалар саны, мұнай өнімдеріне қолжетімділік және армияның жауынгерлік қабілетіне әсер ететін басқа да факторлар бар. Рейтингте елдің ядролық қаруының болу факторы ескерілмеген. 2020 жылы Қазақстан әскер қуаты бойынша рейтингте 63-орынды иеленген еді.

Нұрлан ҚОСАЙ