Ән-жырым саған арналады
Ән-жырым саған арналады
228
оқылды
Қазақстанда өзіндік бір мерекелер маусымы басталды. Осыған орай Мәдениет және спорт министрлігі өнер­сүйер қауымды жыл соңына дейін қандай мәдени іс-шаралар күтіп тұрғанын хабарлады. Тәуелсіздіктің 30 жылды­ғын мерекелеу аясында кең ауқымды іс-шаралардың соң­ғы кезеңі «30 жұлдызды күн» жобасы болады. Еліміздің мерей­тойына орай мәдени іс-шараларды ілгерілетуге өңірлер белсенді тартылады. Ал мерекелік шаралар жыл соңына дейін жалғасады. Жалпы алғанда, осы жоба аясында республика бойынша мә­дениет саласында барлығы 1 600-ге жуық, 30-дан астам спорттық іс-шара өтеді. Оның ішінде, тек елордада 500-ден астам мәдени, 65 спорттық іс-шара ұйымдас­тырыл­мақ. Атап айтқанда, 1 желтоқсанда Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын мерекелеу аясында «Астана Балет» театрында «Ұлттық хореография кеші» өтеді. Сондай-ақ 1 желтоқ­сан­да Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында «Елбасы жолы» атты дөңгелек үстел ұйым­дастырылады. 3-15 желтоқсан аралығында Жам­был облыстық орыс драма теа­трын­да «Гүлдене бер, менің Қазақ­станым!» композициясы сах­на­лана­ды. 3-4 желтоқсанда «Астана Опера» театрында Еркеғали Рахмадиевтің «Алпамыс» операсы­ның премьерасы өтеді. 4 желтоқсанда Семей қаласын­дағы Абай атындағы театрда «Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасы аясында «Астана Балет» театрының гастрольдері басталады. 6 желтоқ­санда «Тәуелсіздік толғауы» XI республикалық онлайн конкурсы­ның және «Елім менің» XVII республикалық патриоттық әндер онлайн конкурсының финалы өтеді. Іс-шара Абай, Әбу Насыр әл-Фараби және Жамбыл Жабаев­тың бай мұрасын насихаттау мақ­сатында ұйымдастырылған. 8 желтоқсанда Орал қаласын­дағы «Атамекен» өнер орталығында «Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасы аясында «Астана Балет» театры Fuego Lento бір бөлімді балетін сахналайды. 10 желтоқсанда Құр­манғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптары оркестрінің әрті­сі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Санжан Сабырғалиева­ның «Арнау» онлайн концертін тамашалауға болады. 10-14 желтоқсан аралығында Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында С.Асыл­бекованың «Желтоқсан желі» драмасы көрсетіледі. 11 желтоқ­санда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі музыкасүйер қауымға «Тәуелсіздік – Тұғырым» концертін ұсынады. 11-12 желтоқсанда «Nur Otan» партиясының қоғамдық бірлестігімен бірлесіп X республикалық ақындар айтысы ұйымдас­тырыла­ды. 12 желтоқсанда Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында лирикалық музыканың жанкүйерлері «Қазіргі қазақ ком­позиторларының романстар кеші» концертін тамашалай алады. 15 желтоқсанда «Астана Опера» театрында үздік шығармашылық ұжымдардың қатысуымен Қазақ­стан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған концерт өтеді. 16-18 желтоқсанда Қ.Қуаныш­баев атындағы Мемлекеттік ака­демия­лық қазақ музыкалық драма театрының сахнасында «Алтайдан ауған ел» спектаклінің премьерасы өтеді.

Елдос Сенбай