Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша салынған «Сарыарқа» магистралдық газ құбыры құрылысының жемісін қарағандылықтар көре бастады. Оған басты себеп Қарағанды және Теміртау қалаларында тұрғын үйлер «Сарыарқа» магистралдық газ құбырының арқасында «көгілдір отынға» қосылды. Салтанатты іс-шараға аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек қатысып, газ алауын жақты. – Бүгін Қарағанды, Теміртау және Жезқазған қалаларының 3 мың үйіне газ жеткізілді. Тариф бекітілді. Бүгін алғашқы абоненттер үшін Қарағанды және Теміртау қалаларында газ берілді. Ал ертең Жезқазғанда «көгілдір отын» қосылады. Бұл халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға және көптеген экологиялық мәселелерді оңтайлы шешуге мүмкіндік береді. Әрі газдың құны көмірмен салыстырғанда айтарлықтай арзан. Бұл да тұрғындар үшін қолайлы болып отыр, – деді аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек салтанатты жиында. Облыс әкімінің хабарлауынша, алдағы уақытта өңірдегі ірі кәсіпорындарды да біртіндеп газға қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Теміртаудағы алып металлургиялық комбинат жарқын болашақта газға көшеді. Бұл ауаға жіберілетін зиянды қалдықтардың көлемін отыз пайызға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Яғни, келешекте теміртаулықтар қолқаны қапқан көк түтін мен қара қардан құтылады. Газдың келуін қала тұрғындары зор қуанышпен қарсы алды. – Жасым – 95-те. Бұл үйде жалғыз тұрамын. Бұрын көмір алу керек, күл шығару керек болатын. Балаларым Ресейге жұмыс бабымен кетті. Өте қуаныштымын. Осы үйде 70 жылдай тұрамын. Балаларым, келіндерім, немерелеріме ризамын. Солар көмектесіп, осының бәріне солар арқылы қол жеткіздім. Тыл ардагері ретінде әкімдік газ жағатын плита табыстады, – дейді Қарағанды қаласы Челябинск 26 үйінің тұрғыны Анна Бабенко. Ал теміртаулық Вячеслав Бражников: – «ҚазТрансГаз» қызметкерлеріне алғысым шексіз. Газ іске қосылғанша үнемі хабарласып, көмек көрсетіп келді. Тек жалғыз өкінетінім, осы қуанышты әйелімнің көрмей, өмірден өтіп кеткені. Қазір тірі болса, төбесі көкке жеткенше қуанар еді, – дейді. Қарияның айтуынша, үйіне газ орнату үшін 800 мың теңге көлемінде қаражат жұмсапты. Пеште арнайы иіс датчиктері орнатылған. Егер қандай да бір ақау шығып, газ бөлменің ішіне тарала бастайтын болса, дабыл белгісі қосылады екен. Бұл уланып қалу қаупін азайтуға септігін тигізері анық. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қарағанды өндірістік филиалының директоры Талғат Қызылбаевтың айтуынша, қазір облыста 125 шақырым газ құбыры тартылған екен. Тұтынушыларға есептегіштер тегін беріледі. Сондай-ақ алдағы уақытта банктермен бірлесе отырып, тұрғындардың үйіне газ енгізудің қаржылық мәселесін шешу келісіліп жатыр. Айта кету керек, «Сарыарқа» магистралдық газ құбырының құрылысы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша салынған еді. Қазір құбыр Қызылорда мен Нұр-Сұлтан қаласын байланыстырып тұр. Оның көп бөлігі Қарағанды облысы аумағынан өтетіндіктен, кенді өлке тұрғындарын да көгілдір отын игілігімен қамту мүмкіндігі туындап отыр.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы