Лифтіні қиратқан қарағандылық 10 тәулікке қамауға алынды
Лифтіні қиратқан қарағандылық 10 тәулікке қамауға алынды
© tengrinews.kz
159
оқылды
Тұрғын үй кешенінің бірінде лифтіні қиратқан қарағандылық он тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Ұсақ бұзақылық туралы іс Қарағанды қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Сотта оқиға Қарағандыдағы Сарыарқа көшесіндегі №6 үйдегі лифтте болғаны анықталды. Лифт істен шығып, тоқтап қалғаннан кейін құқық бұзушы мамандарды күтпестен өзін агрессивті ұстап, лифт есігіне зиян келтірген, кейін ішінде орнатылған бейнебақылау камерасын бұзуға тырысқан.
"Өзінің іс-әрекетімен ол айналасындағыларға құрметсіздік көрсетіп, қоғамдық тәртіп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзды. Сотта ол кінәсін мойындады. Оның әрекетін іс материалдары, бейнебақылау камерасынан бейнежазба және тағы да басқа айғақтар растайды", - деп хабарлады Қарағанды қаласының Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.
Істі қарау нәтижелері бойынша тәртіп бұзушы ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамау түрінде жаза тағайындалды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.