Грузин депутаты Қазақстанда әйелдер мен жастар квотасының енгізілуін жоғары бағалады
Грузин депутаты Қазақстанда әйелдер мен жастар квотасының енгізілуін жоғары бағалады
©report.az

Грузиядан келген мәртебелі мейман барша Қазақстан халқын Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтады, – деп жазады Aikyn.kz.

Грузия Парламентінің депутаты Мариам Лашхи сондай-ақ өз еліндегі реформаларды жүргізу тәжірибесімен бөлісті. Жаңғырулардың бір бөлігі гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге қатысты болыпты.
«Грузия Қазақстанмен экономика, сауда, саяси мәселелер секілді әртүрлі бағытта ынтымақтасуға ықыласты. Грузия Парламенті атынан біздің ынтымақтастығымызды және институционализациялауды ары қарай күшейтуге дайындығымызды білдіргім келеді», – деді Мариам Лашхи «Қазақстанның партиялық-саяси жүйесінің эволюциясы: сын-қатерлер, жетістіктер мен келешегі» атты халықаралық форумда.
Ол БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Кофи Аннанның «әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейткенінен артық әрі тиімді даму тетігі жоқ» деген байламын еске түсірді. Депутат таяуда Грузия Парламентінде де біздегіге ұқсас гендерлік квота енгізілгенін баяндады. Қазақстандағы сияқты Грузияда партиялық тізімдерде әйелдер мен жастарға арналған 30%-дық квота енгізілген. «Әйелдердің саяси өмірге белсене қатысуы нағыз демократияның және гендерлік теңдіктің іргелі алғышарты саналады», – деді М.Лашхи. Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың 29-30 қарашасында Нұр-Сұлтанда «Қазақстанның партиялық-саяси жүйесінің эволюциясы: сын-қатерлер, жетістіктер мен келешегі» атты халықаралық форум өтті. Іс-шараға шетелдік және отандық сарапшылар, саяси партиялардың, халықаралық ұйымдардың өкілдері, Парламент депутаттары, сондай-ақ беделді саясаттанушылар мен қоғам қайраткерлер қатысты. Жалпы алғанда, 15 елден, соның ішінде Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропа, Түркия, Әзербайжан және Орталық Азия елдерінен 600-ден астам қатысушы келді. Форумды ұйымдастырушы – Nur Otan партиясының жанындағы Қоғамдық саясат институты.