Омикрон-штаммен күреске Қазақстан дайын ба?
Омикрон-штаммен күреске Қазақстан дайын ба?
Қазақстандық дәрігерлердің байламынша, омикрон-штамм ко­ро­навирус инфекциясының 5-тол­қынын тудыруы мүмкін. Әзір­ге бұл кесел республикада тіркелген жоқ. Алайда вирустың мутация­ланған түрі әлемге тез таралып ба­рады. Ел Үкіметі КВИ штамының жаңа нұсқасының пайда болуына байланысты бір­­­­­қатар шектеу ен­гізді. Шетелдік ғалымдар оны «ги­пермутант» деп атады.

Дүрлікпейік, зерттейік

Коронавирустың жаңа мутацияларына грек әліпбиіндегі әріп атауларын беру әдетке айналғаны мәлім, сондықтан ал­дыңғылары «альфа-штамм SARS-CoV-2», «бета-штамм», «гамма-штамм», «дельта», «эпсилон», «зета», «эта», «тета», «йота», «кап­па», «лямбда» деген атауларға ие бол­ған (олардың кейбірі әлемдік ақпарат айдынында таныла алмады). Жалпы, грек алфавитінде 24 әріп қана бар. Бұл жолы жаңа штамға ретті сақтамай, бірден 15-ші әріптің атауы беріліп отыр. Осы арқылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оның қаншалықты қорқынышты екенін аңғартты. 2021 жылғы 26 қарашада ДДСҰ Оң­түстік Африка мен Ботсванадан таралған коронавирустың B.1.1.529 жаңа штамына «омикрон» деген атауды бекітті және кон­сультациялық топтың ұсынымына сәйкес, оны «дельта» кіретін «алаңдаушылық туғызатын нұсқалар» тізбесіне қосты. Топ мамандары бұл штамның әлемдегі пан­демияға аса қауіпті ықпал ететініне дәйектеме келтірген екен. Жаңа штамм Оңтүстік Африкада 9 қарашада табылды. Жаһандық ұйымға толыққанды ақпарат 24 қарашада түскен. Сынаманы зерделей келе, ДДСҰ сарапшылары бұл штамның тым көп мутацияға (кем дегенде 100 толық геномды «мутанттарға») ие екенін анық­тады. Осыған орай ұйым барлық мемле­кетке «шетелдік сапарларға тек ғылыми негізделген тәсілге сүйене отырып қана тыйым салуға» кеңес берді. Яғни, шек­ара­ны тарс жауып, рейстерді жаппай тоқта­тудың қажеті жоқ көрінеді. ДДСҰ өкілі Ван Керкховенің мәліме­тінше, мутациялардың көбеюіне байла­нысты вирус тезірек таралуда. Вирустың таралу өрісі кеңейген сайын оның мута­циялану мүмкіндіктері де көбейеді. Сон­дықтан тіпті вакциналанған адамдарға да бетперде тағып, бұқара көп жиналатын жер­лерден аулақ болуға тура келмек. Мы­салы, Еуропаның біраз елі маска тағуға міндеттеуден бас тартқан-тын. Дегенмен енді ол ниетінен айнып отыр. Ұлы­бри­тания 30 қарашадан міндетті маскалық режимді қайтарды. «Дельта» тол­қы­нын әзер басқан «тұманды Альбион» мек­­тептердегі шек­теулерді қайта күшей­ту­ге мәжбүр. Себебі «омикрон» әсіресе ба­­ладан-балаға белсенді берілетін көрінеді. Медицина ғылымдарының кандидаты, Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мек­тебінің Эпидемиология, дәлелді медицина және биостатистика кафедрасының до­центі Рафаиль Қыпшақбаев омикрон-штамға орай шектен тыс дүрбелеңге түсудің қажет жоқ деген пікірде. «Коронавирус мутациялары үрей мен сенсацияға арқау болмауы тиіс. Вирус дегеніміз не? Ол – тіршіліктің жасушасыз нысаны. Сондықтан оған бір қалыпта тұр­май, үнемі мутациялану тән. Басқаша айт­қанда, вирусқа кез келген жолмен тір­шілігін жалғастыру керек, тиісінше, ол өзі­не қарсы ортадағы өзгерістерге сай тұ­рақ­ты түрде мутацияланып тұрады. Ол тірі жанға мейлінше көп әрі жылдам жұғу ба­ғытында жетіле беретін болады. Жаңа штам­ның шығуы – дүрлігуге емес, ғылыми зерттеулерге түрткі. Ендігі басты мақсат – сол вирусты жұқтырған адамдардың дер­тінің тым ауыр, күрделі, ұзақ жүруін бол­дырмау», – дейді Рафаиль Көпбосынұлы.

Омикрон туралы не белгілі?

ДДСҰ-дағы мазасыз ауандағы мәлім­демелерден кейін Африкадан оған мүлдем қарама-қайшы ақпарат түсе бастады: «омикронның» беті қайтыпты-мыс. Оңтүстік Африка республикасының өкілі, дәрігер Унбен Пиллэй жаңа штаммен ауырғандарда дерт жеңіл формада өрби бастады деді. Пациенттерде тұмаудың симптомдары, құрғақ жөтел, безгек, түнгі тершеңдік, дененің құрысып, сырқырап ауыруы байқалады. Науқастар қараптан қарап қатты шаршайтынын жеткізген. Әйтсе де, иммунолог-дәрігер, медици­на ғылымдарының кандидаты Николай Крючковтың байламынша, жаңа штамм тудыратын ауру барлық адамда бірдей жеңіл өтеді деуге әлі ерте. «Африкалық дәрігерлер қауымдасты­ғы жасаған мәлімдемеге жүгінсек, енді «омик­рон» анағұрлым жеңіл түрдегі ауру тудыра­ды-мыс. Бірақ африкалық дәрігер­лердің ДДСҰ-ға және халықаралық қо­ғамдастыққа ұсын­ған деректері басқа ойға жетелейді. Оның үстіне бақылауға алын­ғандардың басым көпшілігі – жастар. Бұл ретте Африка ел­дерінде вакцинадан бо­йын ала қашатын­дардың көбі – жастар», – деді ғалым. Н.Крючков «омикрон», әсіресе со­зылмалы сырқаттары бар адамдар, егде тартқан жандар, сондай-ақ балалар мен 20-39 жастағы азаматтар үшін қауіпті болып шыққанын айтады. «Омикрон-штамды» ашқан ғалымдар өз елдерінде қатаң сынның астында қалды. Саясаткерлер, ақпарат құралдары оларды деректерді тым тез жариялағаны үшін айып­­­­тауда. Себебі әлем елдері «гипер­му­танттан» үрейленіп, Африка елдеріне сапарлаудан жап­пай бас тартып жатыр. Бұл онсыз да пан­демиядан қажыған біраз елдің эконо­микасына соққы болды. Оң­түстік Африка республикасының прези­ден­ті Сирил Ра­мафоса ғалымдардың бұл ше­шімін аяу­сыз сынады және оларды туризмнің еңсе тік­теуіне зиян келтірмеуге шақырды. Қазақстанның Денсаулық сақтау ми­нистрлігі елде коронавирустың жаңа нұс­қасы әзірге әшкереленбегенін білдірді. «Роспотребнадзор» басшысы Анна Попова да Ресейде жаңа штамм анықталмағанын хабарлады. Соған қарамастан Қазақстан сақтық шараларын қабылдауда. Профилактикалық шаралар сақталады: қазақстандықтар бетперде тағуы, байланысты мейлінше азайтуы, екпе алуы қажет. Қазір «омикрон» әлемге тез таралуда. АҚШ-та, Калифорния штатында жаңа штамм жұқтырған алғашқы сырқат тір­келді. Ол Оңтүстік Африкадан оралған және бұған дейін толық вакциналанған. Жаңа штамның бір қаупі де осында: ол КВИ-дің басқа штамдарымен ауырып, айыққан адамдарға да, сондай-ақ екпе еккізгендерге де жұға беретін көрінеді. Вакцина өндірушілердің бірқатары өз препараттарын жаңа штамға негіздейтін­дерін жариялап үлгерді. QazVac отандық вакцинасы әзірге дельта штамына тосқа­уыл қою үшін ғана қайта құрылды. Қазіргі кезде коронавирустың жаңа нұсқасы әлемдегі кем дегенде 25 елге еніп кетті. ДДСҰ Бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесус бұл қатардың тек өсе беретінін мәлімдеді.

Қазақстан қалай қорғанып жатыр?

Әлем елдері жаңа штамның қанат жа­юына әртүрлі үн қатуда. Германия, Ұлы­британия секілді дамыған елдер, сондай-ақ Ресей, Чехия және басқалары оңтүс­тік­африкалық 6 ел азаматтарының өзіне са­пар­лауына уақытша тыйым салды. Из­раиль олармен авиақатынасты мүлдем тоқ­татты. Онда тіпті құзырлы органдарға «омикрон» жұқтырғандардың ұялы те­лефондарын қашықтан қадағалауға рұқсат етілді. Қазақстан Үкіметі де «омикронның» пайда болуына байланысты бірқатар шектеу енгізуде. Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шорановтың айтуынша, «омикрон» штамының жаңа нұсқасының пайда болуын ескере отырып, оны рес­публика аумағына әкелуге жол бермеу мақсатында ведомствоаралық комиссияда биылғы 3 желтоқсаннан бастап мынадай шектеу шаралары енгізіледі: біріншіден, Ботсвана, Лесото, Намибия, Зимбабве, Мо­замбик, Мадагаскар, Эсватини, Ма­лави, Онтүстік Африка, Танзания және Гон­конгтан шетел азаматтарының Қа­зақстанға келуі шектеледі. Екіншіден, «омикрон» анықталған елдерден – Израиль, Чехия, Нидерланды, Бельгия, Ұлыбритания, Италия, Германия, Авс­тралия, Канада және Египеттен келетін адамдар вакцина алғанына қарамастан міндетті ПТР тестілеуден өтуі шарт. Үшіншіден, «Омикрон» анықталған елдерден келген адамдар ПТР нәтижесіне қарамастан 7 күнге үй карантиніне оқшау­лануы тиіс. Төртіншіден, Бельгияда Еги­петтен келген адамнан жаңа штамм табылғандықтан, Египетпен әуе қатынасы уақытша тоқтатылады. М.Шорановтың сендіруінше, Қазақ­стандағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты. «Науқастардың 95%-дан астамы ем­деліп шықты. Соңғы айда сырқаттану­шылық 2,8 есеге, стационарлық науқастар саны 1,5 есеге, амбулаториялық науқастар саны 2 есеге азайды. Республика бойынша 1 тамыздан бастап инфекциялық төсектер жүктемесі 56%-дан 29%-ға дейін, реани­мациялық төсектер жүктемесі 45%-дан 23%-ға дейін төмендеді. Резервте 30 мың­нан астам төсек-орын бар», – деді ол. Емдеуді жалғастырушылар саны азай­ды, соңғы үш айда науқастар саны 4,2 есе кеміген. Халықты КВИ-ге қарсы вакцина­лау жұмыстары жалғасуда. 2 желтоқсандағы мәліметке сай екпенің I компонентін 8 748 448 адам, II компонентін 8 114 076 адам салғызды. Вакцина салғызуға тиісті халық­тың 77%-ы немесе жалпы халықтың 46%-дан астамы вакцина алды. Қазақстанға Pfizer-дің Comirnaty вакцинасының 645 мың дозасы келіп түсті. Оны 63 мыңнан астам бала және 17 мың­дай жүкті және бала емізетін әйел алды. Вакци­на­ны жеткізу апта сайын жалғасады.