Қызылжар өңірі «қызыл аймақтан» қашан шығады?
Қызылжар өңірі «қызыл аймақтан» қашан шығады?
2 желтоқсандағы жағдай бойынша, еліміздегі эпи­де­мио­логиялық ахуалды баға­лау матрицасына сәйкес Сол­түстік Қазақстан облысы ғана «қызыл аймақта» қалып отыр. Бұл өңір «қызыл ай­маққа»  енгелі  екі айдан асты. Басқа барлық облыста нау­қастар саны азайып, «жаман тұмау­дың» беті бері қайтса, Қызыл­жар өңірінде ғана бұл дерт ешқандай шараларға бой бермей тұр. Неліктен? Солтүстік Қазақстан облыстық Са­нитариялық-эпидемиология­лық ба­қы­лау департаментінің мәліметінше, об­лыс­та тәулігіне коронавирус жұқтыру­дың 100-ден астам жағдайы тіркеледі. Әсіресе, Ресеймен шекаралас Мағ­жан Жұмабаев ауданында науқас­тан­ған­дар саны тым көп. Бұл жайт аурудың та­­­ралуына гео­рафиялық жағдай да әсер ете­тінін көрсетсе керек. Ресми деректер­ге сүйенсек, Ресей Федерациясымен шек­­­тесетін жолдардағы шекара­лық ба­қы­­лау бекеттері арқылы бір жылдан бері бар­лығы 319 мыңнан астам адам келген. Со­ның ішінде 168 мыңнан астам адам ПТР сараптамасына жасалған анық­та­ма­­ларымен шекараны жаяу кесіп өтсе, Қазақстан Республикасының азаматы бо­лып табылатын 5 800 адам анық­та­ма­сыз келіп, COVID-19-ға зертханалық тек­серуден өту үшін карантиндік ста­цио­нарларға орналастырылған. COVID-19 сараптамасы оң нәтиже көр­сет­кен 316 адам анықталды. Оның 41-і ин­фекциялық стационарға жат­қызылса, 275-і амбулаторлық ем қабылдады. Ше­ка­раны кесіп өт­кен кезінде ПТР-сы­на­ғынан өт­кені туралы куәлігі болмаған­дық­­тан, 1 620 шетел азаматына елге кіру­ге тыйым салынған. Дегенмен бұл шара ауруды ауыз­дық­тау­ға сеп болмай тұр. Бұ­ған негізінен тұр­ғындардың карантин талаптарын сақ­тамауы себеп. Солтүстік Қазақстан об­лыс­тық Денсаулық сақтау басқарма­сы­ның бас­шысы Нұрлан Аймановтың пікірі осын­дай. «Жерлестеріміздің кейбіреулері ең қарапайым сани­тар­лық талаптар­ды сақтамайды. Мәселен, мүлде бетперде тақпай­тындар бар. Тақса да аузы-мұр­нын жаппай, иегіне іле салатындар көп. Әлеуметтік қашықтық сақтал­май­ды. Отбасылық жиындар, той-томалақ то­ластамай тұр. Ashyq қосымшасындағы мәртебесі «қызыл» екеніне қарамастан, кө­ше кезіп жүрген­дер қаншама? Жалпы, тұр­ғындар ғана емес, көптеген ны­сан­ның иелері де Ashyq жүйесінің маңыз­ды­лығын түсін­бейтін сияқты, жеңіл-жел­пі қарай­ды», – деп налиды Нұрлан Бақ­дәу­летұлы. Айта кету керек, Аshyq жобасы ере­жесін бұзушыларға 4 миллион тең­ге­ден астам сомаға 126 айыппұл салынған екен. Бұқаралық ақпарат құралдарында шек­теу шараларын бұзып, әкімшілік айып­пұл төлеген 116 адамның есімі жа­рия­­ланды.

ЕКПЕ САЛУДАҒЫ ЕНЖАРЛЫҚ

Екінші себеп – коронавирусқа қар­сы екпе салдырудағы енжар­лық. Бүгінде сол­түстік қазақстандықтардың тең жар­ты­сы екпесіз жүр. Нұрлан Бақдәу­лет­ұлы олар белгісіз бір блогерлердің жалған үн­деу­леріне құлақ асқанын айтады. «Ауру азаю үшін ересек тұрғындар­дың  91 пайызы, немесе 370 мың адам COVID-19-ға қарсы екпе салдыртуы тиіс. Ал біз­дің облыста 261 мың адам ғана, яғни Бар­лық тұрғындардың 70,5 пайызы ек­пе­нің бірінші компонентін салдырды. Ал екінші компонентін алғандардың са­ны – 244 мың адам (66 пайыз). Бар­лық тұрғындардың санын есептесек, ха­лықтың 50 пайыздан астамы екпе сал­дыр­маған. Бұл – интернеттегі коммен­татор­­лар жұмысының нәтижесі. Олар­дың жазғандары – «фейк». Блогер­сы­мақ­тар ешнәрсе үшін жауап бермейді. Ал халық олардың айт­қанына еріп, өмір­мен қош айтысып жатыр», – деді Нұрлан Айманов. Екпе салдыруға үзілді-кесілді қарсы адамдардың қарасы көп. Солардың бірі атын атағысы келмесе де, өз пікірін ай­туға келісті. «Вакцина туралы пікір көп. Кез келген мәселе бойынша қанша адам бол­са, сонша пікір болатыны заңдылық қой. Өз басым қар­сымын. Себебі бұл вак­цина егжей-тегжей тексеріліп, зерт­телмеген. Вакцина түгіл аурудың өзі адам­зат үшін беймәлім вирус. Вакцина ал­ған­нан кейін денсаулығы күрт нашар­лаған таныстарым бар. Ол адам ағзасына қалай әсер ететінін ешкім болжай алмайды. Мүмкін сәл кейінірек екпе сал­дыруға келісермін. Бірақ «тәжірибе жа­сайтын көжек» сияқты алғаш­қы­лар­дың бірі болғым келмейді», – деді қы­зыл­жарлық келіншек. Ал облыстың бас санитар дәрігері Әсет Жұматаев вакцина­ның тиімді еке­нін айтады. «Шектеу шараларының әсе­рін жалғастыру үшін ең алдымен біз вак­­цина салғызуымыз керек. Өйткені вак­цина салдырмаған адамдар неғұрлым көп болса, аурудың тарау және жаңа му­тациялардың пайда болу қаупі соғұр­лым жоғары болады. Вакциналар жұмыс істейді, бұл уақытпен дәлелденді. Облыста жіті респираторлық вирус­тық инфекция да белең алып барады. Был­тырғымен салыстыр­ғанда 1,4 есе арт­ық. Сондықтан тұрғындар бетпердені дұрыс киюді ұмытпай, қарапайым ере­желерді сақтаса, бұқаралық іс-ша­ра­ларға қатыспай, әлеуметтік қашықтықты сақ­таса ғана ауруды азайта аламыз. Бү­лін­ген мереке мен рәсуа болған ақ­ша­дан басқа, жиналған адам­дарға корона­вирус жұқтыру қаупі жоғары екенін еске са­ла­мын. Жерлестеріме әлеуметтік бай­ланыстар санын азайтыңыз, объекті­лер­ге барған кезде Ashyq қосымшасын қол­­да­ныңыз деген кеңес берер едім», – де­­ді Солтүстік Қазақстан облысының Са­­нитариялық-эпи­демиологиялық ба­қылау депар­таментінің басшысы Әсет Жұма­таев.

ТЫҒЫЛЫП ТОЙ ЖАСАҒАНДАР КӨП

Ежелден «Той дегенде домалайды қу бас­тар» деп келген қазақ «жаман тұмау» басталғалы той-томалаққа зар. Бірақ ты­ғылып той жасап жүргендер де жоқ емес. Мониторинг топтары олардың жо­лын кесіп, талай тойдың шырқы бұзы­лып жатса да, халықтың бұл әдеттен тыйы­лар түрі жоқ. Жалпы, өткен айда мо­ниторинг топтары бір мыңнан астам ны­санды қамтыған 200-ден астам рейд жүр­гізіпті. Оның барысында 26 тұлғаға бір жарым миилион теңгенің айыппұлы са­лынған. Қаншама отбасылық мере­ке­нің шырқы бұзылып, қыруар қаржы рәсуа болды. Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, өт­кен демалыс күндері Петропавлда ка­ран­­тин шектеулерін бұзудың 3 дерегі тір­келген. Ал қараша айында 10 құқық­бұзу­шылық анықталған. Соның ішінде же­теуі – жұмысын уақытылы тоқтат­па­ған көңіл көтеру орындарына қатысты. Мә­селен, облыс орталығындағы мей­рам­ханалардың біріндегі караоке залы бір түн ішінде екі рет заң бұзған. Мекеме басшылығына бас санитар дәрігердің қау­лысы бұзылғаны туралы ескерту жа­салғанымен, оған пысқырып қараған адам жоқ. Екінші рет заң бұзған ойын-сауық орталығына қатысты материал жи­настырылып, тауарлар мен көр­сеті­летін қызметтердің сапасы мен қауіп­сіздігін бақылау органдарына жіберілді. Өкінішке қарай, бұқаралық іс-шара­лар фактілері апта сайын тіркеліп отыр. Бұл жайт халықтың басым бөлігі қазір той тойлайтын кез емес екенін ұғын­ба­ға­нын көрсетсе керек. Дәрігерлер тұр­ғын­дардың тәртібі мен қабылданған шек­теу шараларының қатаң сақталуы ар­қасында ғана аурудың өсуін тежеуге бо­латынын айтудан жалықпайды. Солтүстік Қазақстан облысында соң­­ғы күндерде 100 мың адамға шақ­қан­да­ғы аурушаңдық көрсеткіші эпи­де­мио­логиялық жағдайды бағалау матрицасы бойынша 170,9-ды құрап отыр. Соған сәйкес, облыс бұрынғысынша «қызыл» ай­мақта. 2 желтоқсандағы жағдай бойынша Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Қара­ған­ды, Павлодар, Қостанай облыстары «са­ры» аймақта болса, Алматы, Шымкент қалалары, Атырау, Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Шығыс Қа­­зақстан облыстары «жасыл» аймаққа жай­ғасты. Солтүстік Қазақстан облысы