Елбасы жолы – Қазақстан жолы
Елбасы жолы – Қазақстан жолы
Тәуелсіздігімізді жа­рия­лап, іргелі мемлекетке ай­налға­нымызға 30 жыл толып отыр. Әрине, бұл тарих үшін қас-қа­ғым сәт болғанымен, жеке адам тағдыры үшін ға­ламат уақыт. Мен үшін тәуел­сіз­діктің әр күні қымбат. Өйт­кені осынау 30 жыл ішінде Елбасы Нұрсұлтан Назар­ба­ев­тың серіктерінің бірі болу бақыты бұйырды. Ал оның қай­раткерлігі, даралығы дас­тандарға бергісіз болғаны ақиқат еді. Кеңестер Одағының ыдырауы ал­дындағы жантәсілім сәт туралы көп жазылып жүр. Көзі қарақты оқырман мұны жақсы біледі. Бі­­­рақ мына бір дерек көпшілікке он­ша таныс болмаса керек. Мә­се­лен, 1991 жылы бүкілодақтық «Диа­лог» журналы әлеуметтік зерттеу жүргізеді. Ұсынылған 20 саясаткердің ішінен үш бедел­ді адамды атау сұралды. Сонда Н.Назарбаев – 40 пайыз, Б.Ель­­цин 36 пайыз дауыс алады. Ал М.Гор­бачев, В.Жириновский, В.Алкснист әлдеқайда кейін ата­лады. Міне, бұл Назарбаевтың бір ұлттың ғана емес, әлемдік дең­гейдегі ірі саясаткер екенін дәлел­дейді. Олай болмаса, Ұлы­бри­та­нияның премьер-министрі, темір ханшайым Маргарет Тэтчер: «Қа­зір әлемде бес-алты ірі-ірі беделді саясаткер бар. Солардың ішінде Н.Назарбаев тұр. Мен оған сенемін», – деп айтар ма еді?! Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалап, жас мемлекетті әлем мо­йын­даған абыройлы елге айнал­дырған жаһандық деңгейдегі саясаткер Н.Назарбаевпен бетпе-бет кездесуім Қазақстан Инже­нерлік одағының бірінші съезінде, 1993 жылы болды. Онда Нұрсұлтан Әбішұлы елімізді индустриалды-инновациялық дамыту мәселесін көтерді. Зал сілтідей тынған еді. Мемлекет басшысы инженерлік ой-жүйе туралы кәсіби маман ретінде сөйледі. Міндеттер қойды. Кейіннен 2003 жылы Қа­зақстан Республикасының ин­дустриалдық-инновациялық да­муының мемлекеттiк бағдарла­масы қабылданғанда Елбасының 10 жыл бұрын бұл мәселені көріп, талдап қойғанына көз жеткіздік. Бұл – оның көрегендігі мен алға қойған мақсатының айқын еке­нінің дәлелі. – Қиындықтар келеді, кетеді. Ғылым мен техникасыз өндірісті де, өмірді де түзей алмаймыз. Ғы­лымға негізделген өндіріс бол­май, жаңа техникалар келмей, біз ты­ғырықта қайраңдап тұрып қа­ламыз. Ешқандай қиындықтарға қарамастан біз осы жолмен жү­реміз, – деді сонда Президент зор сеніммен. Міне, осы сәттен бастап мен Президент идеясымен қанат­тандым, өзімнің рухани-саяси көзқарасымды қалыптастырдым. Бұл менің саналы түрде таңдаған саяси қызметімнің бастауына айналды.

Н.НАЗАРБАЕВ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПАРТИЯЛЫҚ ЖҮЙЕ

Н.Назарбаев Қазақстандағы саяси партиялардың құрылуының генераторы болды. Саяси инс­ти­туттардың іргетасын қалап, олар­дың қалыптасуына тікелей же­текшілік еткен ұлы саясаткер. Әлемдік тәжірибе көрсет­кен­дей, билік әрқашан халық тұтастай қолдайтын партиялардың ен­шісінде болады. Батыс та, Еуропа да сол жолдан өткен. Сондықтан да қиындықтарға қарамастан бұл процесті бастау қажет еді. Бұл, әсіресе 1999 жылғы парламенттік сайлаудан соң қолға алынды. Президент Н.Назарбаев та­рих­тың сындарлы сағатында «Отан» атты партия құруды күн тәртібіне қойды. Осылай сол жыл­­­дың 1 наурызында партияның бірінші съезі өтіп, онда Н.Назар­баев бірауыздан партия Төрағасы болып сайланды. Өз сөзінде партия Төрағасы мемле­кеттің демократиялық құнды­лықтарын нығайтуға, азаматтық қоғамды одан әрі дамытуға және партияның бүкіл саясатын әлеу­меттік мәселелерді шешуге ба­ғыттау бойынша нұсқау берді. Бұл партиялық құрылымдағы жаңа бетбұрыс еді. Басқа да партия­лардың мүддесі осы идеяларға келіп тоғысатын. Осындай беделді саяси ұйымға 2005 жылғы 18 сәуірде Президент жоғары сенім артып, партия жетекшісінің орынбасары, төраға міндетін атқарушысы етіп мені бекітті. Бұл менің тағдырымдағы жаңа белес болды. Жаңа жауапты қызметте «Не істеу керек? Партия жұмысын қа­лай заманауи тұрғыда қайта құру керек?» деген мәселелердің ше­шімі қатты мазалады. Міне, осын­дай ойлар мазалаған сәтте Мем­ле­кет басшысының тағы бір көре­ген саясаткерлігінің куәсі болдым. – Біз бүгін экономиканы, ру­хани-саяси мәселелерді жаңғыр­тып жатырмыз. Партияны да саяси тұрғыда қайта құру керек. Күшпен емес, шын ниетімен пар­тияға мүше болса ғана партияның программалық жоспарларын жүзеге асыра аламыз. Шығыстың, Еуропаның партиялық құры­лымдарын көру керек. Көзбен көрмей, жұмыс өнбейді. Пар­тия­ның халықаралық байланысын күшейту керек. Көр, зертте, ұсын. Сен ғалым емессің бе?! – деді Президент. Мемлекет басшысы, ірі партия жетекшісі Н.Назарбаев – жаңа идеяның адамы. Ол өз қызмет­керлерін үйреншікті қалыптасқан жолды емес, жаңа креативті ба­ғытты таңдауға үйретті. Сондықтан ең алдымен Ор­талық партия аппараты мен оның өңірлік филиалдарының мате­риал­дық-техникалық базасын қалыптастыруға назар аударылды. Әр облыстық, аудандық филиал­дарға жаңа ғимараттар салынды. Ел Парламенті және Үкі­метімен өзара қарым-қатынастың тиімділігін арттыру мақсатында 2005 жылғы 31 мамырда Ел­басы­ның «Отан» партиясының штаб-пәтері Астанаға көшірілді. Осыдан соң партия науқаны үшін аса маңызды кезең басталды. «Отан» РСП-ның кезектен тыс VIІI съезі тұңғыш рет Қазақстан Респуб­ли­касы Президентіне кандидаттыққа партия атынан Н.Назарбаевты ұсыну туралы шешім қабылдады. Президенттікке кандидат Н.Назарбаевтың республикалық қоғамдық штабын басқару маған тапсырылды. Сайлау үлкен жеңіспен аяқ­талды. Халықтың 91,5 пайызы Н.Назарбаевтың кандидату­ра­сын қолдап, дауыс берді. Бұл Прези­денттің ғана емес, бүкіл халықтың, «Отан» партиясының жеңісі бол­ды. Президенттің саяси жүйені реформалау туралы алға қойған міндеттері әрі қарай жалғасын тапты. 2006 жылғы 4 шілдеде өткен «Отан» РСП-ның IX съезінде сайлау науқаны барысында қатаң сыннан өтіп, шыныққан серік­тестік қарым-қатынастың нәти­жесінде «Отан» партиясына тағы бір ірі партия – «Асар» партия­сының қосылуы туралы шешім қабылданды. Бұл Қазақстанның партиялық жүйесіндегі біріктіру үрдісінің қайта басталуына жол ашты. Қазақстанның партиялық өмі­рінде 2006 жылғы 22 желтоқ­санда өткен «Отан» РСП-ның X съезі ерекше маңызды болды. Себебі Елбасының партиясына Азаматтық және Аграрлық пар­тиялар қосылды. «Отан» РСП-ның атауы «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясы болып өзгертілді. Бұдан ең алдымен халық ұтты. Өйткені саяси сахнада партиялар үшін бір-бірімен айқасу емес, демократиялық құндылықтарды айқындау, азаматтық қоғам құру, халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу ең басты міндет болатын. Партиялық жүйе Қазақ­стан­ның болашақ экономикалық, мәдени-рухани дамуының кепілі болатыны енді айқын еді. Осылай «Нұр Отан» партиясы жаңа тип­тегі парламенттік партияға ай­налды. Партияға жаңа тұлғалар қажет деп ойлағанмын. Бірақ съезде Н.Назарбаев «Партия төрағасы­ның бірінші орынбасары қызметі енгізілгелі отыр. Осы лауазымға Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұлов­ты тағайындау туралы шешім қа­былдадым. Оны Сіздер жақсы білесіздер. Ол – ұйымдастырушы, жауапкершілігі жоғары, адам­дармен жұмыс істей алады. Пар­тияны дамыту үшін көп жұмыс атқарып жүр», – деді. Осы сөздер әлі құлағымда тұр. Санамнан өшпейді. Елбасы сенімі – ел сенімі. Президент жаңа партиялық жүйеге ерекше ден қойды. Ой, идея жарыстарымен қатар саяси реформалар жүріп жатты. Елбасының бастамасымен елімізде ірі конституциялық ре­формалар жүзеге асты. Оған сәй­кес, 2007 жылдың 18 тамызында Мәжіліс депутаттарын сайлау ал­ғаш рет пропорционалды сай­лау жүйесінің шартымен – пар­тиялық тізім бойынша жүзеге асты. Қазақстан азаматтары же­келеген үміткерлерге емес, пар­тиялық бағдарламаларға дауыс берді. Сонымен қатар жүргізілген саяси реформаларға сәйкес пар­тиялардың Парламенттегі өкілет­тілігін арттыру мақсатында елі­мізде алғаш рет Парламенттік фракциялар құрылды. Әлемдік тәжірибелерге сүйене отырып, саяси партияларды мем­лекет есебінен қаржыландыру мәселесі жолға қойылды. Елбасының «Нұр Отан» пар­тиясының ХІ съезінде: «Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихында дәл мұндай жалпыұлттық, шын мәніндегі халықтық партия бол­ған емес» – деп атап өтуі біз үшін барлық марапаттан жоғары бо­латын. «Нұр Отан» партиясының, оның Лидері Н.Назарбаевтың саяси көрегендігі арқасында рес­пуб­ли­када көппартиялық жүйе қалып­тасты. Ал «Нұр Отан» пар­тиясы нағыз халықтық партияға айналды.

ЕЛБАСЫ – БІЛІМ РЕФОРМАТОРЫ

Тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бастап Қазақстан Пре­зиденті Н.Назарбаев мемле­кетті дамытудың басты факторы білім мен ғылымда екенін атап көрсетті. Сондықтан да қалып­тасқан білім беру мен ғылымды дамытудың жаңа бағытын, ре­формаларын жасауды күн тәр­тібіне қойды. Ең алдымен Президент Н.Назарбаевтың білім беру мә­селесін мемлекеттің басым саяси бағыттарының қатарына қосқа­нын атап айту керек. Себебі тә­уел­сіздікті нығайту ең алдымен бі­лімі жетік, ғылымы берік мем­лекеттің ғана қолынан келетіні анық еді. Тәуелсіздіктің 30 жылдық биі­гінен сол өткен күндерде қолға алы­нып, жүзеге асырылған ре­фор­маларды сараптағанда оны үш кезеңге бөліп қарастырған жөн деп ойлаймын. Сонда Елбасының өзі тікелей қадағалап, бақылауда ұстаған реформалардың страте­гия­лық даму жолын анық көруге болады. Бірінші кезең ХХ ғасырдың 90-жылдарын қамтиды. Бұл кезеңде теңдесі жоқ білім беру жобалары жүзеге асырылды. Ал­дағы күндердің стратегиялық басымдықтарын айта отырып, Президент «Болашақ» бағдарла­масын жүзеге асырды. Бұл жоба 1993 жылы басталды. Қазір 13 мыңнан астам талантты қыз-жігіт осы жоба аясында оқып келіп, мемлекетіміздің түрлі саласында, Президент Әкімшілігінде, Үкі­метте, қаржы саласында, әкім­діктерде, жоғары оқу орында­ры­ның басшылықтарында абыройлы қызмет атқарып жүр. Президент білім мен ғылым саласын дамыту үшін арнайы заң­дардың қабылдануына ұйытқы болды. Осылай 1992 жылы «Білім туралы», 1993 жылы «Жоғары білім туралы» заңдар қабылданды. Өмір көрігінен өткен, өзі де терең интеллект иесі ретінде Н.Назарбаев білім саласының институттық даму жолына маңыз­ды қадамдар жасай отырып, са­ладағы жекеменшік секторды да ашуға жол көрсетті. Бұл білім беру саласындағы бәсекелестік ортаны қалыптастыруға мүмкіндік берді. Білім жүйесінің екінші өрлеу кезеңі өткен ғасырдың соңы және ХХІ ғасырдың алғашқы бес жылдығымен тұспа-тұс келеді деп есептеймін. Бұл кезеңде жаңа стра­тегиялық үрдістер кезеңі бас­талды. 1997 жылы Президент Н.Назарбаев мемлекетімізді да­мытудың 2030 жылға дейінгі даму бағдарламасын ұсынды. Бұл сол кезең үшін үлкен саяси шешім болды деп те айта аламын. Өйткені Президент бәсекеге қабілетті мем­лекет болудың алғышарты білімде жатқанын қадап айтты. Жаңа міндеттер қойылды. Орта білім беру саласы бо­йынша жүйені ақпараттандыру мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылды. Бұл 1997-2002 жыл­дарды қамтыды. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі де сол бағ­дар­ламаға енді. Ашығын айтқанда, 2001 жылы Қазақстан ТМД елдері арасында бірінші болып мек­тептерді 100 пайыз компьютермен қамтамасыз етті. Осы кезеңде Президент Н.Назарбаев талантты оқушы­ларды тауып, және оларды қолдау үшін «Дарын» бағдарламасын жариялады. Әрі ол ойдағыдай жүзеге асырылды. Сол кезеңде дарынды балаларға арналған 100-ден астам мектеп ашылды. Нә­тижесінде, Қазақстанның білім беру жүйесінің озық екенінің дәлелі ретінде, олар халықаралық жарыстар мен олимпиадалардың жүлдегерлері санатына қосылды. 2000 жылғы «Білім» мем­лекеттік бағдарламасы және 2005-2010 жылдарға арналған білім саласындағы мемлекеттік бағдар­лама ұлттық білім жүйесін модер­низациялауға мүмкіндік берді. Білім жүйесін жетілдірудің үшінші кезеңі 2006 жылдан бас­талып, күні бүгінге дейін ойда­ғыдай жалғасып келеді. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев әлемдік жоғары оқу орындарына пара-пар болатын университетті Қазақстанда ашуды қолға алды. Стратегиялық жоба жасалды. Оны құруды және оның бүкіл ғылыми бағытын айқындап берді. Осылайша, Назарбаев университеті өмірге келді. Ол жоғары білім берудің еуропалық үлгісіне сай жұмыс істей бастады. Сонымен қатар Қазақстан 2010 жылы Болон декларациясына енді. Осылай еліміздің білім беру жүйесі үш сатылы жүйеге көшті. «Бакалавр», «магистр», «доктор PhD». Елбасы, ұлт Көшбасшысы білімді елдің болашағына сенді. Назарбаев интеллектуалды мек­тептері бой көтерді. Ол болашақта білім беру жүйесінің ортақ мо­деліне айналмақ. Президенттің 2010 жылғы 7 желтоқсандағы Жарлығымен Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағ­дарламасы бекітілді. Мемлекеттік бағдарламаның негізгі бағыттары Президенттің 2011 жылғы қаңтар айындағы Қазақстан халқына Жолдауында нақтылана түсті. Міне, осы сәттен бастап Қа­зақстанда кадр дайындаудың жаңа жүйесі қалыптасты және орнықты. Сондықтан да Елбасы, Қазақ­станның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевты білім жүйесінің реформаторы деп нық сеніммен айта аламын.

ЕЛБАСЫНЫҢ РУХАНИ ӘЛЕМІ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың рухани әлемі өте бай. Ол – ата-баба­мыздан ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ұлттық дәстүрлерді, сондай-ақ елімізде тұратын көп­теген ұлттың әдеби-мәдени өрісін жетік білетін ғалым. Сүйінбай, Жамбыл сияқты ұлы алыптардың ұрпағы ретінде Елбасы сөзден өрнек түйеді. Баяндамаларында, мақалаларында, сұхбаттарында, халыққа арнаған Жолдауларында мақалдар мен мәтелдерді қалай орынды кірістіреді деп қызыға оқисың. Егемендігіміздің басында Нұрсұлтан Әбішұлы ерекше еңбек жазды. 1999 жылы «Тарих тол­қынында» атты кітабы жарық көрді. Бұл шын мәнінде қазақтың мәдени тарихының энциклопе­диясына айналды. Кітап өзінің архитек­тони­касымен ерекшеленді. Мысалы, бұл кітапта бабаларымыздың бес мың жылдық тарихы бар десем артық айтпаспын. Елбасы кезінде «Рухы мықты халық қана мықты мемлекет құра алады» деп жазып еді. Тарихтың алмағайып заманын бастан өт­керген халқымыз 1991 жылы 16 желтоқсанда өз тәуелсіздігін жа­риялады. Ата-баба аманаты орын­далды. Егемен ел құру мақсатын Елбасы Н.Назарбаев жүзеге асырды. Ол халқымыздың руха­ниятын зерттеуді, ұлы жәдігер­лерді халық кәдесіне жаратуды ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Президенттің тікелей қам­қорлығы арқасында «Мәдени мұра» бағдарламасы жүзеге асы­рылды. Мысалы, М.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер инс­титутының ғалымдары осы бағ­дарлама аясында қазақ фольк­ло­рының 100 томдығын шығарды. Бұл әлемдегі тұңғыш шығарылған 100 томдық серия болды. Р.Сүлей­менов атындағы Шығыстану институтының ғалымдары шет­елдегі қазақ тарихына қатысты мол жәдігер тауып, оны жариялап, ғылыми айналымға қосты. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ұжымы ежелгі тарихымызға қатысты көптеген деректі жинастырып, арнайы кітап етіп шығарды. Жалпы алғанда, бүкіл гу­ма­нитарлық ғылыми-зерттеу инс­титуттары Президенттің бағдар­ламасына сай өте ауқымды жұ­мыс­тар жүргізді. Бұл қазақ хал­қының әлемдік өркениеттегі алатын орнын айғақтады. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев 2014 жылы тамызда «Хабар» телеарнасына Ұлытаудағы қасиетті бұлақ басында сұхбат берді. Онда Қазақстан қоғамының рухани негізін дамытуға бай­ла­нысты дін мен тілдің даму процес­теріне ерекше назар аударды. Жаңа қазақстандық патрио­тизмнің, патриоттық тәрбие негізі Ұлт көшбасшының айтуынша: «ең алдымен ел мен оның жетіс­тіктері үшін мақтаныш». Расы солай. Ойлы, білімді, көптілді ұрпақ өз ұлтының ұлы ескерткіштерін кеңірек білген сайын олардың өз ұлтына деген мақтанышы мен махаббаты арта түсетіні анық. Президент сұхбаты осындай ойларға жетелейді. 2017 жылдың 12 сәуірінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Бо­лашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланды. Бұл сөз жоқ, Қазақстанның жаңа даму кезеңін айғақтады. Өйткені тәуел­сіздіктің алғашқы жылдары «Әуелі – экономика» саясатын ұстансақ, енді саяси реформа жасалды. Ал кез келген саяси реформа ең ал­ды­мен ұлттық рухты көтеруден бас­талады. Сондықтан да Прези­дент экономика мен ұлттық жаң­ғырудың тұтастығын қамтамасыз ете отырып: «Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қа­тарына қосылу», – деп нақты мақ­сат қойды. Өркениетті 30 ел­дің қатарына қосылу үшін Пре­зи­дент қоғам ең алдымен адамдар­дың ұлттық жаңғырумен байла­нысты екенін көрсетті және оны нақты мысалдармен дәйек­теді. «Туған жерге туыңды тік» бағ­дар­ламасы халық сүйіспеншілігіне ие болды. Әлемнің озық 100 оқу­лы­ғы аударылып, жарияланып жа­­тыр. Ұлттық аударма бюросы бар. «Қазақстанның киелі жер­лерінің географиясы» бағдар­ла­масы да ішкі және сыртқы ту­ризмді дамытуға жол ашты. Латын әліпбиіне көшу пы­сық­талып, лингвистер оны жетілдіруге байланысты жұмыстар жүргізіп жатыр. «Қазақстандағы жүз жаңа есім» жобасы тәуелсіздік жылдары жарқ етіп көрінген сан түрлі этнос өкілдерінің есімдерін тануға мүмкіндік береді. Қорыта айтқанда, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдар­ламасы өткен тарихымыз бен тәуелсіздік әкелген ұлттық құн­ды­лықтарымыздың сабақтастығын айғақтайды. Мемлекет басшысының 2018 жылғы 21 қарашада жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы да халқымыздың әлем­дік өркениетке қосқан үлесін ашып берді. Өйткені Президент жоғарыда аталған барлық мем­лекеттік жобаның қорытындысы ретінде Ұлы даланың жеті қырын ашады: Елбасы Н.Назарбаев ұлт та­рихындағы сан қилы деректерді саралай отырып, рухы биік, са­насы мен біліктілігі жоғары ұрпақ тәрбиелеудің жаңа кон­цепциясын ұсынды. Тәуелсіз еліміздің 30 жылдық мерекесі қарсаңында Қазақ­стан­ның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың рухани әлемі туралы шолу жасай отырып, оның тарих таңдаған тұлға екенін атап өткім келеді.

Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ, Парламент Сенатының депутаты, ҰҒА академигі