Этносаралық татулықты көздеген іс-шара
Этносаралық татулықты көздеген іс-шара
Түркістан облысы әкімдігі және «Nur Otan» партиясы саяси ме­неджмент мектебінің ұйымдастыруымен «Этносаралық қақты­ғыс­тардың алдын алу жолында оның механизмі мен алгоритмін қалып­тастыру» тақырыбында семинар өтті. Мұнда этносаралық тату­лықты сақтау, қоғамдық келісімді нығайту, дау-дамайдың алдын алу бағытында келелі ойлар айтылды. Жиынға Ұлттық қауіпсіздік коми­теті мен құқық қорғау органдарының өкілдері, жергілікті атқарушы би­ліктің идеология саласына жауапты бөлім басшылары, ғалымдар, сарап­шылар, ҚХА өкілдері қатысты. Семинарды Түркістан облыстық Қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев жүргізіп отырды. Ол қоғамдық келісімді ны­ғайту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға, жоспарланған міндет­тердің орындалу жағдайына тоқ­талды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев этносара­лық қақтығыстардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту керегін мәлімдеді. Бұл ретте атқару­шы органдар мен құқық қорғау са­ласы өкілдерінің біліктілігін арттыру­дың маңызын ескертті. Сондай-ақ тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев «Қазақстан: ұлтаралық қарым-қатынастар тарихы, қазіргі уақыттағы этносаралық қарама-қай­шылықтар және этномәдени ықпал­дастық мәселелері» тақырыбында баяндама жасады.
«Бүгінгі семинар өте маңызды. Қазақстан – унитарлы мемлекет. Дегенмен мемлекет құраушы қазақ ұлтынан бөлек этностар да өмір сүреді. Біз мультимәдениетті ортаны қалыптастыруымыз қажет. Адамдар бір-бірімен санасып, тату-тәтті тұруы тиіс. Тату ел ғана қарыштап дами алады. Ал енді ішінде ымырасы жоқ, татулығы жоқ елдің болашағы да жоқ. Түркістандағы жиында осы мәселені арнайы талқылайын деп отырмыз. Әрине, елде этносаралық оқиғалар болды. Бұл кикілжіңдер әлеуметтік мә­селелерден, уақытында шешілме­ген түйткілдер мен әділетсіз шешім­дердің салдарынан туындайды. Сондықтан осы салаға жауапты ма­мандар, басшылар әрбір мәселені бақылап, уақытында әрекет етулері керек. Арнайы алгоритм мен жұмыс жоспары, жауапкершілік болғаны жөн», – деді Ж.Артықбаев.
Қолданбалы этносаяси инсти­туты Әлеуметтанулық зерттеулер де­партаментінің бас менеджері Дулат Өтеғали «Қақтығыстардың алдын алу тетігі, оның қолданылуы және кем­ші­ліктері. Қақтығыстарға ден қою ша­ра­ларының алгоритмі» тақыры­бын­да ой қозғады. Қатысушылар спи­керлерге сұрақтарын қойып, пі­кір алмасты. Семинар соңында қа­ты­су­шыларға сертификаттар тап­сы­рылды.