Субсидия ұрлағандар тобы ұсталды
Субсидия ұрлағандар тобы ұсталды
125
оқылды
Құзырлы органдар мемлекеттік субсидия қаржысын ұрлағандарды әшкерелеуді жалғастыруда. Түркістан облысында Қаржылық мониторинг агенттігі осы демеу қаражатты жымқыру дерегінің жолын кесті. Әлеуметтік тө­лем­дерді, ауыл шаруа­шылығы саласындағы мемсубсидияларды және өзге де бюджет қаражатын талан-таражға қарсы тұру мақса­тын­да агенттік «Қазына» жедел-іздестіру іс-шараларын жүр­гізуде. Мемлекет басшысы атап өткен­дей, бюджеттен әрбір теңге мақ­саты бойынша жұмсалуы тиіс. Осы орайда агенттіктің Түркістан облысы бойынша аумақтық департа­ментінің қызметкерлері «Қазына» жедел алдын алу шарасы аясында «Сыбаға» мемлекеттік бағдар­лама­сы бойынша бөлінген қаражатты жымқыру дерегінің жолын кесті. Іс материалдарында айтылған­дай, Е.Күзенбаев пен Р.Пайсханов «Балабоген-7» ЖШС атынан «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-нан асылтұқымды мал сатып алуға 380 миллион теңге несие қаражатын алады. Алайда кор­порацияға бұл қаражатты Ресейден асыл сиырлар сатып алуға «Меркит» ЖШҚ шотына аудару туралы жалған құжаттар ұсынылады. Бұдан ары олар несие шарты­ның бір бөлігін өтеу үшін деп, Түркістан облысы әкімдігінің Ауыл шаруашылығы басқармасынан 131 миллион теңгеден астам сомаға қосымша мемлекеттік субсидиялар алыпты. Бұл ретте, 585 бас ірі қара мал нақты сатып алынбаған. Тек Жануарларды есепке алу дерекқорына жалған мәліметтер енгізілген. Нәтижесінде, 250 миллион теңге жымқырылған және мақсатқа сай пайдаланылмаған. Осы қыл­мысы үшін Р.Пайсханов 6 жылға, Е.Күзенбаев 5 жылға бас бостан­дығынан айырылды.

Ерік ЕРДЕНОВ