Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев «Nur Otan» партиялық бақылау комиссиясының отырысында өңірде тұрғын үй қорын реновациялау және күрделі жөндеу қалай жүріп жатқаны туралы айтып берді. Қазіргі күні Қызылжар қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 53 көппәтерлі үй салынып жатыр. «Жалға берілетін 8 коммуналдық үйдің ішінде биыл Петропавл қаласы мен Мамлют ауданында 330 пәтерлік 4 үй пайдалануға беріледі. Сонымен қатар 1 583 пәтерлік 15 несие үйін пайдалануға беру жоспарланған. Бұл іс-шаралар мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары шеңберінде «Отбасы банк» АҚ бірыңғай операторы арқылы жоспарланады. Жеке инвестициялар есебінен Петропавл қаласы мен Шал ақын ауданында 1367 пәтерлі 23 үй салынуда», – деді Сәтжан Аблалиев. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй қорын реновациялау арқылы облыс орталығындағы 3 учаскедегі құрылыстар бұзылатын болды. Олардың арасында Алтынсарин – Амангелді – Позолотин көшелерінің шекарасындағы учаскелер, Новаторная – Ш.Уәлиханов көшелері және Жамбыл – Партизанская – Парковая учаскелері бар. СҚО әкімі орынбасарының айтуынша, бұл жерлерде 221 пәтерлік көпқабатты үш үй салынатын болады. Сонымен қатар облыста тұрғын үйді күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде өңірде 1 837 көпқабатты тұрғын үй бар. 2011-2020 жылдар аралығында бағдарлама аясында 170 үй жөнделді, 2021 жылы 15 көппәтерлі үйге күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Жұмыстар бюджет қаражаты есебінен атқарылады. Партиялық бақылау комиссиясының отырысында «Nur Otan» партиясы Петропавл қалалық филиалы мен «Болашақ» бастауыш партия ұйымында партиялық бақылауды ұйымдастыру және партия ішіндегі тәртіпті нығайту мәселелері талқыланды.