Елбасының өсиеті сарапталған дөңгек үстел
Елбасының өсиеті  сарапталған дөңгек үстел
217
оқылды
Кеше Қазақстан Стратегиялық зерттеулер институты мен Қазақстан Республикасы Президентінің жанын­дағы Орталық коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен «Елбасы аманаты: елдіктің жеті тұғыры» – «Жаңа дәуірдің шешуші бағдары» атты дөңгелек үстел өтті. Жиын барысында отандық қоғамдық-гуманитар­лық ғылым өкілдері – тарихшылар, әлеуметтанушылар, экономистер, саясаттанушылар, өнертанушылар Елбасының өсиетін талдау бойынша сараптамалық талқылау өткізді.

Аманаттың басты бенифициары – жастар

Жеті тұғырдың «Тәуелсіздік – әрбір азаматтың іргелі құндылығы» атты алғаш­қысы туралы Қазақстан Президентінің жанындағы ҚСЗИ директоры, Ұлттық ғылым академиясының академигі Зарема Шәукенова бірінші болып баяндама жасады. Ол Нұрсұлтан Әбішұлының «Елдіктің жеті тұғыры» аманатының басты адресаты және бенефициары жастар екеніне тоқ­талды. «Қазір Қазақстанның халық саны 19 миллионнан астам адамды құрайды. Олар­дың жартысына жуығы тәуелсіз елде туып, бүкіл өмірін егеменді елде өткізгендер. Сондықтан олар тәуелді болып өмір сүрудің не екенін білмейді. Олай дейтінім, елімізде 28 жасқа дейінгі қазақстан­дықтардың үлесі 48,5%-ды құрайды. Жас қазақстандықтың орташа келбеті оның адамдық және азаматтық құқығының мызғымастығына сенімділігімен сипатталады. Қазақстандық қыздар мен ұлдар өз болашағын таңдау құқығына шектеулердің болуы дегеннің не екенін білмейді. Олар өткеннің идеологиялық шаблондарынан ада. Оларға бүкіл әлем, әлемдік өркениеттің – мәдениет, ғылым, техника барлық жетіс­тіктері ашық», – деді ол. Расында да, қазақстандық жастардың жоғары сапасы – тәуелсіздіктің ең басты жетістігі. Сонымен қатар жастардың өз құ­қығы мен мүмкіндіктерін сөзсіз норма, табиғи жағдай ретінде қабылдауы тәуел­сіздіктің жас ұрпақ санасынан іргелі құн­дылық ретінде терең сіңгенін айғақтайды.

Ассамблея – татулық институты

Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты (ҚЭЗИ) директорының орынбасары, әлеуметтану ғылымдарының докторы Айгүл Сәдуақасова дөңгелек үстел кезінде «Бірлік пен келісім – мемле­кет­тігіміздің мызғымас негізі» атты баяндамасында іргелі құндылықтар туралы айта келе Елбасының саяси ерік-жігерінің арқасында елімізде этникалық және діни көзқарасына қарамастан азаматтық теңдіктің инсти­туционалдық тетіктері құрылғанын және дәйекті түрде жетілгенін атап өтті. «Біздің полиэтностық даму – ресурс ретінде үлкен әлеуетке ие. Ассамблея – азаматтық және патриотизм қағидаттарын нығайту үшін құрылған институт. Этно­саралық қатынастар қоғамдағы құқықтық, әлеуметтік, экономикалық қатынастардың барлық кешенін көрсететін лакмус қағазы­ның бір түрі болып қала береді. Бірақ ең алдымен этносаралық қатынастар қоғам­дағы эмоционалды, рухани, мораль­дық-этикалық нормаларды көрсетеді», – деді ол.

«Прагматизм – бәсекеге қабілеттілік кепілі»

Өз кезегінде «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры, ХБА іскерлік әкімшілендіру магистрі Рауан Кенжеханұлы жаңа дәуірде халқымызға ерекше қажет «Прагматизм – бәсекеге қабілеттілік кепілі» деген қағидаға тоқ­талды. Баяндамашы прагматизм бәсекеге қабілеттіліктің кепілі, қазіргі өмірге қа­жетті мінездің өзегі екенін атап өтті. Прагматизм – үнемшілдік, ұстамдылық, уа­қыт­ты ұтымды пайдалана білу дегенді біл­діреді. «Прагматизм өмір сүру сапасына, қоғамның дамуына және жаңа дәуірге қарай қозғалыстағы басты ұстаным екенін түсіну керек. Мағынасыз амбициялардан арылу керек, мағынасыз шығындардан, пайдасыз әрекеттерден, жаман әдеттерден және тағы басқасынан. Осы көзқарасты ұстанған қазақстандық қоғам жаңа заманауи мәдениетті құра алады. Бұл әлемдік ғылым мен техниканың барлық заманауи идеялары мен жаңалықтарын бойына сіңірген мәдениет болады және мұнымен бірге ол халықтың тарихи дәстүрлері мен құндылықтарына негізделеді. Сонда ха­лық­тың білім деңгейінің жоғарылауымен адами капиталды дамыту үшін тамаша жағдайлар жасалатын болады, сайып кел­генде біздің бүкіл дамуымыздың табысы осыған байланысты болады», – деді ол. Дөңгелек үстелді қорытындылай келе модератор, Президент жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина сарапшылар қауымдастығының міндеті талдау, түсіну және түсіндіру екеніне тоқталды. Бұл, әсіресе «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің отырысында Елбасы ұсынған «Мемлекеттіктің жеті тұғыры» қағидаттар кешенін сарапшылық талқылау барысында болған қызу пікір алысу жағдайында айқын байқалады. «Қазақстандық қоғамда жоғары рухани-адамгершілік құндылықтарды, прогрессивті әлеуметтік мұраттарды орнық­тыру Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев саясатының басты императиві. Өткен аптада өткен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің отырысында Тұңғыш Президентіміз 30 жылға созылған жасампаздық жолын халқымен бірге ең­серіп, жаңа кезеңнің белестерін айқындап, жас ұрпаққа Үндеу жолдады. Ол – «Мем­лекеттіліктің жеті тұғыры» деп аталатын нақты және бейнелі түрде аталған қағи­далар жиынтығы, әрбір қазақстандыққа жақын және түсінікті жеті негізгі құнды­лық. Сондықтан Елбасының «Елдіктің жетi тұғыры» атты жас ұрпаққа Үндеуі өте уақытылы жарияланды», – деді ол.