Жалақы өскенімен жағдай өзгере ме?
Жалақы өскенімен жағдай өзгере ме?
©А.Ахметқазы
547
оқылды

Еліміздегі жалақы көлемі көрші елдермен салыстырған­да жылдам өсіп келе жатқаны белгілі болды. Соңғы тоғыз жылға жуық уақытта мемлекеттік қызметкерлердің жа­ла­қысы жыл санап өсіп келеді. Кімдердің жалақысы көтерілді? Үкімет уәде еткен сома барлығының қолына бірдей берілді ме? Келесі жылдан бастап қандай сала мамандарының айлығы артады?

Сарапшылардың есебіне сү­йенсек, қазақстандықтардың ай­лығы Ресейге қарағанда едәуір жылдам өсіп келеді. Мәселен, биыл үшінші тоқсандағы статистикалық көрсеткіш бойынша елдегі но­ми­налды орташа айлық жалақы 19,3 пайызға өскен. Қазір қазақстан­дықтардың орташа жалақысы 245 715 мың теңгені құраса, Ресейде жалақының орташа көлемі ша­мамен 310 мың теңге болады екен. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында келесі жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 60 мың теңгеге, 2022-2025 жылдар аралығында 591 мың азаматтық қызметшілердің айлығын орта есеппен 20 пайызға көтеруді тап­сырған болатын. Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау министр­лігінің Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің ди­ректоры Қымбат Әлиакпарқы­зы­ның айтуынша, ең төменгі жалақы алатындардың қатарына біліктілікті қажет етпейтін қарапайым қызмет­керлер кіреді. Бұл дегеніңіз Жол­дауға сәйкес, алдыңғы кезекте осы қарапайым жұмысшылардың жа­лақысы жаңа жылдан бастап 42 мың 500 теңгенің орнына 60 мың тең­геге дейін ұлғаяды. Бұл шара әр­түрлі меншік нысанындағы кә­сіп­орындардың барлық саласында жұмыс істейтін 1,650 млн адамның ақшалай табыстарының өсуіне себепші болады. Бірінші кезекте бұған дейін ең төменгі айлық алып келгендерге қатысты. Екіншіден, жұмыстың күрделілік деңгейіне және жұмысты орындау үшін қажетті біліктілікке байланысты басқа санаттар үшін төлем артады. Демек, жалақы деңгейін белгілеу кезінде ЕТЖ көрсеткішін пайда­ланатын жұмыс берушілер де қыз­меткерлердің басқа санаттарының жалақысын қайта қарайды.

Техниктер мен кітапханашылардың айлығы 600 мың

Министрлік өкілінің айтуынша, жалақының кез келген өсімі еңбек өнімділігіне тікелей байланысты. Биыл еліміздің 615 кәсіпорнында 586 мың жұмыскердің жалақысы орта есеппен 20 пайызға артқан. Со­нымен бірге мемлекет өз тара­пы­нан бизнесті дамытуға ерекше кө­ңіл бөліп қана қоймай, жұмыс бе­ру­шілер мен кәсіпкерліктерге са­лық, субсидиялар, жеңілдікті кре­дит беру секілді мүмкіндіктерді қарас­тырған. Бұл да өз кезегінде биз­несті қолдау арқылы жұмыс беру­шілердің өз қызметкерлерінің жалақысын өсіруге ынталандыру болады екен. Ал 2023 жылғы 1 қаң­тардан бастап тиісті төлем жүйелері дайындалып, жиынтық жүктемені 34 пайыздан 25 пайызға дейін төмендету көзделіп отыр. Сондай-ақ азаматтық қызмет­ші­лердің жекелеген санаттарына жататын 591 мың қазақстандықтың жалақысын көтеру де жоспарланған. Министрліктің жоспары бойынша төрт жыл ішінде азаматтық қыз­метшілердің жекелеген санаттары – кітапханашылар, техникалық персонал және басқаларының жа­лақысы 2 есеге артады. Ал 2023 жылғы 1 қаңтардан бас­тап тиісті төлем жүйелері дайын­далып, жиынтық жүктемені 34 па­йыз­дан 25 пайызға дейін төмендету көз­деліп отыр. Сондай-ақ азамат­тық қызметшілердің жекелеген са­­нат­тарына жататын 588 мың қазақ­стандықтың жалақысын көтеру де жоспарланған. Министр­ліктің жос­пары сәтті жүзеге асса, 4 жыл­дан кейін техниктер немесе кітап­ханашылар да 600 мың айлық алуы мүмкін. Мысалы, кітапха­на­шы­лардың қазіргі айлығы 90 мың тең­геге де жетпесе, 2025 жылы 178 мың теңгені құрайды. 60 мың теңге ай­лық алатын техниктерге де төрт жылдан соң 120 мың теңге жалақы төленеді. Сөйтіп, 1,2 миллионға жуық азаматтық қызметшінің жа­лақысы жоспарға сәйкес жоға­ры­лауы тиіс.

Екі жылда 248 мың теңге

Сонымен қатар Үкімет бюджет саласы қызметкерлерінің жалақы деңгейін арттыру жөнінде де дә­йекті шаралар қабылдап жатыр. Осылай деген министрлік маманы: «Былтырдан бастап педагогтердің жалақысы кезең-кезеңімен артып жатыр. Ал 2023 жылға қарай олар­дың жалақысы тағы 2 есеге өседі. Мысалы, егер 5-7 жыл өтілі бар мұ­ғалімнің жалақысы екі жыл бұ­рын 210 мың теңгені құраса, 2023 жылға қарай ол 412 мың теңгеге дейін ұлғаяды. Биылдан бастап медициналық және әлеуметтік қызметкерлердің жалақысын да кезең-кезеңімен арттыру басталды. Соның нәтижесінде 4 жыл ішінде олардың жалақысы 2 есеге өспек. Егер 5-7 жыл өтілі бар медбикенің жалақысы екі жыл бұрын 115 мың теңгені құраса, 2023 жылға қарай оның мөлшері 204 мың теңге бо­лады. Осыған ұқсас еңбек өтілі бар әлеуметтік қызметкердің жалақысы 94 мың теңгеден алдағы екі жылда 248 мың теңгеге дейін артады», – дейді Қымбат Әлиакпарқызы.

Кімдердің айлығы жоғары?

Елдегі ең көп жалақы әдетте­гідей тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу саласына тиесілі. Саланың басшылары ала­тын ай сайынғы жалақы 1 млн 204 мың теңге. Қатардағы қызметкер­лердің жалақылары 500 мыңнан асып жығылады. Бұл – жалпы ел бойынша орташа жалақыдан 5,2 есе жоғары деген сөз. Одан кейінгі жо­ғары жалақы әуе көлігін басқа­рушылардікі. Олардың айлығы да 1 млн-нан асады. Қаржы және сақ­тандыру қызметкерлері – 452,8 мың теңге, кәсіби, ғылыми және техникалық қызметкерлер – 369,5 мың теңге, ақпарат және байланыс саласы мамандары 331,1 мың теңге жалақы алады делінеді. Ең төменгі жалақы сумен жабдықтау, қалдық­тарды жинау, өңдеу және жою, ластануды жою қызметкерлеріне тиесілі. Олардың жалақысы 154,9 мың теңге. Ауыл, орман және ба­лық шаруашылығы саласы маман­дары 167,5 мың теңге айлықты қанағат тұтып келеді. Кейбір өңірде ауыл, орман және балық шаруа­шылығында білікті мамандардан жоғары жалақыны ауыл шаруа­шылығы өндірісінің тракторшы-машинистері 100 мың теңгеден төмен айлық алуы да мүмкін.

Айырмашылықты әлі түсірмеген

Есте болса екі жыл бұрын Мем­лекет басшысы әскерилердің ай­лығы 70 пайызға артатынын айтқан еді. Ал биыл олардың жалақылары тағы 70 пайызға өсетінін жеткізді. Алайда алдыңғы 70 пайызды кейбір әскери қызметшілер өңі түгілі тү­сінде көрмеген. «Былтыр 70 пайыз қо­сылады деген. Бірақ жолдасым­ның айлығына уәде етілгендей 70 емес, 30 пайыз қосты. Кейін айыр­машы­лығын қайта есептеп, есеп­шотқа түсіреді деді. Бір жыл болды, есеп­шотқа ешқандай ақша ауда­рылған жоқ. Сонда айтылған сома ми­нистр­ліктің қызметкерлеріне түсіп, қақаған аязда полигонда жүріп, сарбаз дайындайтын, апта­ның алты күні жұмыс істейтін әс­ке­ри­лерге уәде етілген жалақы жет­­пей отыр», – дейді әскери қыз­меткердің жұбайы Раушан Әбдімомынова.

Есепшотына есеп жүргізбейтіндер

Сондай-ақ елдегі мұғалімдер мен дәрігерлер сияқты соңғы үш жылдан бері ішкі істер органдары қызметкерлерінің де лауазымдық еңбекақысы орта есеппен 30 па­йызға өскен. Бұдан бөлек, Ұлттық ұлан қызметкерлерінің де айлық жалақысы біртіндеп артып келеді. Ол бойынша 2021-2023 жылдары офицерлердің жалақысын 70, ке­лісімшарт бойынша қызмет ететін әскерилердің еңбекақысын 60 пайызға арттыру көзделген. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, патрульдік полиция қызметкерле­рі – 65%, жедел-тергеу бөлімше­лері – 55%, оқытушылар – 25%, по­ли­цияның қалған қызметтері мен ҚАЖ мамандары жалақысына 20% қосылған. 2020 жылы құқық қорғау қызметкерлерінің айлығы мүлдем өспеген. Бірақ былтырдан бастап төменгі лауазымдардың, оның ішінде қатардағы және кіші басшы құрамының лауазымдық айлықтары 33%-ға, жалақысы төмен учаскелік полиция инспекторлары көмек­шілері, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлар, УҰИ, кинологиялық қызмет қыз­меткерлері, табиғат қорғау поли­ция­сы, айдауыл қызметі, Маман­дандырылған күзет бөлімшелері, пойыздарды алып жүру батальоны, ҚАЖ мекемелері секілді аумақтық органдардың инспекторлық құ­рамы мен оқу орындары қызмет­керлерінің лауазымдық екбек­ақы­лары 18%-ға артқан. Енді алдағы екі жылда учаскелік полиция инспек­торларының лауазымдық айлық­тарына тағы 30%, орталық аппа­раттың патрульдік полициясы мен инспекторлық құрамы қызмет­керлеріне 15%, аумақтық орган­дардың жедел-тергеу бөлімшелеріне 22%, аумақтық бөлімшелердің қал­ған қызметкерлерінің лауазым­дық айлықтарына 7-11% қосылады. Бірақ есепшоттарына есеп жүр­гізбейтін полицейлер айлықтары нақты қанша пайызға өсіп жатқа­нын білмейтін болып шықты.

60 мың алатындар армандамаса болады

Экономист Дархан Мәдибаев: «Орташа айлық жалақыны есеп­теудің математикалық формуласы біреу. Мысалы, әр облыс бойынша орташа жалақы мөлшерін бір-біріне қосып, одан шыққан санды облыс санына бөліп тастайды. Сөйтеді де орташа жалақы мөл­шерін есептеп шығарады», – дейді. Осы себептен де орташа айлық жалақыны қара­пайым халық әлі түсінбейді. «Егер елдегі орташа айлық жалақы 245 715 теңге болса, елорданың өзінде өз саласының білікті мамандары қо­лына бар болғаны 100 мың алады. Үкімет орташа айлық жалақыны өсіру арқылы жалақысы жылда өс­пейтін өзге мамандықтарды қиын жағдайға жеткізіп отыр. Көрші елмен салыс­тырғанда жалақы жыл­да өскенімен, несие алушылардың да күрт өсіп отырғаны осының ай­ғағы», – дейді Нұр-Сұлтан қала­сының тұрғыны Жаңыл Әбсеметова. Дегенмен Ең­бек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек және әлеуметтік әріптестік департамен­тінің директоры Қымбат Әлиак­паркызы «Елдегі ең төменгі жалақы мөлшерінің ұлғаюы басқа қыз­мет­керлердің жалақысын өсіру дегенді білдірмейді» деп отыр. Де­мек, елдегі орташа жалақы мөлше­рінен де аз алатын жоғары оқу ор­нын бі­тірген білікті қызметкердің жа­лақысы 200 мың теңге болса, оның да айлығы артпайды. Өйткені ми­нистрлік ең алдымен жалақысы 60 мың теңгеден төмен адамдардың табысын арттыруды алдыңғы ке­зекке шығарып отыр. Жалақысы 60 мың теңгеден жоғары жұмыс­шы­лардың министрліктің жос­парынан дәмеленбесе де болады. Сол үшін де мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы көте­рілсе, өзге салада қызмет іс­тейтіндер күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылады. Өйткені жыл сайын өсетін жалақының әдет­тегідей жауапкершілік серік­тес­тіктер мен акционерлік қоғам жұ­мысшыларына қатысы жоқ.