Еліміздегі жалақы көлемі көрші елдермен салыстырғанда жылдам өсіп келе жатқаны белгілі болды. Соңғы тоғыз жылға жуық уақытта мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы жыл санап өсіп келеді. Кімдердің жалақысы көтерілді? Үкімет уәде еткен сома барлығының қолына бірдей берілді ме? Келесі жылдан бастап қандай сала мамандарының айлығы артады?
Сарапшылардың есебіне сүйенсек, қазақстандықтардың айлығы Ресейге қарағанда едәуір жылдам өсіп келеді. Мәселен, биыл үшінші тоқсандағы статистикалық көрсеткіш бойынша елдегі номиналды орташа айлық жалақы 19,3 пайызға өскен. Қазір қазақстандықтардың орташа жалақысы 245 715 мың теңгені құраса, Ресейде жалақының орташа көлемі шамамен 310 мың теңге болады екен. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында келесі жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 60 мың теңгеге, 2022-2025 жылдар аралығында 591 мың азаматтық қызметшілердің айлығын орта есеппен 20 пайызға көтеруді тапсырған болатын. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің директоры Қымбат Әлиакпарқызының айтуынша, ең төменгі жалақы алатындардың қатарына біліктілікті қажет етпейтін қарапайым қызметкерлер кіреді. Бұл дегеніңіз Жолдауға сәйкес, алдыңғы кезекте осы қарапайым жұмысшылардың жалақысы жаңа жылдан бастап 42 мың 500 теңгенің орнына 60 мың теңгеге дейін ұлғаяды. Бұл шара әртүрлі меншік нысанындағы кәсіпорындардың барлық саласында жұмыс істейтін 1,650 млн адамның ақшалай табыстарының өсуіне себепші болады. Бірінші кезекте бұған дейін ең төменгі айлық алып келгендерге қатысты. Екіншіден, жұмыстың күрделілік деңгейіне және жұмысты орындау үшін қажетті біліктілікке байланысты басқа санаттар үшін төлем артады. Демек, жалақы деңгейін белгілеу кезінде ЕТЖ көрсеткішін пайдаланатын жұмыс берушілер де қызметкерлердің басқа санаттарының жалақысын қайта қарайды.Техниктер мен кітапханашылардың айлығы 600 мың
Министрлік өкілінің айтуынша, жалақының кез келген өсімі еңбек өнімділігіне тікелей байланысты. Биыл еліміздің 615 кәсіпорнында 586 мың жұмыскердің жалақысы орта есеппен 20 пайызға артқан. Сонымен бірге мемлекет өз тарапынан бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөліп қана қоймай, жұмыс берушілер мен кәсіпкерліктерге салық, субсидиялар, жеңілдікті кредит беру секілді мүмкіндіктерді қарастырған. Бұл да өз кезегінде бизнесті қолдау арқылы жұмыс берушілердің өз қызметкерлерінің жалақысын өсіруге ынталандыру болады екен. Ал 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап тиісті төлем жүйелері дайындалып, жиынтық жүктемені 34 пайыздан 25 пайызға дейін төмендету көзделіп отыр. Сондай-ақ азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарына жататын 591 мың қазақстандықтың жалақысын көтеру де жоспарланған. Министрліктің жоспары бойынша төрт жыл ішінде азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттары – кітапханашылар, техникалық персонал және басқаларының жалақысы 2 есеге артады. Ал 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап тиісті төлем жүйелері дайындалып, жиынтық жүктемені 34 пайыздан 25 пайызға дейін төмендету көзделіп отыр. Сондай-ақ азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарына жататын 588 мың қазақстандықтың жалақысын көтеру де жоспарланған. Министрліктің жоспары сәтті жүзеге асса, 4 жылдан кейін техниктер немесе кітапханашылар да 600 мың айлық алуы мүмкін. Мысалы, кітапханашылардың қазіргі айлығы 90 мың теңгеге де жетпесе, 2025 жылы 178 мың теңгені құрайды. 60 мың теңге айлық алатын техниктерге де төрт жылдан соң 120 мың теңге жалақы төленеді. Сөйтіп, 1,2 миллионға жуық азаматтық қызметшінің жалақысы жоспарға сәйкес жоғарылауы тиіс.Екі жылда 248 мың теңге
Сонымен қатар Үкімет бюджет саласы қызметкерлерінің жалақы деңгейін арттыру жөнінде де дәйекті шаралар қабылдап жатыр. Осылай деген министрлік маманы: «Былтырдан бастап педагогтердің жалақысы кезең-кезеңімен артып жатыр. Ал 2023 жылға қарай олардың жалақысы тағы 2 есеге өседі. Мысалы, егер 5-7 жыл өтілі бар мұғалімнің жалақысы екі жыл бұрын 210 мың теңгені құраса, 2023 жылға қарай ол 412 мың теңгеге дейін ұлғаяды. Биылдан бастап медициналық және әлеуметтік қызметкерлердің жалақысын да кезең-кезеңімен арттыру басталды. Соның нәтижесінде 4 жыл ішінде олардың жалақысы 2 есеге өспек. Егер 5-7 жыл өтілі бар медбикенің жалақысы екі жыл бұрын 115 мың теңгені құраса, 2023 жылға қарай оның мөлшері 204 мың теңге болады. Осыған ұқсас еңбек өтілі бар әлеуметтік қызметкердің жалақысы 94 мың теңгеден алдағы екі жылда 248 мың теңгеге дейін артады», – дейді Қымбат Әлиакпарқызы.Кімдердің айлығы жоғары?
Елдегі ең көп жалақы әдеттегідей тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу саласына тиесілі. Саланың басшылары алатын ай сайынғы жалақы 1 млн 204 мың теңге. Қатардағы қызметкерлердің жалақылары 500 мыңнан асып жығылады. Бұл – жалпы ел бойынша орташа жалақыдан 5,2 есе жоғары деген сөз. Одан кейінгі жоғары жалақы әуе көлігін басқарушылардікі. Олардың айлығы да 1 млн-нан асады. Қаржы және сақтандыру қызметкерлері – 452,8 мың теңге, кәсіби, ғылыми және техникалық қызметкерлер – 369,5 мың теңге, ақпарат және байланыс саласы мамандары 331,1 мың теңге жалақы алады делінеді. Ең төменгі жалақы сумен жабдықтау, қалдықтарды жинау, өңдеу және жою, ластануды жою қызметкерлеріне тиесілі. Олардың жалақысы 154,9 мың теңге. Ауыл, орман және балық шаруашылығы саласы мамандары 167,5 мың теңге айлықты қанағат тұтып келеді. Кейбір өңірде ауыл, орман және балық шаруашылығында білікті мамандардан жоғары жалақыны ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторшы-машинистері 100 мың теңгеден төмен айлық алуы да мүмкін.Айырмашылықты әлі түсірмеген
Есте болса екі жыл бұрын Мемлекет басшысы әскерилердің айлығы 70 пайызға артатынын айтқан еді. Ал биыл олардың жалақылары тағы 70 пайызға өсетінін жеткізді. Алайда алдыңғы 70 пайызды кейбір әскери қызметшілер өңі түгілі түсінде көрмеген. «Былтыр 70 пайыз қосылады деген. Бірақ жолдасымның айлығына уәде етілгендей 70 емес, 30 пайыз қосты. Кейін айырмашылығын қайта есептеп, есепшотқа түсіреді деді. Бір жыл болды, есепшотқа ешқандай ақша аударылған жоқ. Сонда айтылған сома министрліктің қызметкерлеріне түсіп, қақаған аязда полигонда жүріп, сарбаз дайындайтын, аптаның алты күні жұмыс істейтін әскерилерге уәде етілген жалақы жетпей отыр», – дейді әскери қызметкердің жұбайы Раушан Әбдімомынова.Есепшотына есеп жүргізбейтіндер
Сондай-ақ елдегі мұғалімдер мен дәрігерлер сияқты соңғы үш жылдан бері ішкі істер органдары қызметкерлерінің де лауазымдық еңбекақысы орта есеппен 30 пайызға өскен. Бұдан бөлек, Ұлттық ұлан қызметкерлерінің де айлық жалақысы біртіндеп артып келеді. Ол бойынша 2021-2023 жылдары офицерлердің жалақысын 70, келісімшарт бойынша қызмет ететін әскерилердің еңбекақысын 60 пайызға арттыру көзделген. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, патрульдік полиция қызметкерлері – 65%, жедел-тергеу бөлімшелері – 55%, оқытушылар – 25%, полицияның қалған қызметтері мен ҚАЖ мамандары жалақысына 20% қосылған. 2020 жылы құқық қорғау қызметкерлерінің айлығы мүлдем өспеген. Бірақ былтырдан бастап төменгі лауазымдардың, оның ішінде қатардағы және кіші басшы құрамының лауазымдық айлықтары 33%-ға, жалақысы төмен учаскелік полиция инспекторлары көмекшілері, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлар, УҰИ, кинологиялық қызмет қызметкерлері, табиғат қорғау полициясы, айдауыл қызметі, Мамандандырылған күзет бөлімшелері, пойыздарды алып жүру батальоны, ҚАЖ мекемелері секілді аумақтық органдардың инспекторлық құрамы мен оқу орындары қызметкерлерінің лауазымдық екбекақылары 18%-ға артқан. Енді алдағы екі жылда учаскелік полиция инспекторларының лауазымдық айлықтарына тағы 30%, орталық аппараттың патрульдік полициясы мен инспекторлық құрамы қызметкерлеріне 15%, аумақтық органдардың жедел-тергеу бөлімшелеріне 22%, аумақтық бөлімшелердің қалған қызметкерлерінің лауазымдық айлықтарына 7-11% қосылады. Бірақ есепшоттарына есеп жүргізбейтін полицейлер айлықтары нақты қанша пайызға өсіп жатқанын білмейтін болып шықты.60 мың алатындар армандамаса болады
Экономист Дархан Мәдибаев: «Орташа айлық жалақыны есептеудің математикалық формуласы біреу. Мысалы, әр облыс бойынша орташа жалақы мөлшерін бір-біріне қосып, одан шыққан санды облыс санына бөліп тастайды. Сөйтеді де орташа жалақы мөлшерін есептеп шығарады», – дейді. Осы себептен де орташа айлық жалақыны қарапайым халық әлі түсінбейді. «Егер елдегі орташа айлық жалақы 245 715 теңге болса, елорданың өзінде өз саласының білікті мамандары қолына бар болғаны 100 мың алады. Үкімет орташа айлық жалақыны өсіру арқылы жалақысы жылда өспейтін өзге мамандықтарды қиын жағдайға жеткізіп отыр. Көрші елмен салыстырғанда жалақы жылда өскенімен, несие алушылардың да күрт өсіп отырғаны осының айғағы», – дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Жаңыл Әбсеметова. Дегенмен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің директоры Қымбат Әлиакпаркызы «Елдегі ең төменгі жалақы мөлшерінің ұлғаюы басқа қызметкерлердің жалақысын өсіру дегенді білдірмейді» деп отыр. Демек, елдегі орташа жалақы мөлшерінен де аз алатын жоғары оқу орнын бітірген білікті қызметкердің жалақысы 200 мың теңге болса, оның да айлығы артпайды. Өйткені министрлік ең алдымен жалақысы 60 мың теңгеден төмен адамдардың табысын арттыруды алдыңғы кезекке шығарып отыр. Жалақысы 60 мың теңгеден жоғары жұмысшылардың министрліктің жоспарынан дәмеленбесе де болады. Сол үшін де мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы көтерілсе, өзге салада қызмет істейтіндер күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылады. Өйткені жыл сайын өсетін жалақының әдеттегідей жауапкершілік серіктестіктер мен акционерлік қоғам жұмысшыларына қатысы жоқ.