Доп қуалаған далбаса ма?
Доп қуалаған далбаса ма?
402
оқылды
Астанада көп балалы әйелдерден құралған «Қатындар» футбол командасы мен (Коман­даның атын сәл дөрекілеу атапты...) «Астана» футбол клубының алғашқы кездесуі өтіп жатыр. Бұл ойынға Премьер‒министр бастаған ми­нистрлер, әкім‒қаралар, спорт саласының мамандары да қатысып, жанкүйер болып отыр. Міне, спорт комментаторы микрофонды қолына алды. Құрметті көрермендер, футбол дегенде өлермендер! «Қатындар» командасының  капитаны Желаяқ Өлерменқызы  допты көйлегінің етегімен қағып алып, жерге домалатты да, шабуылшы Шайнагүл Сағызоваға пас берді. Алдынан «Астана» командасының шабуылшысы Нансоғар Дармоедов  шыға келіп еді, Шайнагүл апай тілін шығара мазақтап, оның бұтының арасынан доп өткізді де, қуалай жөнелді! Әне, әне, «Астана» қақпасына жақын қалды! Қорғау­шылар қаншама жанталасқанымен, араларынан сынаптай сырғанап өткен апай, билеп жүріп, допты теуіп қалды. Гоол! «Астана» қақпашысы еңіреп жылады. Жер тоқпақтап жылады. Есеп 1:0! Үкімет басшысы орнынан тұрып кетіп, желкесін қасыды: ‒ «Астана» клубына неменеге қыруар ақша бөліп жүрміз? Ойындары сылбыр ғой? ‒деп қалды. Комментатор қайтадан сөз алды: ‒Ойын қайта басталды, ортаға доп тасталды! Қақпаларына доп кіргізіп алған «Астана» клубының шабуылшысы допты ешкімге бермей, қуалай жөнелді. Ананы да алдап, мынаны  да алдап өтіп, допты теуіп қалды! «Қатындар» қақпасында баласын емізіп отырған қақпашы келіншек атып тұрып, допты басымен соғып жіберді. Доп «Қатындар" шабуылшысы Мейізгүл Жаңғақованың аяғына тиді. Ол допты қуалай жөнелді. Алдынан екі қорғаушы шығып еді, допты аяғымен басып тұрып: Кешіріңіз, сіз Шымкенттен емессіз бе? ‒деп сұрады. Жооқ, ‒деді футболшы ентігіп. Менің алғашқы махаббатыма ұқсайды екенсіз? Қателестіңіз ғой деймін? Ұялы телефон нөміріңізді айтып жібересіз бе? Күйеуім қызғаншақ... Төреші  томпаңдап жетіп келді. Қандай адамсыңдар? Бұл жер футбол алаңы! Саябақ емес қой! Ойынды бастаңдар, бәрі күтіп қалды! Сол екен, аңырып қалған қорғаушылардың арасынан зу ете қалған  Мейізгүл ару щыр айналып тұрып, допты  бөксесімен соғып жіберді. Гоол! Есеп 2:0! Спорт саласының басшылары кіжініп, тістерін шықырлатып еді, тістері түсіп қалды.  Екінші таймда шабуылды «Астана» бастады. Бірақ, шабуылшы Алмагүл Өрікова допты  тізесімен қағып алып, әуелете ұшырып, желкесі арқылы домалатып, Сәбізбике Салатоваға пас берді. Сәбізбике өкшесімен бір теуіп, артында айран ішіп  келе жатқан Шиегүл Жапырақоваға пас берді. Шиегүл әуелете теуіп жіберіп еді, «Астана» қақпасының бүйірінен бір-ақ шықты! Гоол! Есеп 3:0! Кезекті шабуылда «Қатындар» командасы қатарынан төрт гол соқты! Есеп 7:0! Жанкүйерлер жылап отыр. Министрлер мен спорт саласының басшылары жерге бір‒бірден түкіріп, кетіп қалды. Жартылай көрермен болса да, ойын жалғасып жатты. Ең соңғы голды сегіз баланың анасы, балаларының панасы Компотбике Етжемегенова салды! Урраа! Есеп 8:0! «Астана» клубы масқара болды. Ал, осындай масқарамен Қазақстан ұлттық командасы да футболдан әлем чемпионатынан сүмірейіп қайтқан еді. Олар Француз коман­дасынан  8:0 есебімен жеңіліп, жер болып қайт­ты. Сонда олардың жегендері колбаса, доп қуалағандары далбаса болды ғой?  Жыл сайын аймақтардағы футбол клубтарына 71 миллиард, ал «Астана» клубының өзіне 15 миллиард теңге бөлінеді екен! Масқара ғой! Тыңқиып, қатты тойғаннан жүгіре алмайды ма, біздің футболшы­лардан ешқандай гол жоқ, салпақтап, жүгіре бергендері болмаса... Ал, облыстық әкімдіктердің кәсіби клубтарға бөлген қаржыдан көз шаршай­ды:  111 миллиард теңге! Оған УЕФА‒дан, «Самұрық» қазынадан демеушілер қосқан қаржыны көз алдыңызға елестетсеңіз, басыңыз айналады! Легионерлердің алатың айлықтары туралы сөз басқа. Әрине, футбол спорт төресі. Бірақ, май шелпек жей бергеннен де, жүрек айнымай ма? Нәтиже болу керек шығар? Осынау қыруар қаржының бір бөлігін көп балалы аналарға неге бөлмеске деп жазды бір блогер. Тойымсыздықты тоқтату керек деп ашынды бір депутат. Біз де осыны қолдаймыз, спорт саласын дүр сілкіндірмесек, өмірі оңбаймыз!  

Марал МАНҚЫЗЫ