Алматыда IX «Бастау» халықаралық студенттік және дебюттік фильмдер кинофестивалінің салтанатты жабылу рәсімі өтті. Фестивальдің қазылар алқасы кино мейрамын қорытындылап, бірнеше номинациялар бойынша жеңімпаздарды анықтады.
Bastau Debuts байқау бағдарламасында Амин Найфенің «200 метр» атты картинасы басты жүлдені иеленді. «Үздік фильм» аталған картина бірнеше елдің (Палестина, Иордания, Катар, Италия және Швеция) қатысуымен түсірілген және Таяу Шығыстағы отбасының оқиғасын баяндайды. Мұстафа мен оның әйелі Салва екі бөлек ауылда тұрады. Ол ауылдар бір-бірінен 200 метр қашықтықта орналасқанымен, қабырғамен бөлінген. Бірде телефон қоңырауы естіледі, енді отбасы үшін бәріне дайын әкесі қабырғаның арғы жағына өту керек. Ол үшін 200 метр қашықтық 200 шақырымдық одиссеяға айналады… Юрий Быков бастаған халықаралық қазылар алқасы бұл фильмге сонымен қатар «Үздік режиссура» сыйлығын табыстады. Сонымен бірге бұл конкурстық бағдарламада «Үздік актер» сыйлығын «Белый кит» фильміндегі Дайнюс Гавенонис (Ресей), «Үздік актриса» марапатын «Кто спит в серебристо-сером» фильмінде ойнаған актриса Инин Ма (Қытай) жеңіп алды. «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі» қазақстандық Әлішер Жәдігеровтың «Отау» картинасына бұйырды.«Кез келген фестиваль, белгілі бір мағынада – лотерея болып есептеледі. Сондықтан, бүгін марапатталмаған азаматтарға айтарым – өз қабілеттеріңізге, кино түсіруге деген талпыныстарыңызға және кино жасауға деген ұмтылыстарыңызға ешқашан күмәнданбаңыздар. Және ең бастысы – кино – сыйлықтар үшін, ду қол шапалақтар үшін түсірілмейді. Осыны әрдайым есте сақтаңыздар», – деді қазылар алқасының төрағасы Юрий Быков жабылу салтанатында.Фестивальдің ең үздік қысқаметражды фильмі болып Тәжікстаннан келген режиссер Манзарали Шералидің «Обуза» картинасы атанды. Ресейлік Татьяна Федоровскаяның төрағалығымен өткен Bastau Shorts бағдарламасының қазылар алқасы келесі номинациялар бойынша жеңімпаздарды анықтады:
- «Үздік қысқа метражды анимациялық фильм» - Шокир Холиковтың (Өзбекстан) «Қыз бен бұлт» фильмі;
- «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі» - қазақстандық режиссер Нұрбол Ерболұлының «Түйме» картинасы;
- «Ерекше атап өту» номинациясы - ресейлік Андрей Натоцинның «Катя» фильмі;
- «Ерекше атап өту» номинациясы – Беларусь режиссер» Юрий Семашконың «Когда я был генерал» картинасы.