Индонезияның шығысындағы Ява аралындағы Семеру жанартауының атқылауынан қаза тапқан тұрғындар саны 13-ке жетті.
Antara басылымының хабарлауынша,100-ге жуық адам зардап шеккен. Олар әртүрлі дәрежедегі күйікке шалынып, барлығы медициналық көмек алуда. Бүгін баспасөз мәслихатын өткізген Индонезияның Төтенше жағдайларды басқару қызметінің басшысы генерал-лейтенант Сухарианто атқылаудан қаза болғандар саны әзірге 13 адам екенін, бірақ бұл сан өсуі әбден мүмкін екенін атап өтті. Сонымен қатар ол кешеден бері қатты зардап шеккен аудандардан 902 жергілікті тұрғын қауіпсіз жерге эвакуацияланғанын мәлімдеді. Жанартау атқылауы кеше сенбі күні түстен кейін басталған. Жергілікті биліктегі арнайы мамандардың айтуынша, жанартау атмосфераға көп мөлшерде күл шығарған. Атқылау кезінде ауаға көтерілген күл бұлттарынан күл мен тастар жерге құлады. Алғашында бір адам қаза тауып, күйік шалған 41 адам туралы хабарланған болатын.