Елімізде ғылым саласы әбден қартайды. Бүгінде елімізде 21,8 мың ғалым кадр бар болса, олардың 15%-ы – зейнеткерлік жасқа жеткендер. Ең жас ғылыми қызметкерлердің жасы 30-дан асқан. Одан да басқа ғылым саласының проблемасы көп. Соның тағы бірі – ғылыми ұйымдардың негізгі қорлары физикалық та, моральдық жағынан да (40%) қатты тозғаны. Одан бөлек, айлықтың аздығы, ғылыми жұмыстарға мега-гранттардың бөлінбейтіні, құқықтық мәртебе берілмегені сияқты жағдайлар тағы бар. Ендеше бұл жағдайды түзеу үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
Жасы ұлғайған, жалақысы мардымсыз...
Еліміздің ғылым саласының «қартаюындағы» бір проблема – жастардың мұнда көп келмейтіні. Өйткені ғылыми қауымдастықтың кәсіби өсуіне және онда жастарды орнықтыруға нақты тетіктер қарастырылмаған. Постдокторантуралық оқуға гранттар бөлінбейді, «Болашақ» бағдарламасынан тыс ғылыми стажировкалар жоқ. Одан да өзге әлем елдерінде қолданылатын стимулдық шаралар жасалмаған. Тіпті, еліміздегі ғалымдарға әлеуметтік маңызы бар қызметті атқарып жүргеніне қарамастан құқықтық мәртебе берілмеген. Сонымен қатар заңнамада ғалымдарды әлеуметтік қолдау тетіктері де жоқ. Осы факторлардың салдарынан «қартайған» ғылыми атағы бар қызметкерлердің орташа жасы 57 жас болып отыр. Бұл көрсеткіш бас ғылыми қызметкерлерде – 65, жетекші және аға ғылыми қызметкерлерде – 54, кішілерінде – 30 жас. Негізгі қорлардың физикалық та, моральдық жағынан да қатты тозғанына келер болсақ, мұндағы қалыптасқан қаржыландыру құрылымы оған шығын шығаруға мүмкіндік бермейді. Ірі ғылыми-зерттеулер жүргізуге және заманауи жабдықтар, аспаптар мен құралдар алуға мега-гранттар қарастырылмаған. Бұл проблемалардың барлығын біз тілдескен ғалымдар да мұң етіп шағатын. Солардың бірі – Сиверс алмасын зерттеуге қатысты. «Қызыл кітапқа енген, жойылып бара жатқан алма тұқымдарын зерттеуде бізге кешенді бағдарлама қажет. Өйткені бүгінде мемлекет тарапынан көмек мардымсыз. Тіпті, іссапар шығындарына да ақша бермейді. Негізінен, ғылыми жұмыстар шетелдік гранттардың және солардың технологияларының көмегімен жүргізіліп отыр. Оның өзінде олар ауқымды жұмыстарға жетпейді, былайша айтқанда, жыртыққа жамау. Оның үстіне, шетелдік гранттар үш жылға ғана берілетіндіктен, көп ештеңеге үлгермейсің, ғылыми тізбек үзіліп қала береді. Одан бөлек, ғылыми-зерттеу институттарында молекулярлық деңгейде тексеретін дені дұрыс жабдықтары да жоқ. Шетелдік әріптестерімізге жалынып жүреміз. Сіздерден зерттеп алсақ бола ма, бірге ғылыми мақала шығарамыз сосын деп! Қаншама ұсынысымыз бар, ешқайсысына құлақ асып жатқан мемлекет жоқ», – дейді «Қазақ орман шаруашылығы» ҒЗИ Алматы филиалының жетекші ғылыми қызметкері, профессор Бағила Майсупова. Ал жастар мұнда неге келмейді дегенге келер болсақ – жалақылары бәсекеге қабілетті емес әрі тұрақты берілмейді. Мәселен, 2020 жылы Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстармен (ҒЗТКЖ) айналысатын персоналдық орташа айлық еңбек ақысы 152 мың теңге болыпты. Бұл экономикадағы ОАЕА-дан 71%-ын ғана құрайды. Ғылыми жобалар мен бағдарламаларды қаржыландырудың тек конкурстық сипатта өтетіні, базалық қаржыландырудың құрамында ғалымдардың еңбек ақысының жоқтығы, фундаменталды зерттеулерді конкурстан тыс, үздіксіз қаржыландыру көздерінің жоқтығы, гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландырудың қысқамерзімділігі, яки әрі кетсе 36 ай екені және тағы да басқа себептер елімізде бар ғылыми мектептерді дамытуға және жаңаларын құруға теріс әсер етіп отыр. Халықаралық әріптестікті дамытуға арналған конкурстан тыс қаржы тетіктері жоқ. Мәселен, 2021 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша, ғылым саласында 58 халықаралық келісімге қол жеткізілген екен. Олардың 44-і екі тарапты сипатта, 14-і көптарапты сипатта жасалған.Тұжырымдамадан күтер үміт көп...
Ұзақ жылдар бойы қордаланып қалған бұл проблемаларды шешуге мемлекет кешенді жоспармен кіріскен екен. Соның жарқын мысалы – былтыр қыркүйек айында Президенттің Жарлығымен «Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Ғылымды дамыту тұжырымдамасының» қабылданғаны. Төрт тараудан тұратын құжатта бұл саладағы қазіргі жағдай талданып, халықаралық тәжірибеге шолу жасалып, оны дамытудың негізгі принциптері мен жалпы жолдары айқындалған. Мәселен, 1990 жылдан бері ғылыми қызметкерлер саны 50 мыңнан 22 мыңға, яғни екі есеге азайып кеткен. Ал авторлық сыйақыны небәрі 30-ақ адам алады екен. Кен пайдаланушылардың ҒЗТКЖ-ға бөлетін қаражатының мақсаты мен көлемі айқын емес. Ғылыми-зерттеулердің нәтижесі мен коммерциялануы төмен. Сондай-ақ патенттік белсенділік бәсең. Елімізде мұндай қорғау құжаттарының басым бөлігі ғылыми өнертабыстарға емес, тауарлық белгілерге берілген.