"Мұғалімдердің жалақысы 5% төмендейді": Білім және ғылым министрлігі пікір білдірді
"Мұғалімдердің жалақысы 5% төмендейді": Білім және ғылым министрлігі пікір білдірді
© syr-media.kz
430
оқылды
Әлеуметтік желілерде жаңа жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы қысқаратыны туралы жалған ақпарат тарады. Хабарламада жалақының 25% өскеніне қарамастан, жаңартылған бағдарлама бойынша сабақ бергені үшін 30% тең қосымша төлемдер алынып тасталатыны айтылған. Демек, мұғалімдердің табысы 5% төмендейді. Бұл жалған ақпарат, – деп хабарлады Білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Мөлдір Әбдуалиева Facebook-тегі парақшасында. 
"Жаңартылған білім беру мазмұны үшін қосымша ақы бұрынғыдай төленеді. Сонымен қатар, келесі жылдың қаңтар айынан бастап Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша мұғалімдердің жалақысы тағы 25% көтерілетінін еске саламыз. Айта кетейін, 2020 жылы мұғалімдердің жалақысы 25%, 2021 жылы тағы 25% өсті. Бұдан бөлек, Президенттің қолдауының арқасында, біліктілік санаты үшін қосымша ақы 30-50%-ға дейін ұлғайтылды" , – деп жазды ол.
Оның айтуынша, сондай-ақ, мұғалімдерге дәптерлерді тексеру және сынып жетекшілігі үшін төленетін үстемеақы екі есе арттырылған, сондай-ақ тәлімгерлік үшін қосымша ақы төлеу сынды жаңа санат пайда болған.
"Ел Президентінің тапсырмасы бойынша Білім және ғылым министрлігі мұғалімдердің жалақысын ынталандыру мақсатында жүйелі жұмыс жүргізуде. Барлық шаралар білім беру ұйымдарын білікті кадрлармен қамтамасыз етуге бағытталған. Педагогикалық бағыттар бойынша оқытудың тартымдылығын арттыру үшін осы мамандықтар бойынша білім алып жүрген студенттердің шәкіртақысы биыл қыркүйек айынан бастап 42 мың теңгеге дейін көтерілді. Желіде тараған қауесеттерге сеңбеңіздер!" , – дейді Мөлдір Әбдуалиева.