Қарашада бензин бағасы 18,4% қымбаттады
Қарашада бензин бағасы 18,4% қымбаттады
© Zakon.kz
195
оқылды
Бұл туралы Ұлттық банктің базалық мөлшерлеме туралы берген түсініктемесінде айтылған.
"Қазақстандағы жылдық инфляция аздап баяулап, қазан айындағы 8,9%-бен салыстырғанда 8,7% болды. Бұл серпін азық-түлік бағасы өсімінің 11,3%-дан 10,9%-ға дейін және ақылы қызметтерде 6,9%-дан 6,4%-ға дейін баяулауына байланысты болды. Бұл ретте қарашада нан-тоқаш өнімдері мен жарма, ет өнімдері бағасының өсуі жалғасты. Оған өндірушілер шығындарының ұлғаю түрткі болды", – деп жазылған Ұлттық банк мәліметінде.
Банктің талдауына сүйенсек, азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы өскен.
"Қарашада жанар-жағармай, қатты отын бағасы өсуінің жалғасуы салдарынан азық-түлікке жатпайтын тауарлардың жылдық инфляциясы 7,8%-дан 8,3%-ға дейін артты. Жанар-жағармайдың тұтыну бағасы жылдық өлшемде 22,3% болды. Бензин құны 18,4%, дизель бағасы 46,6% өсті. Отынның қымбаттауы өндірушілер бағасының өсуі жағдайында болып отыр", – деп топшылайды Ұлттық банк мамандары.
Ұлттық банк дерегі бойынша, ақылы қызметтер бағасының жылдық өсу қарқыны сәл баяулап, жылдық мөлшерде 6,4% болған. Яғни коммуналдық қызметтер, тамақтану орындары мен шаштараздардың қызметтеріне деген сұраныс азайған. Ал тұрғын үйді жалға алу тарифтерінің өсуі жеделдей түскен.