Cахна саңлағына құрмет көрсетілді
Cахна саңлағына құрмет көрсетілді
207
оқылды
Қазір Сыр елінде мақта­ныш етіп айтатын өнердің тұғырлы тұлғаларының тұтас ансамблі бар. Солардың сапында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал режиссер, талантты сахна май­талманы Хұсейін Жүсіп­ұлы Әмір-Темірдің есімі ерекше аталады. Еліміздің бірнеше театрында қызмет атқарған ол қазір пер­зенттік парызын өтеу үшін Қызыл­орда драма театрында еңбек етіп жүр. Театр тарланының 80 жасқа толуына орай облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ академия­лық музыкалық драма театрында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қызылорда облысы­ның Құрметті азаматы Әмір-Те­мір Хұсейін Жүсіпұлының «Теа­тр-тағдыр тұмарым!» атты шығар­ма­­шылық кеші өткізілді. Мерейлі кеште облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мерейтой иесін құттықтап, өнер саласын­дағы еңбегін ерекше бағалады. «Тәуелсіздігімізге 30 жыл бол­ған еліміздің рухани байлығын арт­тырып, төл өнерімізді халық­аралық деңгейде танытуда өнер өкілдерінің алар орны бар. Хұсе­йін ағамызды Сыр театрының ғана емес, жалпы қазақ өнерінің дамуына сүбелі үлес қосқан қай­рат­кер деп танимыз. Театрдың шы­ғармашылық ұжымын бір ар­на­ға тоғыстырып, сахналық өнер­ді толыққанды жасауға үздіксіз қызмет атқарып келеді. Міне, бүгін Сыр жұртшылығы, өнер сүйер қауым өзіңізбен бірге қуана тойлап жатыр. Мерейлі жасыңыз құтты болсын!» – деді облыс әкімі Г.Әбдіқалықова. Аймақ басшысы мерейтой иесіне Сыр елінің өнер саласына қосқан зор үлесі үшін алғыс білдіріп, Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстап, иығына шапан жапты. Мерейтойлық кеште өнер майталманын КСРО және Қазақ КСР Халық әртісі Асанәлі Әші­мов, Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов құттықтап, маэс­троның театр өмірінде қалдырған өзіндік қолтаңбасы мен жоғары репертуарлық талғамын атап өтті. Ал Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың құт­­тықтауын аталған министрлік­тің жауапты қызметкері Гүлнафис Мырзашева жеткізді. Шығармашылық кеште көр­некті жазушы, Мемлекеттік сый­лық­тарының иегері Дулат Исабеков және С.Вургун атындағы Әзербайжан Мемлекеттік орыс драма театрының көркемдік жетекшісі Мирбала Салимли бейне­құттықтауын жолдады. Іс-шарада Алматы қаласын­дағы Ғ.Мүсірепов атындағы жас­өспірімдер театрының әртіс­тері, Сыр өнерпаздары Самал Байсейітова мен Мақсат Мақұл­беков бастаған өнер саласының қызмет­керлері режиссердің өмір­лік жолы мен қызметіне арналған сахна қойылымдары мен ән композицияларын орындады. Кеш соңында мерейтой иесі жиналған жұртқа көрсетілген құрмет үшін ризашылығын білдірді. Өнер майталманы Хұсейін Әмір-Темір Сырдария ауданында туған. Ол Қызылорда, Талдықор­ған, Алматы, Шымкент, Орал театрларының сахнасында түрлі жанрдағы, әртүрлі стильдегі 200-ден аса спектакль қойған. Сыр өңіріндегі халық театрларында 15-тен аса спектакльді сахналаған. Өнер иесінің туындылары отан­дық және шетел театрларында қойылып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Шығармашылық жетістіктері үшін кеңестік Мәдениет министр­лігінің, 2 мәрте Қазақстан Мә­де­ниет министрлігінің, Қызылорда және Алматы облысы әкімінің Құр­мет грамоталарымен марапат­талған. Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері атағын алды.

Қызылорда облысы