«Серпін» бағдарламасы серпілмей қалды
«Серпін» бағдарламасы серпілмей қалды
715
оқылды
2014 жылы оңтүстіктегі жастарды солтүстікте оқытып, көшіруді мақсат еткен «Серпін» бағдарламасы бастау алды. Көпшіліктің бұған ынталы болғанын көрдік. Талай жас теріскейге барып, білім алды, санаулысы сонда тұрақтап қалды. Бірақ терең саяси мәні бар жоба бүгінде құлдырап тұр. Жастар бағдарлама бойынша білім алуға құлықсыз. Алайда кінә жастарда емес, істі аяқсыз қалдырған шенділерге тірелді. Енді теңдессіз саналған жоба екі аяғын тең баса алмайтын халге жетті.

Студенттер неге құлықсыз?

«Серпін – 2050» деген атау ал­ған «Мәңгілік ел жастары – индус­трия­ға» мемлекеттік бағдарламасы іске аса бастағанына 7 жылдан асып барады. Алғашында жоба бо­йынша жоғары оқу орындарында 2 050 жас білім алса, 2015 жылы 6 200, 2016 жылы 4 312 грант бө­лін­ген. Жоғары оқу орындары бо­йынша гранттар білім, техни­калық ғылым, ауыл шаруашылығы мен медицина саласын қамтиды. Жастар үшін оқу, жұмыс пен бо­лашақты ұштастыратын бағдар­ла­маның қарқыны соңғы төртжыл­дықта бәсеңсіді. 2019 жылы «Сер­пінге» бөлінген 3 мың грант иге­рілмей қалды. Бағдарламаның көз­дегені еліміздегі еңбек ресурсы басым оңтүстік өңірдің жастарын жұмыс күші аз аймақта оқытып, жұ­мыспен қамту еді. Білім ми­нистрлігінің дерегіне сенсек, 2020 жылы ЖОО-лар мен колледждерде «Серпінмен» оқытуға жоспар­лан­ған 5 132 гранттың тек 1 004-і бө­лінген. Ал ЖОО-лар мен колледж­дерде осы жоба жүзеге асырылған 6 жылдың ішінде бөлінген 8 325 грант бос қалған. Ал игерілмеген қаражат шамамен 5 млрд теңгені құрады. Қош, студент оқуын аяқтады, бірақ олар теріскейде жұмыс істеу үшін қалып жатыр ма? Осы уа­қытқа дейін бағдарлама бойынша ЖОО-лар мен колледждердің 11 мың түлегінің тек 2 мыңнан астамы (19,5 пайызы) тұрақтап қалған. Енді бағдарлама бойынша білім алғысы келмейтін жастар көбейді. Мысалы, 2019 жылы Петропавл қаласына осы бағдарламамен оқу үшін бар болғаны 50 студент келіпті. Бұдан кейін де жағдай осы сарында өрбіді. Бірақ бағдарлама жөнді іске асып жатыр ма? Қазір «Серпін» бағдарламасының ресми сайты да жұмыс істеуді қойған. Соңғы жа­ңалықтарын 2 жыл бұрын жария­лапты. Демек, жобаға жауаптылар бәрін жайына қал­дырғандай.

Әкімдіктер іске жарамады

2014 жылдан бастап «Серпін» бағдарламасы іске асады дегеннен қоғамның сүйсініп, жауапты­лар­дың белсенді болғанын білеміз. Теріскей жақтағы 7 жоғары оқу орны мен 24 колледжде 8 250 жас бағдарлама бойынша студент атан­ды. Оқу орындарының аясын ке­ңейту де жоспарланды. 2015-2016 жылдары осы жоба бойынша жұ­мыс атқарған Айдарәлі Раманов әуел­де бәрі жақсы болғанын айта­ды. Бірақ алғашқыда науқан кезін­дегідей жанын салып жұмыс іс­теген жауаптылардың белсенділігі тө­мендей бастаған. Ақырында жо­баға бейжай қарап, атүсті қа­рай­тынды шығарыпты. Яғни, бағдар­ламаның отымен кіріп, күлімен шы­ғатын  шенді табылмапты. Бастамасы жақсы қарқынмен жүзеге асты. Жоба­ның толық про­цестік стратегиясы жү­зеге аспауы­ның бірден-бір себе­бі – жергілікті атқарушы орган­дардың ат са­лыспауы. Яғни, ко­манда жастарды оңтүстіктен сол­түстікке апарып, оқу процесін қа­дағалап, жергілікті жастармен ара­ласуын қамтамасыз етуге ба­ғыт­талған іс-шараларды жүзеге асыр­ды. Бірегей жастар ұйымын құ­ра алдық. Ал олар оқу­ларын біті­ріп, жұмысқа араласар кезде оларды уақытша болса да тұрғын үймен қамтамасыз етпеді. Жастар амал­сыздан туған жерле­ріне қайтуға мәжбүр болды. Білім және ғылым министрлігі өз тара­пынан барлық жағдай жасай алды, бірақ БҚО, Атырау, Ақтөбе, Қос­танай, СҚО, Пав­лодар, ШҚО әкім­діктері стра­тегиялық мәні бар жобаны жүзеге асыруға мүдделі болмады. Үкімет тарапынан қа­да­ғаланған жоқ, – дейді А.Раманов. Шыны сол, «Серпін» бағдар­ла­масы әуелден «Еңбек» бағдарла­ма­сының құрамдас бір бөлігі ретінде қаралған. Басты мақсаты – еңбек нарығын реттеп, теріскейге жұмыс күшін тарту. Өз алдына бөлек, тә­уелсіз бағдарлама болмаған соң пи­лоттық жоба ретінде көрініс тап­қандай. Бағдарлама студент­тер­ге грант бөледі, ал бұл гранттар мемлекеттік гранттардың есебінен қаралған. Барлық гранттың 10 пайызы «Серпін» үшін бөлініп кел­ген. Студенттерді қабылдаған өңірлердің жергілікті билігі тек меморандум жүзінде жұмыс істеді. Құқықтық күші жоқ құжат болған­нан кейін аса бір жауапкершілік сезілмеді. Әуелде іске белсене кі­ріс­кен жергілікті әкімдіктердің уақыт өте келе бейжай қарай бас­тағанын аңғардық. Қандай да бір вице-премьерге бағдарлама бо­йынша құзыр берілмеді. Жалғыз Білім министрлігі тарапынан ғана әрекет болды. Мұны бағдарлама құрылғанда «Серпін» студент жас­тарының жетекшісі болған Жас­ұлан Жақыпов та растап отыр. – Әуелде түлектерді жіберуші жақ та, қабылдаушы өңірлерде ауызбіршілікте болды. Жастар оқуын аяқтаған соң қалуына ық­пал жасауға тырыстық. Бір біле­тінім – «Серпінді» кейін «Бола­шақ» бағдарламасымен бірге қа­растыра бастады. Алайда 2016 жыл­дан бастап құлдырауды сездік. Сол­түстікте жұмыс көп, ал бізге жас­тар саясатымен белсене айна­лысуға мүмкіндік берілмей қалды. Сол жылдан бастап құрылтайшы, ұйымдастырушылар дұрыс бол­мады. Мәселен, «Серпін» штабы­ның жетекшісі болып Гүлзат Аба­таева отырды. Ізін ала түрлі мәселе шықты. Жергілікті биліктер көмек етпей қойды, оған дейін ректор­ларға да сөзіміз өтетін. Қазір кең­сені таппаймыз, іскерлік ұйым тар­қаған. Әйтпесе, жобаның жақ­сылығы көп еді, – деді ол.

Келешегі не болмақ?

Бұл мәселеге Сенат депутат­тары да алаңдаулы. Жуырда се­на­тор Нұржан Нұрсипатов Премьер-Министр орынбасарының атына жолдаған сауалында проблеманы шешу жолдарын ұсынды. Оның пікірінше, мемлекеттік бағдар­ла­маны іске асыру аясында 2014-2019 жылдары еліміздің солтүс­тігінде орналасқан колледждер мен жоғары оқу орындарына тү­суге ниет білдірушілердің саны көп болған. Бірақ соңғы жылда жағдай өзгерді. Себебі Білім және ғылым министрлігі 2014 жылғы «Оңтүстік өңірлерден келген жастар арасы­нан мемлекеттік тапсырыс бо­йынша техникалық және кәсіптік білім беру бойынша бір маманды даяр­лауға арналған шығындарды есеп­теу тәртібін бекіту туралы» бұйрығы жойылғаннан кейін мәселе ушық­қан. Бұрын «Серпін» бағдарламасы бойынша оқып жатқан студенттерге жылы киім сатып алу үшін көтерме құралдары, оқу орнына бару және кері қайту жолақысы үшін толық көлемде өтем­ақы, ыстық тамақпен қамта­ма­сыз етілген. Енді бұйрық жо­йыл­ған соң оңтүстік өңірлер­ден келген студенттер жалпы не­гізде ғана қаржыландырылады. Сенатор сол бұйрықты қайта күшіне енгі­зуді сұраған. Биыл маусымда осы мәселе Парламент Мәжілісінде де біраз талқыланды. Сол жиында Білім министрі Асхат Аймағамбетов бұл мәселе бойынша ұлттық жо­баны дайындалып жатқанын айт­қан. Соның шеңберінде «Сер­пін» бағ­дарламасының шарт­тары қайта қаралып, жастарды ынталандыру тетіктері әзірленбек екен. Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Серік Шап­кенов те «Сер­пін» түлекте­рінің қызығу­шы­лығын арттырып, солтүстіктегі өңірлерге жұмысқа қалдыру ба­ғытында кешенді жос­пары барын тілге тиек еткен. Әйт­кенмен, «осы дүниенің бәрі сөз жүзінде қалмай ма?» деген кү­мән көп. «Серпіннің» құлдырап бара жатқанына 5 жылға таяу уақыт өтіп барады. Егер Үкі­мет жа­уапкершілікті өз тарапына ал­ған жағдайда ғана мәселеге бей­жай қарап отырған әкімдіктер қи­мылдай бастауы мүмкін.