Алматыдағы «Алтын Орда» базарында ер адамды 2 мың теңгеге сатқан
Алматыдағы «Алтын Орда» базарында ер адамды 2 мың теңгеге сатқан
©А.Ахметқазы
247
оқылды

Қазақстан адам саудасы бойынша халықаралық рейтингте 2-орында тұр. Биыл да 141 қылмыстық іс қозғалған. AstanaTV журналисі базарда 2 мың теңгеге саудаланған ер адамның жақындарымен тілдесті. Әсияның ағасы Тараздағы базарлардың бірінде етікші болып, нәпақа тапқан. Табысы мардымсыз болғандықтан, Алматыға барған.

«Алтын Орда» базарында 40 жастағы ер адамды әлдекім 2000 теңгеге сатып алған дейді.
Жәбірленушінің қарындасы Әсия: «Бір машина келіпті, киімдерін, документтерін алуға. Сосын ағам әпкемізге айтыпты, мені жібермеші, алдап-сулап алып келдім мыналарды киімдерімді аламын деп. Сөйтсе алып келгендер біз бұны 2000 теңгеге сатып алғанбыз деп айтыпты. Сонда «Алтын Орда» ма, базарда глухо-немой адамдарды сатады екен. Алматыда бір фирмада ұстап отырған екен, ұрады, тепкілейді (кейіпкердің сөз қаз-қалпында берілді – ред.)», – дейді.
Адам саудасы арзан жұмыс күшіне деген сұраныстан басталып, зорлық-зомбылыққа жалғасады. ІІМ Криминальдық полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов: «Ешкімге жеке құжаттарыңызды бермеңіздер, жұмыс түрін анықтап алыңыздар. Басқа қалаға немесе шетелге шықпас бұрын құжаттарыңыздың көшірмесін қалдырып кетіңіздер. Мекенжайыңызды жақындарыңызға айтып қойыңыз», – дейді. Заңгерлер де адам саудасы табыс көзіне айналған деп отыр.

Заңгер Марат Бәшімов: «Шындығын айтсам, мына жезөкшелікпен де күресу керек. Өйткені кейде күлкіге айналып кетеді. Бәрі біледі, «кто крышует», кім ұстап тұрғаны оның ішінде, полицейде кіріп келеді. Сарапшылардың айтуынша, полицейлер ақшаларын алып отырады», – дейді.

Телеарнаның мәліметінше, жыл сайын мыңдаған ер-азаматтар, әйелдер мен балалар елде, кейде шетелде адам саудалаушылардың қолына түседі. Адам саудасымен күрес нәтижесі мардымсыз болып тұр.