Теріскейде қазақ телеарналары көрсетпейді
Теріскейде қазақ телеарналары көрсетпейді
Солтүстік Қазақстан облысының Ресеймен шекаралас ауылдарының тұрғындары қазақстандық телеарналарға зәру. Әсіресе, егде жастағы адамдар қазақша телебағ­дарламаларды тамашалап, ұлттық ән-күй тыңдағысы келеді. Алайда оның бірі жоқ. Амалсыздан Ресейдің телеарналарын тамашалауға мәжбүр. Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Құралай ауылында тұра­тын зейнеткер Дәмеш Исекова біз барған кезде ресейлік телеар­налардың бірінен «Молодая гвар­дия» киносын тамашалап отыр екен. «Амал жоқтығынан орыс ки­носын көреміз. Қазақ­стандық бірде-бір телеарна көрсетпейді. Бұрын қазақстан­дық телеар­на­лардан басқасы көрсетпесе де, «Хабар» мен «Қа­зақстан» болушы еді. Қазір ол да жоқ. Қазақтың ән-жырын, күм­бірлеген домбыра үнін сағы­на­мыз. Әттең, көк­сан­дықтан қа­зақша үн шығып, ән-күй төгілген заман көзден бұлбұл ұшты», – дейді зейнеткер. Еліміз цифрлық телевизияға көшкелі, Ресеймен шекаралас ауыл осындай күйге түскен. Биыл ақпан айында Солтүстік Қазақ­стан облысында аналогтік теле­визия толығымен өшіріліп, цифр­­лық эфирлік телевизия іске қосылған болатын. Сол кезде цифрлық эфирлік хабар тарату облыс орталықтарында – 30, ауыл­ды жерлерде 15 телеарнаны або­ненттік төлемсіз тегін тама­шалауға мүмкіндік береді делінген болатын. «Эфирлік цифрлық ха­бар таратуды енгізу қала мен ауыл халқының арасындағы ақпа­раттық теңсіздікті төмендетіп, еліміздің ақпараттық кеңістігін дамытуға сапалы жаңа мүмкіндік береді», – деген уәдеге сеніп, бөркімізді аспанға едік. Ал шын мәнісінде кейбір ауылдар бары­нан айырылып қалды. «Ешқандай қосымша қондыр­ғыларсыз Ресейдің 20 шақты те­леарнасы жап-жақсы көрсетіп тұр. Ал қазақстандық арналар көрсетпейді. «Цифрлық Қазақ­стан» құрып жатырмыз деп мәз боламыз, шын мәнісінде не дені дұрыс интернет, не телевизия жоқ. Ауылдастарымыздың көп­шілігі «Қазақтелекомның» қыз­метінен бас тартып, ресейлік ин­тернетке қосылып жатыр. Оның сапасы жақсы, абоненттік төлемақысы да арзандау. Тек құрал-жабдығы қымбат. Бірақ қазақстандық құрал-жабдық та арзан емес әрі қызметтері сапа­сыз», – деп Анар Исекова да ене­сін қолдай кетті.

РЕСЕЙМЕН БӘСЕКЕЛЕСЕ АЛМАЙМЫЗ

«Цифрлық эфирлік телеви­зия» сайтында «Қазақстан хал­қының 91,11 пайыздан астамына қолжетімді» деп жазылған. Бірақ қамту картасында Ресеймен шекаралас ауылдар жоқ. Жалпы тізімде бұл аудан бойынша Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы Булаев қаласы мен Ұзынкөл ауылы ғана көрсетілген. Сонда қалған бірде-бір ауыл цифрлық телевизияға қосыл­ма­ғаны ма? CALL-орталыққа хабарлас­қанымызда жауап берген опера­тор қыз шынымен де бұл ауылдар цифрлық телевизияға қосыл­мағанын растады. «Булаев қаласында «Қазақ­стан», «Хабар», «Хабар 24», «Ба­лапан», «Еларна», «Абай ТВ», «Евр­а­зия» телеарналары көрсе­теді. Ал Құралай ауылында эфир­лік арналарды қарауға техникалық мүмкіндік жоқ. Бір ғана жолы – «Отау ТВ» спутниктік телевизия жүйесін орнату. Оның сигналы әлдеқайда қуаттырақ. 49 қазақ­стандық телеарна бар. Бірақ қон­дырғының өзі үшін және орнату үшін ақша төлеу керек», – деп кеңес берді оператор. «Қазтелерадио» АҚ облыстық филиалындағылар да шекаралас аймақтарда сигнал әлсіз екенін мойындады. Сату бөлімінің бас­тығы Еркін Мекеновтің айтуын­ша, бұл ауылда телемұнара жоқ, есесіне Ресейдің көршілес Есіл­көл ауылында өте қуатты станса бар көрінеді. Соның салдарынан ресейлік арналар шекаралас ауыл­дарға жылдам тарайды екен. «Стансалар елді мекендерді жаппай қамтуды ескере отырып салынған болатын. Мағжан Жұ­ма­баев ауданында Булаев қаласы мен Ұзынкөл ауылында ғана стан­са салынды. Сондықтан бас­қа ауылдардың тұрғындары өз антенналарын барынша жоғары көтеріп, осы елді мекендерге қа­рай бұруы керек. Жалпы, деци­метр­лік антенна сатып алған аб­зал. Себебі цифрлық телевизияға арналған антенналарға қойы­ла­­тын талап басқа. Оның құны 5-6 мың теңге маңайында. Со­нымен қатар кабельдерін де жа­ңартқаны көптік етпейді. Әр ауылда станса салу экономикалық тұрғыдан оң­тайсыз», – деді Еркін Ермекұлы. Дегенмен бұл ауылда осы күн­ге дейін қазақстандық цифр­лық телевизия көрсетпей келсе, бұл шаралар да нәтиже бере қоя­ты­нына сенімсіздік білдірді. Тіпті, қуаттылық жағынан Ре­сеймен бәсекелесе алмайтыны­мыз­ды да мойындады. Сол себеп­ті алпауыт елмен шектесетін Мам­лютка, Пресновка, Булаев сияқ­ты аудан орталықтары мен осы аудандарға қарайтын кіші-гірім ауылдардың барлығы да Ресейдің телеар­на­ларына телмі­ріп отырғанын қын­жыла жеткізді. «Ресей станса­ларының қуаты біздің аймаққа тереңнен енгізілген. Біздің об­лыс­та станса құрылысына қатыс­ты жоба аяқталды. Таяу арада жаңа станса салу жоспары жоқ. Ендігі міндет – телеарналардың санын көбейту», – деді Еркін Ермекұлы.

«ОТАУ ТВ» ОРНАТЫП ҚАНА КӨРУГЕ БОЛАДЫ

Ресми дерек бойынша, Сол­түстік Қазақстан облысында елді мекендерді цифрлық телеви­зия­мен қамту көрсеткіші 98 пайызды құрайды. Бірақ қамтылмаған 2 пайыздың ішінде шекаралас ауылдар ескерілмеген. Олар «сенімсіз қабылдау аймағында» орналасқан деп есептеледі. Ал қамтылмаған екі пайыз – ойлы-қырлы аймақта орналас­қандық­тан, станса сигналын қабылдай алмайтын Айыртау және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарға қарасты ауылдар. Ондағы ағайын теледидарды «Отау ТВ» арқылы ғана қарай алады. Ресеймен шекаралас ауыл­дар­дың тұрғындарына маман ты­ғы­рықтан шығудың бір жолы ретін­де «Отау ТВ» спутниктік телеви­зия жүйесін қосуды ұсынды. Бұл ауылдықтар үшін қосымша шы­ғын – 35-40 мың теңгенің ар жақ-бер жағы. Немесе екінші жолы – «Қазақтелеком» АҚ-ның кеңжо­лақты интернеті арқылы ID TV қызметін қосқызу. Бірақ Ресейдің интернетіне тәуелді болып отыр­ған шекаралас ауыл тұрғындары үшін бұл да мүмкін емес. Шек­арадағы ауылдардың жастары қашанғы Ресей идеологиясынан сусындап, көрші елдің жаңалық­тарынан ғана хабардар болып жүрмек? Ел ертеңі – балалар ал­дағы уақытта ел Президентін ша­тастырып, Путин деп жүр­ме­сіне кім кепіл?

Солтүстік Қазақстан облысы