Солтүстік Қазақстан облысының Ресеймен шекаралас ауылдарының тұрғындары қазақстандық телеарналарға зәру. Әсіресе, егде жастағы адамдар қазақша телебағдарламаларды тамашалап, ұлттық ән-күй тыңдағысы келеді. Алайда оның бірі жоқ. Амалсыздан Ресейдің телеарналарын тамашалауға мәжбүр. Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Құралай ауылында тұратын зейнеткер Дәмеш Исекова біз барған кезде ресейлік телеарналардың бірінен «Молодая гвардия» киносын тамашалап отыр екен. «Амал жоқтығынан орыс киносын көреміз. Қазақстандық бірде-бір телеарна көрсетпейді. Бұрын қазақстандық телеарналардан басқасы көрсетпесе де, «Хабар» мен «Қазақстан» болушы еді. Қазір ол да жоқ. Қазақтың ән-жырын, күмбірлеген домбыра үнін сағынамыз. Әттең, көксандықтан қазақша үн шығып, ән-күй төгілген заман көзден бұлбұл ұшты», – дейді зейнеткер. Еліміз цифрлық телевизияға көшкелі, Ресеймен шекаралас ауыл осындай күйге түскен. Биыл ақпан айында Солтүстік Қазақстан облысында аналогтік телевизия толығымен өшіріліп, цифрлық эфирлік телевизия іске қосылған болатын. Сол кезде цифрлық эфирлік хабар тарату облыс орталықтарында – 30, ауылды жерлерде 15 телеарнаны абоненттік төлемсіз тегін тамашалауға мүмкіндік береді делінген болатын. «Эфирлік цифрлық хабар таратуды енгізу қала мен ауыл халқының арасындағы ақпараттық теңсіздікті төмендетіп, еліміздің ақпараттық кеңістігін дамытуға сапалы жаңа мүмкіндік береді», – деген уәдеге сеніп, бөркімізді аспанға едік. Ал шын мәнісінде кейбір ауылдар барынан айырылып қалды. «Ешқандай қосымша қондырғыларсыз Ресейдің 20 шақты телеарнасы жап-жақсы көрсетіп тұр. Ал қазақстандық арналар көрсетпейді. «Цифрлық Қазақстан» құрып жатырмыз деп мәз боламыз, шын мәнісінде не дені дұрыс интернет, не телевизия жоқ. Ауылдастарымыздың көпшілігі «Қазақтелекомның» қызметінен бас тартып, ресейлік интернетке қосылып жатыр. Оның сапасы жақсы, абоненттік төлемақысы да арзандау. Тек құрал-жабдығы қымбат. Бірақ қазақстандық құрал-жабдық та арзан емес әрі қызметтері сапасыз», – деп Анар Исекова да енесін қолдай кетті.
РЕСЕЙМЕН БӘСЕКЕЛЕСЕ АЛМАЙМЫЗ
«Цифрлық эфирлік телевизия» сайтында «Қазақстан халқының 91,11 пайыздан астамына қолжетімді» деп жазылған. Бірақ қамту картасында Ресеймен шекаралас ауылдар жоқ. Жалпы тізімде бұл аудан бойынша Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы Булаев қаласы мен Ұзынкөл ауылы ғана көрсетілген. Сонда қалған бірде-бір ауыл цифрлық телевизияға қосылмағаны ма? CALL-орталыққа хабарласқанымызда жауап берген оператор қыз шынымен де бұл ауылдар цифрлық телевизияға қосылмағанын растады. «Булаев қаласында «Қазақстан», «Хабар», «Хабар 24», «Балапан», «Еларна», «Абай ТВ», «Евразия» телеарналары көрсетеді. Ал Құралай ауылында эфирлік арналарды қарауға техникалық мүмкіндік жоқ. Бір ғана жолы – «Отау ТВ» спутниктік телевизия жүйесін орнату. Оның сигналы әлдеқайда қуаттырақ. 49 қазақстандық телеарна бар. Бірақ қондырғының өзі үшін және орнату үшін ақша төлеу керек», – деп кеңес берді оператор. «Қазтелерадио» АҚ облыстық филиалындағылар да шекаралас аймақтарда сигнал әлсіз екенін мойындады. Сату бөлімінің бастығы Еркін Мекеновтің айтуынша, бұл ауылда телемұнара жоқ, есесіне Ресейдің көршілес Есілкөл ауылында өте қуатты станса бар көрінеді. Соның салдарынан ресейлік арналар шекаралас ауылдарға жылдам тарайды екен. «Стансалар елді мекендерді жаппай қамтуды ескере отырып салынған болатын. Мағжан Жұмабаев ауданында Булаев қаласы мен Ұзынкөл ауылында ғана станса салынды. Сондықтан басқа ауылдардың тұрғындары өз антенналарын барынша жоғары көтеріп, осы елді мекендерге қарай бұруы керек. Жалпы, дециметрлік антенна сатып алған абзал. Себебі цифрлық телевизияға арналған антенналарға қойылатын талап басқа. Оның құны 5-6 мың теңге маңайында. Сонымен қатар кабельдерін де жаңартқаны көптік етпейді. Әр ауылда станса салу экономикалық тұрғыдан оңтайсыз», – деді Еркін Ермекұлы. Дегенмен бұл ауылда осы күнге дейін қазақстандық цифрлық телевизия көрсетпей келсе, бұл шаралар да нәтиже бере қоятынына сенімсіздік білдірді. Тіпті, қуаттылық жағынан Ресеймен бәсекелесе алмайтынымызды да мойындады. Сол себепті алпауыт елмен шектесетін Мамлютка, Пресновка, Булаев сияқты аудан орталықтары мен осы аудандарға қарайтын кіші-гірім ауылдардың барлығы да Ресейдің телеарналарына телміріп отырғанын қынжыла жеткізді. «Ресей стансаларының қуаты біздің аймаққа тереңнен енгізілген. Біздің облыста станса құрылысына қатысты жоба аяқталды. Таяу арада жаңа станса салу жоспары жоқ. Ендігі міндет – телеарналардың санын көбейту», – деді Еркін Ермекұлы.«ОТАУ ТВ» ОРНАТЫП ҚАНА КӨРУГЕ БОЛАДЫ
Ресми дерек бойынша, Солтүстік Қазақстан облысында елді мекендерді цифрлық телевизиямен қамту көрсеткіші 98 пайызды құрайды. Бірақ қамтылмаған 2 пайыздың ішінде шекаралас ауылдар ескерілмеген. Олар «сенімсіз қабылдау аймағында» орналасқан деп есептеледі. Ал қамтылмаған екі пайыз – ойлы-қырлы аймақта орналасқандықтан, станса сигналын қабылдай алмайтын Айыртау және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарға қарасты ауылдар. Ондағы ағайын теледидарды «Отау ТВ» арқылы ғана қарай алады. Ресеймен шекаралас ауылдардың тұрғындарына маман тығырықтан шығудың бір жолы ретінде «Отау ТВ» спутниктік телевизия жүйесін қосуды ұсынды. Бұл ауылдықтар үшін қосымша шығын – 35-40 мың теңгенің ар жақ-бер жағы. Немесе екінші жолы – «Қазақтелеком» АҚ-ның кеңжолақты интернеті арқылы ID TV қызметін қосқызу. Бірақ Ресейдің интернетіне тәуелді болып отырған шекаралас ауыл тұрғындары үшін бұл да мүмкін емес. Шекарадағы ауылдардың жастары қашанғы Ресей идеологиясынан сусындап, көрші елдің жаңалықтарынан ғана хабардар болып жүрмек? Ел ертеңі – балалар алдағы уақытта ел Президентін шатастырып, Путин деп жүрмесіне кім кепіл?Солтүстік Қазақстан облысы