Әсем МАМУТОВА: Еселі еңбек әрдайым бағаланады
Әсем МАМУТОВА: Еселі еңбек әрдайым бағаланады
Шығыс Қазақстандағы ғана емес, еліміздегі іргелі кәсіпорындардың бірі Өскемен Титан Магний комбинаты биыл «SAP Value Award 2021» сыйлығының «Қаржы – бизнестің сенімді серігі» номинациясымен марапатталып, күміс жүлдеге және «Көрермен көзайымы» сыйлығына ие болды. Осы орайда «Өскемен ТМК» АҚ президенті Әсем Тілекқызымен кездесіп, компанияның Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері жөнінде сұхбат құрған едік.  – Әсем Тілекқызы, ең әуелі өзіңіз басқаратын кәсіпорынды «SAP Value Award 2021» сыйлығына қатысып, жүлделі орыннан көрінулеріңізбен құттықтаймыз. Бұл сыйлық сіздер үшін несімен құнды?    – Біздің компания өзінің даму жолында ұзақмерзімді бағдарламаларды негізге алады. Кәсіпорынның 2012-2022 жылдарға арналған стратегиялық бағдарламасында компанияны басқару үшін модернизация мен жаңа ақпараттық ресурстарды енгізуге басымдық берілген. Соның бірі – SAP бағдарламалық кешені. Бұл бағдарламалық өнім ретінде компаниядағы барлық қызмет түрлерінің сапасын арттыруға, оларды бақылауға және ресурстарды оңтайлан­дыруға мүмкіндік береді. Біз осы жобаны 2019 жылы енгізіп, компанияның барлық есептеу жүйесін, яғни кадрларды, жаб­дықтауды және өнімді нарыққа шығаруды аталған бағдарламаға көшірдік. Бұл ауқымды жұмыс оңайға түскен жоқ. Дегенмен де біз барлық модулдарды небары екі жылда жедел енгізіп, сәтті жұмыс істеп кеттік. Осы мақсатта арнайы бөлім құрдық, мамандарымызды өзіміз оқыттық. Бұл бағдарламамен жұмыс істеу үлкен қажыр-қайратты талап етеді. Біз осы бағдар­ламаның көмегімен обьективті, шынайы ақпаратқа қол жеткіземіз әрі тиімді шешімдер қабылдауға жәрдемдеседі. – «Өскемен Титан магний комбинаты» АҚ-ның бүгінгі жұмысы жөнінде айтып беріңізші. Әрине, еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдар кәсіпорынға да оңай соқпағанын білеміз.                – Биыл біздің компанияның құрылғанына 56 жыл болады. Қазақстан егемендігін алған тұста Титан магний комбинатының өнім шығару үрдісі Кеңес Одағына тәуелді еді. Шикізат Украина мен Ресейден келетін. Біз өз өнімдерімізді Ресейге жіберіп отырдық. Еліміз Тәуелсіздігін жариялаған соң кәсіпорынға шикізат пен өнім өткізетін нарық іздеу қажеттілігі туды. Қазақстандағы жүздеген кәсіпорын осындай жағдайға тап болды. Біз тығырықтан шығудың тиімді жолдарын тауып, Тәуелсіздіктің 30 жылында шикізатты өндіруден жоғары сапалы, қымбат бағадағы өнімді өткізу нарығын қалыптастырған іргелі холдингке айналдық. Бүгінде холдинг барлық металлургиялық талаптарға сәйкес келеді және біздің әлемдік титан нарығындағы үлесіміз 18, әуе ғарыш саласындағы үлесіміз 11 пайызды құрайды. Қазіргі таңда біздің қазақстандық титанды әлемдегі жетекші әуе құрылыс компаниялары жоғары бағалайды. Әуелде авиация мен ғарыш саласында, қазір өндірісте кеңінен қолданысқа ие титан ең жас металл саналады. Біздің комбинатта соңғы 11 жылда бірнеше құйма түрлері әзірленді. Кәсіпорын өнімдерінің 100 пайызы экспортқа шығарылады. –  Деректерге сүйенсек, былтыр «ӨТМК» АҚ 15 мың тоннадан астам титан кеуектері мен 6 мың тоннаға тарта титан құймаларын өндірген екен. Әлемдік нарықта өз позицияларыңызды сақтап тұру қанша­лықты қиын? – 2020 жылы әлемді індет жайлағанда әуе-ғарыш нарығы біршама зардап шекті. Қатынас қиындады, ұшақ рейстері шегерілді. Алайда осыған қарамастан былтыр біздегі өндіріс көлемі төмендеген жоқ, компанияның қаржылық-экономикалық жағдайы тұрақтылығын сақтады. 2021 жылы өндіріс көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 16 пайызға ұлғайды. Келесі жылы өндіріс көлемі 38 пайыз болады деп күтілуде. Өйткені қазір әлемдік нарықта титанға сұраныс күннен-күнге жоғарылап келеді. Биыл біз Timet атты америкалық алпауыт компаниямен титанды экспортқа шығаруға байланысты ұзақ мерзімді, яғни 30 жылдық келісімшартқа отырдық. Бұл өз кезегінде болашаққа нық сеніммен қарау­ға, жаңа жобаларға инвестиция құюға, өндірісті модернизациялауға мүмкіндік береді. – «ӨТМК» АҚ – Өскемендегі ғана емес, өңірдегі ірі кәсіпорындардың бірегейі. Шаһардың көптеген тұрғындарын жұмыспен қамтып отырған және бюджетке еселеп кіріс түсіретін компания. Өндіріс орнының жергілікті билікпен, мемлекеттік органдармен қарым-қатынасы қалай? Мемлекет тарапынан кәсіпорынның дамуына қандай да бір көмек көрсетіле ме? – Біз – қаладағы ең ірі салық төлеушіміз. Комбинатта үш жарым мыңға жуық адам еңбек етеді. Көптеген мердігерлік ұйымдар бізбен қоян-қолтық жұмыс істейді. Осындай ұжымдық жауапкершілік жүгін жіті сезінген соң біз Үкіметпен және Шығыс Қазақстан облысы әкімдігімен тығыз байланыстамыз. Қазақстандық титанның даңқы неге аспандады? Өйткені бізді Елбасының өзі қолдады. Ол кісінің тікелей демеуімен бізде жүзеге асырылған жобалар мемлекеттік сыйлықтар мен марапаттарға ие болды. Еңбегімізді Елбасы ғана емес, Үкімет те елеп-ескерді. Біз олардың қамқорлығын сезіндік, біздің барлық жобаларымызға қолдау білдіргенін көрдік. Облыс және Өскемен қаласы әкімдігімен күнделікті бірлесе жұмыс істеп келеміз. – Кәсіпорында 3 мыңнан астам адам еңбек ететінін айттыңыз. Жұмысшыларға тиісті жағдай жасау өз алдына, олардың әрқайсысымен тіл табысу айтуға ғана оңай шығар? – Әлбетте, біз кез келген өндірістің, кез келген компанияның ар жағында адамдар тұрғанын естен шығармағанымыз ләзім. Ал біздің кәсіпорында негізінен ер адамдар жұмыс істейді. Әрине, жұмыс барысында барлық қызметкерге тең дәрежеде көңіл бөлуге тырысамын. Кәсіподағымыз бар, әр бөлімнің ішкі жағдайын назарда ұстайтын, пікір-көзқарастарын білдіретін мамандарымыз бар. Әр қызметкермен тікелей байланысқа шыға аламын, мұны өздері де жақсы біледі. Тапсырма бергенде мәселені шешудің бір емес, бірнеше нұсқасымен келуді талап етемін. Мәселелер болса, дискуссия форматында бірлесе шешеміз. Өйткені әрбір кикілжің уақытты алады. Ал уақыт – өте бағалы ресурс. –  «ӨТМК» АҚ үнді компанияларымен әріптестік байланыс орнатқанын да білеміз. – Біз соңғы 18 жыл бойы үндінің мемлекеттік әскери концерні саналатын Midhani компаниясына кеуекті титанды саудаға шығарып келеміз. 2019 жылы осы концерннің шақыруымен Үндістанда өткен DefExp көрмесіне қатыстық. Көрме аясында аталған компаниямен меди­циналық титан импланттарын шығару үшін бірлескен кәсіпорын құру жөнінде меморандумға қол қойдық. Жобаның мақсаты – медициналық импланттарды Қазақстанда  дайындап, үнді нарығына шығару. 2020 жылы осы елдің IREL деген мемлекеттік компаниясымен қазақстан­дық-үндістандық бірлескен кәсіпорын құруға уағдаластық, биыл осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Алдағы уақытта титан қождарын өндіретін зауыт салу жоспарымызда бар. – Кәсіпорынның алдағы жоба-жоспарларымен бөлісе отырсаңыз. – Өткен жылы комбинаттың 2023-2033 жылдарға арналған даму бағдарламасын бекіттік. Бағдарлама шеңберінде өндіріс қуатын одан әрі еселеп, құрылғыларды жаңғыртып, әлеуметтік нысандарымызды жаңалап, жандандыра түссек дейміз. Комбинат мамандары алдында магний өндірісін биполярлы электролизерлердің жаңа құралымы түріне ауыстыру жөнінде батыл міндет тұр. Сонымен қатар ильменитті концентрат өндіретін жаңа кен байыту фабрикасы мен титан қождарын шығаратын екінші пешті іске қосу жоспарымызда бар. Қазір біз батыстағы серіктестерімізбен бірге титаннан соғылған бұйымдарды шығаратын бірлескен кәсіпорын құру жайын талқылап жатырмыз. – Биыл – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Жақында ғана Тұңғыш Президент күнін атап өттік. Қазақстандықтарға өз лебізіңізді білдірсеңіз. – Өзімнің және «ӨТМК» АҚ ұжымы­ның атынан Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа титан магний өндірісіне жүйелі түрде көрсетіп келе жатқан көмегі үшін алғыс айтамын. Біздің бүгінгі биік белестерді бағындыруымызға Елбасының қосқан үлесі қомақты. Барша қазақстандықтарды алда келе жатқан Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтай­мын. Еліміз өркендей берсін.  – Әңгімеңізге алғыс білдіреміз.

Шығыс Қазақстан облысы