ПИК-тен МИБ-ке дейін...
ПИК-тен МИБ-ке дейін...
192
оқылды
Жалпы, елімізде ұжымдық жауапкершілік мәселесі өте баяу қалып­тасып келеді. Оның бір айғағы кондоминиум қатынасында ауызбіршілік пен ұйымдастыру мәселе­лерінің ақсап жатқаны. Мұндағы ұзақ жылдар бойы қордаланып қал­ған проблемалар тұрғынүй қорының және инженерлік инфрақұрылым­дардың тозуына, содан келіп ком­муналдық ресурстар­дың ысырап болуына, сондай-ақ абаттандыруға жұмсалатын бюджет шығындарына алып келген болатын. Енді мемлекет ұсынып отырған жаңа жүйе, яғни Мүлік иелері бірлестігі (МИБ) ол мәселелерді қалай шеш­­пек?

Бірлестік біріктіре ме, бөле ме?

МИБ дегенде есімізге Мәжіліс депутаты Альберт Рау тұрып жатқан үйге қатысты айқай-шу түседі. Интернет желісінде жыр болған мұндағы оқиғаны қысқаша баяндап өтер болсақ, Highvill тұрғын үй кешенінің бір блогының тұрғындарынан тұратын бастамашыл топ былтыр қыркүйек айында МИБ құру туралы бастама көтерген екен. Сауалнама әдісімен қол жинаған олар, оны заңға сәйкес етіп тіркеген. Одан соң бұған дейін кондоминиум қызметін атқарып келген Highvill-дің сервистік компаниясынан өздері иелік етпек болған үш ғима­рат­тың құжатын сұраған. Бірақ олар бұрынғы­сынша барлық Highvill ТК бойынша МИБ құратын жоспарлары барын айтып, беруден бас тартыпты.
«Мұнысы заңға қайшы еді. Өйткені бір іргетаста орналасқан бір үйде бір МИБ құруға болады. Ал ондай бір фундаментте бізде үш ғимарат бар. Паркинг ортақ. Қалған блоктарда шаруамыз жоқ. Олар өз алдына МИБ құра ма, құрмай ма, өз еркі. Құжат бермеген соң прокуратураға хабар­ластық. Олар сот арқылы шешіңдер деді. Өйтіп әлекке қалып жүргіміз келмеді. Жаңа­дан құрылтай құжатын жасадық. Сол кезде мен МИБ төрағасына сол сервистік компанияның өзімен келісімшартқа отыруға кеңес бердім. Бір жағы олардың бұған дейін көрсеткен қызметі мен тарифінің аражігін анықтап алғымыз келді. Бірақ олар одан да бас тартып, мүлдем қызмет көрсетпей қойды. Соған қарағанда, біраз шикілігіміз шығып қала ма деп қашқақтаған сияқты», – дейді Мәжіліс депутаты интернет басылымдардың біріне берген сұхбатында.
Осылайша, бұл дау басылғандай көрініп, жаңа бірлестік өз жұмысын бастап кеткен болатын. Бірақ жаз мезгілінде Highvill-сервис компаниясы бұрынғы әуеніне қайта басқан екен. 350 пәтерден тек он шақты тұрғынды жинап,  жиналыс өткізген олар тәп-тәуір жұмысын жүргізе бастаған МИБ ұйымының кеңесін қайта сайлауды ұсынған. Сол әрекетімен қаншама жылдан бері қолында тұрған ақша мен биліктен оңайлықпен айырыл­ғысы келмегенін көрсеткен. Мұндай ПИК пен МИБ арасындағы тайталас жалпы еліміз бойынша бой көрсетіп қалып жүр.

Өміршеңдігіне күмән көп

Сонымен, елімізде бастау алған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық реформасы әлі толық күшіне енбесе де, оның өмір­шеңдігіне күмәнмен қараушылардың қата­ры аз емес. Өйткені бұған дейінгі Тұрғын үй-пайдалану кооперативі (ЖЭК), Пәтер иелерінің өндірістік кооперативі (ПКСК), Пәтер иелері кооперативі (КСК) сынды кондоминум ұйымдарынан аузы күйгендер елімізде қоғамдық негізде атқарылатын бұл жұмыстарда ұжымдық-ұйымдастыру­шы­лық мәдениеттің толық қалыптаса қойға­нына сенбейді. Оның үстіне мұндағы проблеманың бір ұшығы – тұрғын үй қорының ескілігінде жатыр. Салынғанына 60-70 жыл болған үйлердің жағдайы сын көтермейді. Көптеген үй төбесінен су кетіп, жертөлелері нәжістен сасып жататын. Оларды жөндемек тұрмақ, тек қана күтіп ұстаудың өзіне құрылыс нарығындағы қымбатшылыққа байланысты тұрғындар­дан жиналған ақша жетпейтін. Ал тұрғын­дармен жиналыстарда тарифті көтеру мәселесі ылғи да дау-жанжалмен аяқтала­тын. Мұндай тығырықты жағдай аздай, ПИК төрағаларының немесе есепшілерінің онсыз да мардымсыз ақшадан кертіп ұрлау деректері де аз кездескен жоқ. Жекеменшік сектор болғандықтан, мемлекет тұрғындар­дың ішкі ісіне араласа алмады. Олардың бар қолынан келгені, тұрғын үйлердің сыртқы модернизациясына, ішінара инженерлік инфрақұрылымдарын жаңғыр­туға көмектесу болды. Онда да бұл жұмыс­тар несиелік тетік бойынша жүзеге асты. Әрине, қарамағына алған үйлерді тап-тұйнақтай етіп ұстап, коммуналдық қорын шаршатпай күтіп пайдаланған кооперативтер де болды. Бірақ олар бірен-саран еді. Ал шындығына келгенде, еліміздегі ТҮКШ ережелері жаңадан салынған үйлерге негізделген болып шықты, Кеңес Одағынан қалған ескі үйлердің тозу амортизациясы онда ескерілмеген. Сондықтан да ескі жүйені ұсақтай түсіп, «бөліп ал да, билей бер» саясатына ұқсас реформаға сенбейтіндер де баршылық. ПИК
«Кооперативтер өздерін сарқып болғаны рас. Ал жаңа жүйе бірдеңе шеше қоярына еш сеніп тұрғаным жоқ. Тіпті, шикілік көп дер едім. Негізгі тұстарына тоқтала кетсем, әп дегендегі тіркеудің өзінде де шикілік бар. Өйткені дені пәтерді жалдап  тұратын үйдің тұрғындарын жалпы жиналысқа жинау оңай шаруа емес. МИБ-ті құрғанның өзінде, оның форматы мен шешім қабылдау сипатына кез келген тұрғын келісе қоймауы ықтимал. Өйткені белгілі бір шешімді қабылдауға қатысушы­лардың 10%-ының ғана даусы жеткілікті екен. Бұл келіспеушіліктерді күшейтіп, одан арғы әрекеттер соттасуға алып барады деген сөз. МИБ-тің төрағасының міндетіне келсек, жұмысы бастан асады екен. Мониторинг, қадағалау, жалдау, сапасын тексеру, қаржылық есеп беру – бәрі-бәрі бір адамның мойнында. Бұл жұмыстардың барлығына ол қанша ақша алатыны тағы белгісіз. Жұмысқа тартылатын сервистік мекемелер мен мамандардың да сапасы мен бағасы нақтыланбаған. Олар қалай таңдалып алынады? Өйткені мықты мамандар қымбат тұрады. Ал нашар компаниялар қызметін арзанға ұсынып, сапасыз жұмыс істеп құтылады. Оның зардабын тағы да сол тұрғындар көреді», – дейді қоғам белсендісі Рүстем Жансейітов.
Қоғам белсендісінің айтуынша, жаңа жүйеде бухгалтер аутсорсинг бойынша жалданады екен. Сырттан келген адам бір үйдің жағдайын толық білмеуі мүмкін. Сондықтан да ол өз есебінде тек төраға берген ақпараттарды ғана басшылыққа алатын болады. Ал кейін оның жағдайды толық түсінбегенінен кемшіліктер анық­талатын болса, төрағаға сілтемек. Бұл жер­де бір-біріне ысыра салу, бұлыңғыр жауапкершілік болғалы отыр. Сондықтан да Рүстем Жансейітов үйлерге қызмет көр­се­туді сертификатталған, салықтан босатыл­ған және әр үй бойынша нақты есеп жүргізе алатын ірі сервистік компаниялар жүзеге асыруы тиіс деп санайды. Сонда ғана тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылықты басқару нәтижелі болмақ. Ал өңкей зейнеткерлер мен мүгедектер тұра­тын үйді МИБ басқарар болса, табысы аз тұрғындардан тұратын мұндай үйді күтіп ұстау оңайға соқпайды.

МИБ дегеніміз не?

Сонымен, Меншік иелерінің бірлестігі (МИБ) дегеніміз не? Ол – көпқабатты тұрғын үйді басқарудың заманауи нысаны. Бұған дейін елімізде ПИК-тер жұмыс істеп келген болса, енді «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 42-бабына сәйкес мүлік иелеріне кондоминиум нысанын басқару­дың екі түрі ұсынылатын болады. Олар – Мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) мен Жай серіктестік (ЖС). Бұрын кооперативтер бірнеше үйді, тіпті бір шағынауданды басқаруға құқылы болса, енді әрбір үйде бір-бір МИБ әлде ЖС-дан болуы тиіс. Әр үйдің тұрғындары өзін-өзі басқарады. Бұл жерде негізгі сөз – «басқарады». Олардың штатына бухгалтер, аула тазалаушы, жинаушы, сантехник, электрик, инженер қабылдауға құқы жоқ. Ешқандай да сервис көрсетумен араласпайды. Мұндай қызметті олар сырттан жалдайды. МИБ – төрағадан, 3 адамдық үй кеңесінен және 3 адамдық ревизиялық комиссиядан тұрады. Сырттан жалданған сервистік және басқарушы компаниялар­дың жұмысын төраға қадағалайды және қабылдап алады. Заңда тарифтік смета бо­йынша күтім жұмыстары, ағымдағы және күрделі жөндеу шығындары көз­делген. Соның ішінде күрделі жөндеу мақ­саты үшін тариф шаршы метріне 0,005 АЕК-ті құрайды. МИБ төрағасы үйдің кеңесі алдында, ал үй кеңесі меншік иелері алдында ай сайын есеп береді. Осы жиында олар болашақ сметаны талқылап бекітеді. Бүгінде елімізде 53 мыңға жуық көппәтерлі тұрғын үй бар екен. Оларға 7 мыңдай ПИК қызмет көрсетеді. Бұл дегеніміз, Үкімет белгілеп отырған меже – 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін 53 мың жаңа нысан құрылуы тиіс деген сөз. Бүгінде елімізде 2613 МИБ, 28031 ЖС құрылған. Бұл – керек жаңа ұйымдардың 58%-ы.