Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында жаңа дәуірдегі қазақстандықтар үшін басты бағдар болатын «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттар жиынтығын ұсынды. Елбасы қазіргі заманғы мемлекеттің жеті қағидатын негізге ала отырып, қазақстандықтарға қолда бар ресурстар мен мүмкіндіктерді барынша пайдаланып, тиімді жұмыс істеу қажет екендігін атап өтті.
Ұлттық академиялық кітапхана залында Нұр-Сұлтан қаласының Nur Otan партиясы филиалы жанындағы Miras өңірлік Қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Отырыста қатысушылар қағидаттар жиынтығын егжей-тегжейлі талқылады. Жиын барысында кеңес төрағасы Дихан Қамзабекұлы: «Нұрсұлтан Әбішұлы «Мәңгілік ел» мұратын тұрлаулы етудің жеті тұғырын есімізге салды. Олар: тәуелсіздік, бірілік пен келісім, қасиетті жер, отбасы мен салт-дәстүр, ұлт мәдениеті, білім мен еңбек, прагматизм. Елбасы мұны «Елдіктің жеті тұғыры» деп атады. Әлбетте, бұл тұғырды тиянақтау мен тұлғаландыру – жаңа буынға аманат. Түптеп келгенде, бұл – тоғыз миллионның елшілдігі мен кәсібилігін анықтайтын көрсеткіш болып бекитіні сөзсіз. Осы жолда білім және ғылым саласының алдында зор мемлекеттік және қоғамдық міндеттер тұр. Мұны кезең-кезеңмен, жүйесімен орындауда намысты, жауапты азаматтар аянып қалмайды деп ойлаймыз» деп өз ойымен бөлісті. Кеңес мүшесі Қанат Естек: «Ұлт Көшбасшысы сөздерінің бірінші кезектегі мәні біздің қоғамның рухани негіздерін – ұлттық рухымыз, ұлттық сана-сезіміміз өсетін негіздерді сақтау болып табылады. Осыған байланысты біздің руханият пен менталитетімізді қалыптастыратын алғышарттар анықталады. Бұл аумақтық тұтастықты сақтау, көрші елдермен достық қарым-қатынас, қазақстандық қоғамның шынайы интеграторы болып табылатын дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қолдау болып табылады» деді. Miras кеңесінің сарапшысы Шәкен Тұрар: «Тәуелсіздік, бірлік пен келісім, жер, ата – бабаларымыздың баға жетпес мұрасы, отбасы мен дәстүр, ұлттық мәдениет, білім мен еңбексүйгіштікке ұмтылу, прагматизм мұны еліміздің әрбір азаматы білуге тиіс, бұл іргетасы мықты, бәсекеге қабілетті, дамыған, тұрақты мемлекет құрудың негізгі іргетасы болып саналады», – деп атап өтті. Нұр-Сұлтан қаласының Nur Otan партиясы филиалы жанындағы Miras өңірлік Қоғамдық кеңесінің мүшелері мемлекеттік органдарға, бастауыш партия ұйымдарына БАҚ-та, әлеуметтік желілерде және партиялық жиналыстарда «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттарын түсіндіру жұмыстарын жалғастыруды ұсынды.