Елордада және Ақмола облысында жаңа көпфункционалды оңалту орталықтары салынады

Елордада және Ақмола облысында жаңа көпфункционалды оңалту орталықтары салынады

Елордада бірінші көпфункционалды оңалту орталығының құрылысына ақша жинау мақсатында ҚР Тұңғыш Президенті күніне және ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған қайырымдылық кеші өтті. Бұл кешті «Biz Birgemiz Qazaqstan» жалпыұлттық волонтерлер қозғалысы ұйымдастырды. Кеш барысында бас демеушілердің, атап айтқанда G-Park компаниясының Бас директоры Ғабит Сәтмағамбетовтың, «SolarA.kz construction company» ЖШС компаниялар тобының директоры Әсел Жолмұханова мен «Бірлік» ЖК басшысы Гүлназ Талғаттың қолдауымен көпбалалы отбасыларға 2 пәтердің кілті табысталды. Сондай-ақ, үй сатып алу үшін 5 млн теңге сомасына сертификат сыйға тартылды. G-Park-тан екі бөлмелі пәтер алған жалғызбасты көпбалалы ана Жақсығұл Қаныбекова отбасына «Biz Birgemiz Qazaqstan» үнемі қолдау көрсетіп келе жатқанын атап өтті.

«Менің күйеуім 2020 жылы жол апатынан қайтыс болды, сол кезде мен 6-шы балаға жүкті болдым. Осы қиын кезеңде «Biz Birgemiz Qazaqstan» волонтерлер қозғалысының жетекшісі Қайрат Перизат көмекке келді. Сол уақыттан бері ол жан-жақты көмек көрсетіп келеді. Маған пәтер туралы хабарлағанда, мен тіпті сенбедім. Үлкен алғысымды білдіргім келеді. Бұл менің ұлымның туған күніне арналған ең құнды сыйлық», – деді ол.
Сондай-ақ, бұл кешті «Nur Otan» партиясы қолдады. Қонақ ретінде қатысқан партия хатшысы Арман Қырықбаев құттықтау сөз айтып, «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары атынан волонтерлік қозғалысқа қолдау көрсеткен меценаттарға алғыс хаттар табыс етті.
«Nur Otan» партиясының негізгі миссиясы – игі істерді қолдап, қоғамға көмектесу. Бүгінгі жиналған қаражат «көпсалалы әлеуметтік-оңалту орталығының» құрылысына бағытталатын болады. Әрине, бұл жоба 100-ден астам ерекше балалардың әлеуетін дамытуға, олардың әлеуметтік интеграциясына және қоғамға бейімделуіне ықпал етеді. Мен осы бастама үшін «Biz Birgemiz» қозғалысына және қаржылық қолдау көрсететіндерге шын жүректен алғыс айтқым келеді!», – деп атап өтті ол.
Қайырымдылық кешінің ерекшеліктері мұнымен аяқталған жоқ. Аталған іс-шараны қазақстандық дизайнерлер, атап айтқанда «Динара Сатжан Fashion Group», «Aida KaumeNOVA», Медина Сақтағанова және «Arunaz» ательесі қолдады. Сән көрсетілімінің ерекшелігі БЦП диагнозы бар ерекше балалардың қатысуы болды. Дизайнер Аруназ кішкентай ханшайымдарға арнайы киім тігіп, содан кейін оларды ақысыз тарту етті. Кештің концерттік бөлімін өткізуге Мәскеуден арнайы келген әнші, «Black Star» лейлбінің әртісі Назима, виолончелист Бағжан Октябрь, қазақстандық эстрада жұлдыздары, атап айтқанда: Мәдина Сәдуақасова, Мәди және т.б. қолдау көрсетті. Іс-шара барысында жалпы сомасы 48 млн теңгеге 10 лот ойнатылды (Динара Сатжаннан «Түркістан» топтамасынан камзол; Аида Қауменовадан бешпет; Медина Сақтағановадан пальто; боксшылар Геннадий Головкин мен Серік Сапиевтің қолғаптары; «Тұскиіз» ою-өрнекті қабырғаға ілінетін кілем; қазақстандық мүсінші және суретші Сырым Мүсіреповтың «SAQ», «Табандылық», «Жұлдызды аспан», «Самұрық Қазына» композициялары; жас дизайнер Айдана Ерінбеттен арт-кресло). Олардың ішінде Геннадий Головкиннің қолғабы мен «Тұскиіз» түріндегі 2 лотты «Болашақ» корпоративтік қоры ұсынды. Айта кету керек, танымал боксшының қолғаптары «Болашақ» корпоративтік қорының төрағасы Динара Шайжүнісованың жеке коллекциясынан алынған. Барлық түскен қаражат Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола облысында алғашқы көпфункционалды оңалту орталықтарын салуға бағытталады.