Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысы өтті, – деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.
– Үкімет тиісті шараларды қабылдады деп санаймын. Пандемиядан сабақ алып, әлеуметтік саясатымызды жаңа жағдайларға жүйелі түрде бейімдеуіміз керек. Жалпы, ұсынылып отырған мақсаттар мен міндеттерді қолдай отырып, әзірленіп жатқан Әлеуметтік кодекстің жаңа «қоғамдық шарттың» негізгі бөлігіне айналуы қажет екенін айтқым келеді. Кодекс бойынша мемлекет жаңартылған әлеуметтік міндеттемелердің орындалуына кепілдік береді. Алайда, барлық қазақстандық болашағын ойлап, өздеріне жауапкершілік пен міндеттемелер ала бастауы керек. Әлеуметтік жаңғырудың барлық құралы нақты жұмыс істеп, азаматтар мен бизнес үшін түсінікті болуы тиіс, – деді Президент.Жиын барысында Президенттің экономикалық даму мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі сэр Сума Чакрабарти мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова банк секторының дамуы және құнды қағаздар нарығы туралы тиімді макроэкономикалық саясат бойынша Консультативтік комитеттің есебін ұсынды. Ұлттық қор мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын басқару стратегиясының тиімділігін арттыру жөнінде Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев баяндама жасады. Активтерді басқару стратегиясын одан әрі жетілдіру үшін жаңа стратегиялық аллокацияға көшу, инвестициялық үдеріске ESG факторларын енгізу, акциялардың портфельдерін хеджерлеу (нарықтық тәуекел-қатерлерден сақтандыру), сондай-ақ активтерді басқару үдерістерінің цифрландырылуын қамтамасыз ету шаралары ұсынылды. Ұлттық банктің болжамына сәйкес кепілдендірілген трансферттердің азаюына байланысты 2022-2030 жылдар аралығында Ұлттық қорға түсетін қаржы көлемі 20 миллиард долларды құрайды. Нәтижесінде, Ұлттық қордың активтері 2030 жылға қарай 100 миллиард долларға жетеді. Оның кемінде 50 пайызы инвестициялық табыстан түседі. Биыл Реформалар жөніндегі жоғары кеңес ел дамуының барлық бағытын қамтитын 20-дан аса мәселені қарастырды. Жиын соңында кеңес мүшелері алдағы 2022 жылға арналған жұмыс жоспарын бекітті.