Елбасының «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында халқымыздың тарихына тереңнен қозғау салынған екен. Азаттыққа қол жеткізгенге дейінгі халқымыздың өткен өмірі, бүгіні мен келешегі кең көлемде қамтылған. Қазақта «жеті атасын білмеген ұл жетесіз, жеті ғасыр тарихын білмеген ел жетесіз» деген сөз бар. Әрбіріміз егемендіктің қандай жолмен келгенін жүрегімізбен сезгенде ғана еліміздің тәуелсіздігі тұғырлы болады. Әрбір адам еркіндікті қалайтыны секілді, әрбір мемлекет те азат болғанда ғана елдігін сақтайды. Қазақ елінің еркіндік жолындағы күресі еш тоқтаған емес. Еліміз бен жерімізді қорғау жолында қанша адам қанын төкті, басын бәйгеге тікті. Біз сол ата-бабаларымыздың жанымен келген жерде тәуелсіздіктің жемісін көріп отырған ұрпақпыз. «Мың өліп, мың тірілген» қазақтың қиындық көрмеген күні жоқ. Кешегіні айтпағанда бір одақтың кезінде ғана қазақ талай нәубетті бастан кешті. 1916 жылы қазақ жастарын тыл жұмысына шақыруынан бастап екі ашаршылық пен репрессия қазақтың қаймағын қалқып алды. Қазақты рухани кедейлендіріп кетті. Бас көтеретін азаматтарымыз солақай саясаттың құрбаны болды. Осы уақытқа дейін қазақтың басына түскен нәубеттің барлығы адамның қолымен жасалды. Ұлтымыздың болашағына балта шапқан қасіретті тарих өскелең ұрпақтың құлағына дұрыс жету үшін Елбасының тапсырмасымен 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды. Күні кеше ғана ашаршылық туралы бес томдық жинақ жарық көрді. Бұл да тәуелсіздіктің арқасында келген мүмкіндік. Елбасының көші-қон саясатын жүргізіп, кезінде жан-жаққа бытырап кеткен қазақты атажұртына қайтаруы да үлкен ерлік. Қазіргі Түркістан облысында Асар шағынауданына көшіп келген қандастар үшін керемет үйлер салынды. Қазір сол аудан қаланың келбетін көрсететін қалашыққа айналды. Ордабасы ауданында да одақтың кезінде саяжай болған Жуасу елді мекені бар. Сол жерге де Өзбекстаннан бір топ ағайын көшіп келді. Қазір бір елді мекенде 45 мың адам тұрады. Сол қандастарымыз елдің экономикасы мен мәдениетінің дамуына бір кісідей үлес қосып жатыр. Өйткені адам капиталы болған жерде өрлеу болады. «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде оқып келген 14 мың адам елге келіп, жаңа бағыттағы Қазақстанның дамуына үлес қосып келеді. Меніңше, «Тәуелсіздік тағылымы» – тарихи құжат. Елбасы бір ғана мақала арқылы тарихты толғау арқылы болашақ ұрпаққа ой салғысы келеді. Кезінде Американың тоқырау жылдарында ел басқарған президент Джон Кеннеди: «Мемлекет маған не береді емес, мен мемлекетке не беремін?» деген ұран тастаған екен. Тұңғыш Президентіміз дәл қазір елдің болашағын, тәуелсіздіктің тұғырын нығайту жолында әрбір қазақстандық өзі салып кеткен сара жолын ары қарай жалғастыра алатындай жауапкершілік артып отыр.
Берік БЕКЖАНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты