Тәуелсіздік – ең басты құндылық
Тәуелсіздік – ең басты құндылық
496
оқылды
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық ме­рейлі белесі қарсаңында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласын жариялады. Мақала тәуелсіздікті терең пайым­дауымен салмақты әрі құнды. Елбасы егемендікті ұлттық бірегейлікті және көзқарасты қалыптастыратын ең жоғары құндылық деп пікір білдірген. Тұңғыш Президентіміз халқымыз дамылсыз азаттыққа ұмтылып, таза тілін, адал ғұрпын және мәйекті мәдениетін сақтап ұрпағына аманаттай білгенін айтады. Тәуелсіздіктің құндылығы ұлтымыздың санасына сіңіп, тарих толқынында адастырмас бағдарға айналғанын сөз етеді. Сондықтан Қазақстанның тәуелсіздікке қол жеткізуі – тарихи кездейсоқтық емес, бабаларымыздың ғасырлар бойы еркіндікке ұмтылып, сол жолдағы кескілескен күресінің заңды нәтижесі деп сенімді түрде айта аламыз. Мақалада ХХ ғасырдағы қисапсыз мол қиындықтардан тұратын тарихқа айрықша тоқталған. Елбасы 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілістің, Азаматтық соғыстың, 1921-1922 және 1930-1932 жылдардағы ашаршылықтың, саяси қуғын-сүргіннің, Ұлы Отан соғысының қазақ халқына қалай әсер еткенін ой елегінен өткізген. Тұңғыш Президент халқымыздың болашағы бұлдыр болған күннің өзінде сағын сындырмай, келешектен үмітін үзбегенін, қиындық атаулыға қасқая қарсы тұрып, үздіксіз алға жылжығанын сөз етеді. Елбасы осы сынақтардың барлығы қазақ халқын тәуел­сіздікке қол жеткізу жолында шыңдады деген қорытынды жа­сайды. Елбасының мақаласы қазақстандық тарихшыларды XX ғасыр тарихын одан әрі терең зерттеуге ынталандырады деп сенемін. Сонымен қатар Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ғалымдарды тарихтың «ақтаңдақтарын» жан-жақты зерттеуге шақырған болатын. Бұл көп жағдайда ХХ ғасырда қазақ халқына аса ауыр соққы болып тиген ашаршылықтың екі бірдей тол­қынына да қатысты. Бұл бағытта Парламент Сенаты ғалымдармен бірлесіп маңызды жұмыс атқарды. Нақты айтсақ, биыл «Ашаршылық. Голод. 1928-1934. Документальная хроника» атты жинақтың бес бірдей томы жарық көрді. Жинақта бұрын еш жерде жарияланбаған архив құжаттарымен қатар ұлтқа төнген трагедияның себептері мен салдары туралы тың деректер жинақталған. Ашаршылық тақырыбын зерттеу өткенге тәуелсіз тарихи көзқарасты қалыптастыру үшін аса қажет. Тарихтың «ақтаңдақ­тарын» жою, ақиқатқа қол жеткізу және одан тиісті сабақтар алу тәуелсіздік құндылықтарын нығайтудың маңызды факторлары екені сөзсіз. Сондай-ақ «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласында Елбасы өзі бел ортасында болған 30 жыл бұрынғы тарихи оқиғалар сипатталған. Мұнда бұрын-соңды көпшілікке белгісіз болып келген жаңа деректердің жариялануы мақаланың салмағын арттыра түседі. Солардың бірі – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңның қабылдануы барысындағы қызу пікірталас туралы оқиғалар. Еліміздің жетекші құқықтанушыларының қатысуымен мұқият дайындалған және алдын ала сараптамадан өткен тарихи маңызы зор бұл құжат 1991 жылғы 14 желтоқсанда қабылдануға тиіс еді. Алайда полемика үш күнге созылған. Соңында Елбасы тартыншақ депутаттарды заңды кідіріссіз қабылдау керек деп жеке өзі сендіруге мәжбүр болды. Себебі олардың шешімін Қазақстан халқы тағатсыздана кү­тіп отырған еді. Осы орайда Елбасы өзінің беделімен заңның өз­геріссіз қабылдануы жолында табандылық танытқанына тарих куә. Біз осы бір маңызды тарихи кезеңнен ел үшін тағдыршешті шешім қабылданғанын көреміз. Сондай-ақ бұл жерде Нұрсұлтан Әбішұлының нағыз патриот және халық пен тарих алдында жауапкершілік жүгін арқалаған Көшбасшы ретінде өз ерік-жігерін еркін іске асыратын дәйектілігі мен табандылығын байқаймыз. Осылайша, Тұңғыш Президентіміз өз мақаласында баршамызға саяси көшбасшылықтың маңызды сабақтарын ұсынды. Елбасы өз мақаласында елімізді нығайтуда шешуші рөл атқарған ұлт Көшбасшысы ретіндегі өзінің аса маңызды шешімдері туралы айтты. Ол шекараны делимитациялау, Семей полигонын жабу, ұлттық валютаны енгізу; мұнай кірістерін жинақтау үшін тұрақтылық қорын құру мәселелері болатын. Астананы көшіру және Сарыарқаның төрінде қазіргі заманғы жаңа қала салу; индустриялық-инновациялық және инфра­құрылымдық даму бағдарламаларын іске асыру; қандастарды көшіріп әкелу бағдарламасы; президенттік «Болашақ» сти­пендиясын тағайындау; Назарбаев университетін және Назарбаев зияткерлік мектептері желісін құру; Қазақстан ас­танасында болашақ энергиясына арналған EXPO-2017 халық­аралық көрмесін өткізу – осының бәрі ауқымы зор тағдырлы шешімдер болды. Елбасының президенттік билікті өз еркімен беруі халық мен тарих алдындағы нағыз ұлт Көшбасшысының жауапты шешімі болды. Саяси транзиттің толығымен Конституцияға сәйкес жүргізілуі Қазақстан дамуының демократиялық векторын нығайта түсті. Мақалада айтылған идеялар мен бастамалар еліміздің Тұңғыш Президентінің шын мәнінде әлемдік деңгейдегі саясаткер екенін паш етеді. 1992 жылы БҰҰ мінбесінен күтпеген қауіптер мен сын-қатерлерге қарсы халықаралық қор құру туралы айтқан Елбасы­ның бастамасы бүгінде әлемде бұрын-соңды болмаған коронавирус пандемиясының қауіп-қатеріне тап болған кезде аса маңызды болып отыр. «Коронадағдарыстың» кедей елдер мен халықтарға қысымын төмендетуге бұл бастама мүмкіндік беретіні даусыз. Елбасының «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласы қазақ­стандық мемлекеттің қалыптасуына түбегейлі әсер еткен шешуші шешімдер қабылдаудың заңды да тиісті тетіктерін жаңаша түсіндіріп, мәнін ашып берді. Мақаланы оқу арқылы Қазақстанның жаңа тарихымен, жас республикамыз тап болған сын-тегеурін­дермен және қауіп-қатерлермен танысуға болады. Сондай-ақ бұл мақала Қазақстанның тәуелсіздігін нығайту үшін жүзеге асырылған аса маңызды әрі орасан зор жұмыстарды неғұрлым терең түсінуге ықпал етеді.

Мәулен ӘШІМБАЕВ, Парламент Сенатының Төрағасы