Теңдесі жоқ жетістік
Теңдесі жоқ жетістік
Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті – Ел­ба­сы Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Тәуел­сіздік тағы­лымы» атты мақаласы кім­­ді бол­са да бейжай қал­дыр­­майтыны, тол­ған­ды­ра­тыны, ойына ой қо­сатыны сөз­сіз. Өйткені осы бір ма­қалада бүкіл қа­зақ­тың жүз­деген жыл­­дық тарихы қамтылып, ата-бабаларымыз аңсап, ар­ман­дап өткен тәуел­сіздікке қа­лай жет­­кеніміз, оның те­мір­қа­зы­ғын қалайша берік бекем­­дегеніміз туралы кеңінен айтылып, көрсетілген. Елбасы халқымыз үшін аса қастерлі осы ұғым­ның мән-мағынасын айта келе: «Ол – ата-баба­лары­мыздың азаттық жолындағы жан алысып, жан беріскен сан ғасырлық күресінің заңды жалғасы, халықаралық құ­жаттармен бекітіліп, мәңгілікке берілген сыйы», – деп тұжырымдаған. Шынында да, тәуелсіздік әлемдегі көптеген ұлттың асыл ар­маны, жетейін десе жете алмай жүрген асқақ шыңы. Қазір Жер шарында 5 мыңнан астам тілде сөй­лейтін халықтар бар, бірақ солардың екі жүзге жуығы ғана өз тәуел­сіз­дігін алған, туы, елтаңбасы, әнұраны, ас­танасы бар егемен мем­лекеттер. Аталған мақалада өткен 30 жыл ішінде тәуел­сіздігімізді тұғырлы ету жолында ат­қарылған қыруар істер, оның ішінде кез­дескен қиындық­тардың қа­лайша еңсерілгені және жеткен ұлан-ғайыр же­тістіктер байып­пен баяндалған. Осы кезеңде біршама уақыт Президент Әкім­шілігінің кадр саясаты құрылымында қызмет ат­қарғандықтан, осы саладағы талай өзгерістер мен жаңа­лықтарға куә болдым. Елбасының басшылы­ғымен қолға алынған алғашқы іргелі реформалардың ішінде кадр саясатында жүргізілген түбегейлі өз­герістер мемлекеттік қызметті мүлдем жаңа, жоғары деңгейге көтерді деп толық айта аламыз. ТМД мем­лекеттерінің ішінде тұңғыш болып әлемдік озық тәжірибелерді сараптап, еліміздің ерекше­ліктерін ескере отырып әзірленген «Мемлекеттік қызмет туралы» бірінші заң 1995 жылы қабылданды. Кейін­нен бұл салада еліміздегі қоғамдық, әлеу­меттік, эко­номикалық өзгерістер мен стра­тегиялық құжаттардың талабына сай келетін екі жаңа заң қабылданып, оларға бірнеше рет өзгерістер ен­гізілді. 1993 жылы Президенттің әлемде теңдесі жоқ «Болашақ» халықаралық бағдарламасы қабыл­данып, осы жоба аясында 15 мыңнан астам жас түлегіміз шетелдердің озық оқу орындарында білім алып, ел эконо­микасына аса қажетті маман­дықтарды меңгеріп шық­ты, олар бүгінде еліміздің мем­лекеттік құ­рылымдарында ғана емес, эконо­миканың барлық саласында қажырлы еңбек етіп жүр. Елбасы қай бағытта болмасын жаңа стра­те­гиялық жобаларды, бағдарламаларды бастағанда әрдайым биік мақсат пен биік талапты алға қояды. Соның ішінде мемле­кетіміздің астанасын Ал­матыдан Сарыарқа төріндегі Ақмола қаласына көшіру жөніндегі батыл шешімі, сол ұлы көштің куәсі ретінде мені әлі күнге дейін таңғалдырып келеді. Біріншіден, жылдар бойы қалыптасып, тұрақтанған, отырықшы кадрларды жаңа қонысқа көшіріп әкеліп, орна­ластыру, екіншіден, қыс­қартылып, ықшамдалған мемлекеттік органдардың аппаратына жаңа елордада қызметкерлер даярлау, оларды қызметке тағайындау мәселесі үлкен ыж­дағаттылық пен көрегендікті талап ететін ауқымды жұмыс. Сол кезде Үкіметтің ор­та­лық органдарды көшіру жөнінде дайындаған бұрын қабылдаған шешімін өзгертіп, Ас­танаға бүкіл Қазақстанның барша өңірінен кадрлар шақыруды бұйырып, олардың барлығына бірдей жағдай жасауға тапсырма беріп, оны өзінің жеке бақылауында ұстады. Жалпы, Тұңғыш Прези­дентіміз тағайында­ған, өсірген саяси мемлекеттік тұлғалардың, дипломаттардың, ол жүргізген сараб­дал кадр саясатының арқасында мемлекеттік қыз­метте болып, еңбек еткен азамат­тардың еліміздің әлеуметтік, экономикалық дамуына, мемлекеті­міздің халықаралық беделінің өсіруіне, тәуел­сіз­дігімізді нығайтуға қосқан үлесі ерекше десек, артық айтқан болмас едік. Бұған айрықша айғақ ретінде Нұрсұлтан Әбішұлының өз мақаласында: «30 жылға жуық ел басқарған кезімде мен жаныма қаншама азаматты серік етіп, көптеген шәкірт тәрбиеледім. Солардың ішінде Үкімет басқарған, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары ретінде жаһандық саясатқа жетіктігін танытқан, тәуелсіздіктің ал­ғашқы жыл­дарынан бастап қасымнан табылған нағыз патриот, жоғары білікті кәсіпқой тұлға Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты президенттік қызметке ұсын­дым» деген сөзін мысал ретінде келтіруге болады. Елбасымыз тәуелсіздіктің бірінші кү­нінен бастап барлық уақытта атқарылып келе жатқан игі істердің, жаңалықтардың, жасалып жатқан жақсылықтардың бәрі өскелең ұрпақ үшін, жастар үшін деп айтып жүреді. Шынында да, осы 30 жыл ішінде дүниеге келген жастардың өзі бүгінде саяси қыз­меттерде, басқару жүйелерінде, мәслихат­тарда, қоғамдық ұйымдар мен экономиканың барлық саласында белсенді еңбек етіп, еліміздің дамуына лайықты үлестерін қосып келеді. Осындай тұғыры берік тәуелсіздігіміздің көк туы қашанда биікте желбіреп, тату-тәтті өмір сүріп отырған, бірлігі жарасқан хал­қымыздың болашағы әрдайым жарқын бола беретініне кәміл сенеміз! Еліміз тыныш, жұртымыз аман, еге­мендігіміз баянды болғай!

Ерсұлтан БЕКТҰРҒАНОВ, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының арнайы жобалар қызметінің жетекшісі