Қызылорда кәсіпорындары «Алтын сапаның» иегері атанды
Қызылорда кәсіпорындары «Алтын сапаның» иегері атанды
317
оқылды
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында биз­нестің әлеуметтік жауапкершілігі «Парыз» республика­лық конкурсы мен ҚР Пре­зиденті­нің «Алтын сапа» сый­лығымен марапаттаудың 15-ші мерейтойлық рәсімі өтті.  Республикалық «Парыз» конкурсы «Үздік әлеуметтік жауапты кә­сіпорын», «Еңбекті қорғау сала­сындағы үздік кәсіпорын», «Үздік ұжымдық шарт», «Экологияға қос­қан үлесі үшін» 4 номинациядан және «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» арнайы жобадан тұрады. Номинациялар бойынша жеңім­паз­дарды анықтау үшін Еңбек министрлігімен арнайы жобаларды іріктеу өлшем шарттары (критерий) бекітілген. Әрбір номи­нация­ның өз іріктеу өлшем шарттары айқындалған және деңгейіне қарай ұпаймен есептеледі. Биылғы «Парыз» респуб­лика­лық конкурсына қатысуға Қызыл­орда облысынан 24 өтінім түскен. Байқау нәтижесімен «Еңбекті қорғау жөніндегі үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша қызыл­ордалық KAP Technology ЖШС «Парыз» сыйлығының күміс мүсі­ні­мен марапатталды. Жүлдегер KAP Technology ЖШС-ның негізгі қызметі – кәсіп­орынның бизнес-процестеріне за­ма­науи технологияларды енгізе отырып, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ холдингінің негізгі қыз­метін автоматтандыру, роботтандыру және цифрландыру. Серіктестік құрамында Нұр-Сұлтан, Алматы, Өскемен қалаларында және Таукент, Қыземшек, Шиелі елді мекендерінде орналасқан алты аумақтық бөлімше бар. Сондай-ақ іс-шара барысында ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын табыстау рәсімі өтті. Осы жылы конкурсқа қатысу үшін Қызыл­орда облысы атынан 4 кәсіпорын – «Абай Дәулет» ЖШС, «Алтын Орда» ЖШС, «МИР-2001» ЖШС және «Сана сезім» ЖШС өтінім берген болатын. Нәтиже­сінде «Абай Дәулет» ЖШС және «Алтын Орда» ЖШС «Алтын сапа» сыйлығының лауреаттары атанды. Қызылордалық «Абай-Дәулет» ЖШС «Азық-түлік тауарларын және/немесе ауыл­шаруашылық өнім шығаратын үздік кәсіп­орын» номинациясында үздік атанды. Ком­панияның директоры Мұрат Сәрсенбаевқа сыйлықты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов табыстады. Компания өз жұмысында Сапа менеджменті жүйесіне, Тамақ өнімдері қауіпсіздігі менеджментіне сәйкестік сертификаттарын бас­шылыққа алады және осы стан­дарттардың барлық сапалық талаптарын орындайды. SYR DANI брендімен күріш жармасы ел ішінде жоғары сұранысқа ие және Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Украина, Тәжікстан елдеріне экспортталады. Ал «Алтын орда» ЖШС «Ха­лық­қа арналған тауарларды шыға­ратын үздік кәсіпорын» номинациясында «Шағын кәсіпкерлік субъектісі» санатында жеңіске жетті. Компанияның директоры Рахымжан Ералиевке марапатты ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр табыстады. Аталған серіктестік – қарқынды дамып келе жатқан қазақстандық кәсіпорын, нарық­та «Ассоль» және Safia брендімен йодталған ас тұзын өндіруші ретінде танымал. Сондай-ақ компания Қызылорда қаласын­дағы қоймалық жылжымайтын мүліктің ірі меншік иесі. Кә­сіп­орын қызметінің негізгі бағыт­тарының қатарына ас тұзын өндіру және сату, көтерме және бөлшек сауда, үй-жайларды жалға беру қызметтері жатады. Айта кетейік, ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алуға арналған конкурс 2006 жылдан бастап жыл сайын өткізіледі. Сыйлық ұйымның өнімдер мен қызметтердің сапасы, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізгені, сондай-ақ ұйымның сапаны басқарудың жоғары тиімді әдістерін енгізгені үшін беріледі.

Қызылорда облысы