Атырауда малшы тапшы
Атырауда малшы тапшы
505
оқылды
Мал шаруашылығына дендеп көңіл бөлсек, сырттан келетін азық-түлікке тәуелділіктен сәл де болса арылар едік. Дегенмен осы саланың бүгінгі ахуалы жақсы емес. Мал түгілі мал бағатын адам табыла бермейді. Мұндай кадрдың жоқтығы осы саланы тұралатып тұрғаны анық. Ата кәсіптен неге алыстадық? Бүгінде ел экономикасын еселеп отырған сала – ауыл шаруашылығы, соның ішінде мал шаруашылығы екені даусыз. Алайда нарық заманы келіп, урбанизация үрдісі қарқын алғалы ауыл жұртының саны азайды. Ата кәсіптен қол үзу де осыдан басталды. Төрт түлікті ғасырлар бойы тіршілігіне басты таяныш етіп келген дәстүрге немқұрайлық басым. Атыраудағы «Мақаш» ӨК төрағасы Жеңіс Әбілқайыровтан мал шаруашылығындағы проблемалардың негізгісін атап өтуді сұрағанымызда, ең алдымен малшы кадрдың жоқтығын тілге тиек етті. «Мал шаруашылығы ешқашанда мұн­дай күрделі қиыншылыққа тап болмаған. Ешкімнің шопан болғысы келмейді. Бірінші қиындық – халықтың әлеуметтік жағ­дайы­ның төмендігі. Алыстағы мал өрісіне, қыстаққа бару үшін малшының жағдайы болуы керек. Ал бізде жол, су, газ, жарық жоқ. Екінші мәселе – малшының жала­қысы. Малшының еңбекақысы – 60-90 мың теңге.  Одан көп бергіміз келеді, бірақ шамамыз келмейді. Менің жеке пайымдауымша, 200 мың жалақы берсек те, малшы келмейді. Мал өнімдері өтпеген соң оған қонымды еңбекақы тауып беру оңайлыққа түспей тұр. Оған жалақы беру үшін қосымша саланы дамытпаса болмайды. Тек мал шаруашылығымен алға қарай жылжимын деу шындыққа жанаспайды. Біз Еділбай қойын көбейтумен айналысамыз. Бес жыл болды, малымыз азайып келеді. Қазір төлдейтін аналықтың саны 1 800-ден аспай қалды.   Бауырындағы қозыны бөлген мезгілде қатты қиналамыз. Оны бағатын малшы жоқ. Шаруашылық өсу жолына емес, өшу жағына кеткен. Қысқасы, бұл мәселені көп болып, кеңейтіліген мәжілістерде қозғамасақ, ертеңгі күні мал бағатын кісі қалмайды», – дейді Жеңіс Әбілқайыров. Жалпы, «Мақаш» ӨК-де 4 мыңға жуық қой бар. Оның 1 800 басы – аналық. 35 түйе, 40 сиыр, 10-15 жылқы тағы бар. Екі трактор бригада, бір құрылыс буыны бар. Еділбай қойының жүні мен терісін кәдеге жарата алмай отыр. Бұл да қосымша қаражат табу көзіне айналмай тұрғаны қынжылтады. Бұрын мал қала орталығындағы ет комбинатында сойылып, терісі бірден өңделуге жіберілетін. Ал қазір жапан далада көшіп жүрген малшының сойған малының терісін ауданға, одан орталыққа жеткізгенше 20 күн өтеді. Сосын еш пайдаға аспайды. Жүнін қырқу да – бір бейнет. Еділбай қойының жүні қылшықты жүн. Тапсыратын орын жоқ. Ол үшін бір жүйелі жұмыс істейтін цех қажет екен. Мал шаруашылығындағы тағы бір күр­делі мәселе – көктеу, күздік, жайлау мен қыс­тақ деген секілді көшіп жүру дәстүрі бұ­зылды. Бір орыннан қозғалмаған соң жайылым тозады. Мал шұбырынды болып, салдарынан жер эрозияға ұшырайды. «Көп жұмыс істеуіміз қажет. Себебі мал су ішетін құдықтарды түрлі техникалық құрылғылармен қазып, мотормен тартамыз. Ал бұл әдіс суды тез сарқады», – дейді Жеңіс Ғалижанұлы. Жуырда Сенатта «Ауыл шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері мен перспективалары» тақырыбы бойынша парламенттік тыңдау өтті. Ауыл шаруашылығы саласын дамытудың жолдары айтылған жиында жайылым тапшылығы мәселесін шешу, жеке қосалқы шаруашылықтар мен ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту, ветеринария және агробиотехнология салаларын жақсарту, азық-түлік тауарлары­ның бағасын реттеу және өзге проблемалар бар. Сенаттағы парламенттік тыңдауда Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қара­шөкеев жайылымдардың 20 пайыздан 60 пайызға дейінгі бөлігі тозған, ал жайылым­дық алқаптардың 42 пайызы  суландырудың жоғынан пайдаланылмай қалғанын айтты. Атыраулық мал шаруашылығы қожа­лығы иелерінің айтуынша, орта буынды малшылыққа дағдыландыруды ұйымдас­тыра алмауымыз жастардың ата кәсіпті қажетсінбеуіне жеткізді. Жастарды ауылға тарту үшін сала мамандары мен ғалымдар бірігіп әрекет етуі тиіс. Шағын кәсіппен айналысуға зор қолдау көрсетіліп жатыр. Сондай қаржыны жастардың мал өсіруіне, егін егуіне, сол бағытта мамандық алуына жұмсаған тиімді болары сөзсіз. Бұрын шопандарға мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп, еңбектегі жетістіктеріне қарай марапатталып отыратын. Қазір де соны қайта қолға алатын уақыт келді. Өйткені жастардың әлеуметтік жағдайы түзелмей, ата кәсіпке оралу қиын.

ТҮЙІН:

Төрт түлікті ғасырлар бойы тіршілігіне бас­ты таяныш етіп келген ата-бабаларымыз «Малды  жесең – ас, кисең – киім, саудада қар­жы» деп текке айтпаған. Сондықтан халық арасында мал шаруашылығына деген ынта керек. Мемлекеттен қарапайым шаруаға жан-жақты қолдау қажет. Қазір мемлекет тарапынан қолдау тек қана мал басына берілетін субсидиямен шектеліп тұр. Оны алудың өзі қиямет-қайым. Мұның барлығы мал шаруашылығының ілгерілеуіне қолбайлау болып тұр. Халықтың 40 пайыздан астамы ауылда тұрған уақытта мал шаруа­шылығына басымдық берілмесе, ауылда адам мен төрт түлік тұяғы қалмас.

Атырау  облысы