«Моноқалалар – Тәуелсіз Қазақстанға» челленджі жалғасып жатыр
«Моноқалалар – Тәуелсіз Қазақстанға» челленджі жалғасып жатыр
Фото: yandex.kz
193
оқылды

Қарағанды облысы Саран қаласының әкімі Ержан Темірханов ел егемендігінің 30 жылдығына орай «Моноқалалар – Тәуелсіз Қазақстанға» челленджін бастаған болатын.

Челлендждің негізгі мақсаты – моноқалалардың Қазақстанның дамуына қосқан үлесін көрсету.
«Біздің еліміздің қалыптасуы әр өңірден қалыптасып келеді. Даму процесінің мызғымас тірегі – бұл өзінің ірі кәсіпорындары бар моноқалалар. Алайда, моноқалалар кәсіпорындар қаласы ғана емес, сонымен қатар шағын және орта бизнес ортасы екенін ұмытпау керек. Ал ең бастысы – бұл тұрғындар, еліміздің патриоттары, бұл болашақты бүгіннен бастап, елімізді дамытатын қазақстандықтардың жаңа ұрпағы», дейді Ержан Темірханов.
Саран қаласы челленджді іске қосып, көмір өндірісін, автобус өндірісін, шина, кабель өнімдері, бетон бұйымдары, тігін өндірістерін көрсетті.   Челленджді Шахтинск, Сәтпаев, Балқаш, Теміртау, Қаражал, Жезқазған, Степногорск, Курчатов, Лисаков, Жітіқара қалалары қолдады. Барлық қалалар тау-кен және ауыр өнеркәсіптен бастап, ауыл шаруашылығы мен жергілікті кәсіпорындарға дейін өз өндірістерін көрсетті. Эстафета белсенді түрде жалғасуда, оған күн сайын өзге де моноқалалар қосылып жатыр.

Қазақстанда 1,4 миллионға жуық адам тұратын 27 моноқала бар. Моноқалалар өнеркәсіп өнімінің 40%-ға жуығын өндіреді. Саран – Қарағанды облысындағы моноқала. 43 мыңнан астам халқы бар. Көпшілігі көмір шахтасында жұмыс істейді.