«Тарихи таңдау. Тәуелсіздік дәуірі» көрмесі ашылды
«Тарихи таңдау. Тәуелсіздік дәуірі» көрмесі ашылды
295
оқылды
Бүгін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейінде «Тарихи таңдау. Тәуелсіздік дәуірі» көрмесі ашылды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған шара Елбасы кітапханасының «Тарихи таңдау» ғылыми экспозициялық жобасы аясында ұйымдастырылды. Іс-шараны Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат ашты:
«Тәуелсіз Қазақстанның келбетін өзгертіп, мұрасының ажырамас бөлігін құраған Елбасының мемлекет саясатына қосқан басты және даусыз үлесі  заманауи мемлекетті құруында. Егемен елдің негізгі белестері, атап айтқанда, шекаралардың халықаралық-құқықтық ресімделуі, ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің тиімді үлгісінің құрылуы, Семей полигонының жабылуы, қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің ұшырылуы, т.б. – бәрі де бүгінгі көрмеде көрініс тапқан», – деп Б.Темірболат жиналғандарды келе жатқан Тәуелсіздік мерейтойымен құттықтады.
 width= Президенттік институт мемлекеттік басқарудың жаңа жүйесіндегі өзекке айналды. Көрме экспозициясында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығының тарихы осы демократиялық билік вертикалінің қалыптасуы мен жетілдірілуі аясында берілген. Мемлекеттіліктің қалыптасу, тәуелсіздік алу процестері және Қазақстанның даму перспективалары «Тарихи таңдау. Тәуелсіздік дәуірі».
«Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуында алғашқы жылдар оңайға соққан жоқ. Сол кезеңде Елбасының қасында болған азаматтар күш-жігерін аямай бірге адал еңбек етті. Олар сыртқы және ішкі саясатты, әлеуметтік-саяси сана мен қоғамның дамуының «сәулетін» құрады. Біз ядролық қарудан бас тарттық. Бұл істің келіссөздер кезінде қалай қиынға соққаны есімде... Бәрі де Елбасының, халық бірлігінің арқасында жүзеге асты. Халық бірлігі – Тәуелсіздігіміздің шешуші факторы», – деді Қазақстан Республикасының мемлекет қайраткері, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов.
 width= Осы орайда «Бата» кадры тарихи мазмұнына байланысты кеңінен тараған болатын. 1991 жылы Алматыдағы Республика сарайында Қазақстан Республикасы Президентінің қызметке ресми кірісуіне орай өткен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі он екінші шақырылымының салтанатты отырысынан кейін Шәкір Әбенов есімді ақсақал Н.Ә. Назарбаевқа ақ батасын берген болатын. Бұл бірегей кадрлардың авторы – режиссер Оралбек Сарыбасов. Бүгін ол «Бата» деректі фильмінің түпнұсқасын Елбасы кітапханасына сыйға тартты. Берілген материал болашақ ғылыми-экспозициялық жобаларда пайдаланылмақ.
«Біз тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарындағы маңызды сәттерді түсіріп, сақтап қалуға тырыстық. Тарихымыздағы шешуші сәттерді, атап айтқанда, Елбасының ұлықтау рәсімі мен ант беруін түсіре алғанымызға қуаныштымын. Өкініштісі, ант қабылдау кезінде бейнеге дыбыс жазылмай қалыпты. Алайда бұл үзіндіні Қазақ радиосынан тауып, бейненің үстінен қайта жазып шықтым. Сол кезеңнің техникалық шектеулеріне байланысты түрлі таспаларға жазылған бейне мен дыбыс көп жағдайда жылдамдығы жағынан сәйкес келмейтін. Бірақ біздің материалға бәрі нақ сәйкес келді», – деп Оралбек Сарыбасов қуанышымен бөлісті.
«Тарихи таңдау. Тәуелсіздік дәуірі»  көрмесі екі тақырыптық бөлімнен тұрады: «Жаңа мемлекеттілікті құру» – жаңа қазақстандық мемлекеттіліктің қалыптасуынан сыр шертетін тарихи материалдардың кешені. «Тәуелсіз мемлекеттің стратегиялары» – Қазақстанның жаңа геосаяси координаттар жүйесінде қалыптасу тарихын, ішкі саяси тұрақтылықты, аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған Елбасы бастамаларынан сыр шертетін материалдардың кешені.  width= «Тарихи таңдау. Тәуелсіздік дәуірі» көрмесі 2022 жылғы 28 қаңтарға дейін жалғасады.