"Конституцияның адам мен азаматтың құқықтары және бостандықтарын қамтамасыз етудегі рөлі" тақырыбында дөңгелек үстел өтті
"Конституцияның адам мен азаматтың құқықтары және бостандықтарын қамтамасыз етудегі рөлі" тақырыбында дөңгелек үстел өтті
138
оқылды
Елімізде "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл – бұл адамдар үшін жасампаздық уақыты" басты идеясы белгісімен өтіп жатқан іс-шаралар мен жобаларды іске асыру шеңберінде Адам құқықтары күніне және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған "Қазақстан Республикасы Конституциясының адам мен азаматтың құқықтары және бостандықтарын қамтамасыз етудегі рөлі" тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Форумды Конституциялық Кеңес, Республика Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Сорбонна-Қазақстан институты ұйымдастырды. Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қ. Мәми құттықтау сөз сөйледі, онда ол БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы жеке адам құқықтарының халықаралық негізіне айналғанын және ұлттық Конституциялардың мазмұнына әсер еткенін атап өтті. Тәуелсіздік және адам құқықтары мызғымас конституциялық құндылықтар болып табылады. Адам құқықтарын қорғау саласындағы негізгі қадамдар оларды жүзеге асыру үшін жағдай жасаған қолданыстағы Конституцияға сәйкес жүзеге асырылды деді спикер. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы И.Рогов және Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Е. Сыдықов құттықтау сөздерін сөйледі. Форум барысында з.ғ.д., профессор Қ. Мәмидің редакциясымен жарыққа шыққан "Қазақстан Республикасының конституциялық құқығы" атты 2 томдық академиялық курстың тұсаукесері болды. Басылымды таныстыра отырып, Қ. Мәми оның Республика Тәуелсіздігінің отыз жылдығы дәуірлік датасына арналған сыйлық ретінде дайындалғанын атап өтті. Оның маңыздылығы Негізгі Заңға деген құрметпен, конституционализм идеялары мен қағидаларына адалдықпен анықталады.
"Бұл академиялық курс Тәуелсіз Қазақстанның жаңа конституциялық құқығының эволюциясын қорытады. Оқулықта Мемлекеттік Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде жинақталған конституциялық заңдылықты дәйекті түрде нығайту тәжірибесі барынша қамтылды", – деп қорытындылады сөзін Конституциялық Кеңестің Төрағасы.
Академиялық курстың авторлық ұжымын Конституциялық Кеңестің мүшелері, Қазақстанның жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелерінің белгілі конституционалист-ғалымдары құрайды. Дөңгелек үстел аясында Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың конституциялық негіздері мен кепілдіктері, құқық үстемдігі және азаматтық қоғам мәселелері талқыланды. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры Н.Дулатбеков, Д.Қонаев атындағы Еуразия заң академиясының ректоры Ө.Жалаири, М.С.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университеті ректоры Т.Нәрікбаев, Қазақстан Республикасы Заң ғылымдары академиясының академигі Е.Әбдірәсілов, Еуропалық құқық және адам құқықтары сараптамалық институтының директоры М.Бәшімов баяндама жасады.