Шымкент қаласының әкімі тергеу кезінде көз жұмған адамға қатысты пікір білдірді
Шымкент қаласының әкімі тергеу кезінде көз жұмған адамға қатысты пікір білдірді
Фото: Sputnik / Владимир Песня
232
оқылды
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов полиция департаменті ғимаратында жауап алу кезінде көз жұмған ер адамның өліміне қатысты пікір білдірді.  Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер Шымкент әкімінен оқиғаның мән-жайы туралы сұрады.
"Өкінішке қарай, осындай факт тіркелді. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ішкі істер министрлігі арнайы комиссия жіберді. Қазір тергеу жүріп жатыр. Бүгін мәйітті сойып тексереді. Оның өліміне не себеп болғаны тергеу қорытындысы бойынша анықталады", - деді Әйтенов.
Әкімінің айтуынша, тергеуге жеткізілген адам жауап алу кезінде өзін нашар сезінген. Қызметкерлер бірден жедел жәрдем шақырған, бірақ ол дәрігерлер келгенше қайтыс болған. Бұған дейін Шымкент аумағында бірнеше қымбат шетел автокөлігін айдап кету қылмысы бойынша күдікті ретінде жеткізілген 1990 жылы туылған азамат жауап алу барысында көз жұмғанын жазған болатынбыз.