Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Өтінімді жоғары оқу орындарының виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы беру керек. Бұған дейін министрлік енді үміткерлер жылына екі рет магистратура мен докторантураға құжат тапсыра алады деген шешім қабылдаған болатын.
Тестті сәтті тапсырған үміткерлер жазғы қабылдау нәтижелері бойынша тағайындалмаған гранттарды жеңіп ала алады. Магистратурада оқуға арналған білім беру гранттары кешенді тестілеу нәтижелеріне сәйкес конкурстық негізде беріледі, – деп атап өтті жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша және ақылы негізде ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін шекті балл – 75, бейінді магистратураға түсу үшін 50 балды құрайды. Құжаттарды тапсыру кезінде оқуға түсушілер білім беру бағдарламаларының бір тобын және үш жоғары оқу орнын көрсетеді. Магистратураға білім беру грантын тағайындау конкурсы биыл 15-22 желтоқсан аралығында, оқуға қабылдау 2021 жылғы 26 желтоқсан мен 2022 жылғы 10 қаңтар аралығында өтеді. Білім беру бағдарламаларының топтары бөлінісінде білім беру гранттарының саны туралы толық ақпарат ұлттық тестілеу орталығының сайтында орналастырылған.